Дүйсенбі, 01 Желтоқсан 2025 11:53

Түркістанда «Адал азамат – әділетті қоғам кепілі» атты жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әділетті Қазақстанды құру жолында әрбір азаматтың адал болуы – қоғамның дамуындағы басты шарт екенін атап өткен болатын. Осы орайда, таяуда Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Адал азамат – әділетті қоғам кепілі» атты жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті.

Форумға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жиын жас мемлекеттік қызметшілерге арналған өте әсерлі қойылыммен басталды. Форумға арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев сөз сөйлеп, адал қызмет пен жоғару жауапкершілік мемлекеттік басқару жүйесінің тетігі екенін атап өтті. Олар жастарды парасаттылық пен әділет қағидаттарын ұстануға шақырды.

– Жас мемлекеттік қызметшілер форумы – жастық жалын мен жаңа идеялар тоғысқан үлкен алаң! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елге аянбай еңбек ететін, өзін үнемі жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет» деген сөзі бар. Сондықтан бүгінгі форум сіздерге серпін береді деп сенемін. Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 7 жыл болды. Осы аз уақытта облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылды. Оған жас мемлекеттік қызметшілер үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде облыс аумағында 3 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер еңбек етсе, оның ішінде жастардың саны жыл сайын артып отыр. 2 аудан-қалада жастар әкім болып, жемісті еңбек етуде. Өңірлік кадр резервшілері арасынан 17 жас маман мемлекеттік қызметке қабылданды. Биыл мемлекеттік қызметтегі 858 бос орынға 1 437 үміткер қатысты. Оның ішінде 307 жас маман жұмысқа қабылданып, меритократия деңгейі 21,4%-ды құрады. Қазір Түркістан тек рухани орталық қана емес, жастардың, инновацияның, технологияның қаласына айналып келеді, – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.

Форумға қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға зияны және адалдық құндылығына арналған бейнероликті тамашалады. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев жүргізді. Маңызды жиында Мемлекеттік қызмет саласындағы «Astana Hub» басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жұмыстарды ілгерілету мәселелері сөз болды.

Білікті спикерлер адал азаматтардың көп болуы – еліміздің өркендеуінің негізгі кепілі екенін айтып, мемлекеттік қызметшінің ар-ожданы жоғары болса, мемлекет дамитынын атап өтті. Сондай-ақ жастар арасында адалдық мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыру керектігін жеткізді. Келелі басқосуда әділдік пен адалдық құндылықтарын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Әр адам өмір жолында дұрыс пен бұрысты, адалдық пен арамдықты таңдау сәтіне тап болады. Осы таңдаулар адамның кім екенін көрсетеді. Адал адам дегеніміз - өз ісінде әділ, сөзіне берік, шындықты ту ететін, елінің мүддесін өз пайдасынан жоғары қоя білетін тұлға. Қазақ халқында «Адалдық – адамның ең бағалы қасиеті» деген нақыл бар. Шынында да адалдық – адамгершіліктің негізі. Адал азамат тек заңға ғана емес, ең алдымен, ар-ұятына бағынады. Ол өтірік айтпайды, ұрлық жасамайды, ешкімге қиянат келтірмейді. Мұндай адамға халық сенім артады, ел құрметтейді. Тарихқа көз жүгіртсек, ұлтымыздың адал азаматтарының бірі – Абай Құнанбайұлы. Ол шындықты ашық айтып, қараңғылықпен күресті, елінің рухани толысуына жол ашты.

Қазіргі заманда да адал азамат болу - қоғамға үлгі көрсету. Мысалы, мұғалімдердің адалдығы – білім беру сапасының кепілі. Дәрігердің адалдығы – адамның өмірі үшін маңызды. Мемлекеттік қызметкердің адалдығы  елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатына әсер етеді. Ал жас буынның адалдығы қарапайым істерден бастау алады. Сабақта шыншыл, досқа адал болу, үлкенге  көмектесу – осының бәрі үлкен адалдықтың бастауы. Адал азамат болу – бір күндік емес, өмір бойы сақталатын қасиет. Қиын сәтте де тура жолдан таймай, әділетсіздікке қарсы тұру – нағыз ерліктің белгісі. Бұл – өз болашағыңа, ұлтыңа, ата-бабаңның аманатына деген адалдық.

Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүд­десіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осыны айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз», – деген еді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет