Сенбі, 29 Қараша 2025 10:27

Түркістан: облыс әкімі шетелдік инвесторларға Түркістанның мәдени мұрасын таныстырды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров таяуда өткен халықаралық инвестициялық форумға келген шетелдік инвесторларға өңірдің тарихи-мәдени нысандарын таныстырды. Делегация сапарын қазақ руханиятының жауһары – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, киелі қаланың тарихымен кеңінен танысты.

Содан кейін меймандар «Этноауыл» кешеніне барып, ұлттық дәстүр, қолөнер және халықтық өнердің ерекшеліктерін тамашалады. Дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнерін ұсынып, жас спортшылар бөрене көтеру, қазақ күресі, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыс көрсетті. «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі мен «Жаңа леп» тобының орындаушылық шеберлігі қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Алпауыт компания басшылары Түркістанның мәдени әлеуетін, туристік мүмкіндіктерін және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеді.

Сапар барысында делегация қолөнершілер орталығында болып, жергілікті шеберлер жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдармен танысты. Инвесторлар өңірдің қолөнер саласына деген әлеуетін жоғары бағалады. Айта кетейік, Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға әлемдік компаниялардың өкілдері қатысты. Форум аясында өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін бірнеше жоба бойынша ынтымақтастық меморандумдары жасалып, оларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды. Халықаралық форумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды арттыру және әртүрлі бағыттағы өндіріс орындарын дамыту.

Түркістан қаласында өткен осынау «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кезекті рет кездесу өткізді. Кездесуге Қытайдың ірі компаниялардың өкілдері қатысып, оларға өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Әкім инвесторларға Түркістан облысының стратегиялық артықшылықтарын, инфрақұрылымдық дамуын және бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.

– Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету аясында біз өңіріміздің өндіріс саласына шетел компанияларының қатысуын арттыруды жоспарлап отырмыз. Сіздер, Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропаны жалғайтын транзиттік дәліздің стратегиялық қиылысында орналасқан Түркістан облысына инвестиция құю арқылы үлкен нарыққа жол ашасыздар. Облысымызда индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар бар. Өндірісті дамытып, жаңа зауыттар ашуға қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.

Инвесторлар күн және су электр станциясын салу, көлік-логистикалық сала, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, туризм бағыттары бойынша ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге дайын жобалар болса, қаржы салуға да дайын екенін жеткізген компаниялар да болды. Кездесуде облыста жүзеге асып жатқан жобаларға қатысты мәселелер де тыңдалып, инфрақұрылымға қатысты түйткілдерді шешу бойынша тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Сондай-ақ, осы «TIITF-2025» форумы аясында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бірқатар инвесторлармен жеке кездесулер өткізіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған арнайы жобаларды таныстырды. Кездесулер барысында туризм инфрақұрылымын дамыту, жаңа туристік нысандар ашу, сервис сапасын жақсарту және экотуризм бағыттарын кеңейту бойынша ұсыныстар қарастырылды. Инвесторлар Төлеби өңірінің табиғи байлығы, қолайлы климаты мен географиялық артықшылықтарын атап өтіп, бірлескен жобаларға қызығушылық білдірді.

Аудан әкімі туризм саласын дамытудың аудан экономикасы үшін маңызын ерекше атап өтіп, жаңа жобалар жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық ахуалды нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Форум аясындағы келіссөздер ауданның туристік саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты бастамаларды іске асыруға жол ашпақ.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 102 рет