Бейсенбі, 27 Қараша 2025 21:27

Түркістан облысында мемлекеттік қызметкерлер арасында жастардың қатары артып келеді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Республика жастары: Болашаққа бағдар – елге қызмет» атты жастар форумы өтті. Шараның мақсаты – жастарды еңбексүйгіштікке баулу және кәсіби бағыт-бағдар бере отырып, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру.

Форумға спикер ретінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратова және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Бекежан Мырзабаев қатысты.

Форумда алғашқы сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев: – Қасиетті Түркістан төрінде еліміздің болашағын айқындайтын ең үлкен құндылық – жастық жігер мен ұлт рухын біріктірген маңызды форумда бас қосып отырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесінде жастардың үлесі мен белсенділігі ерекше маңызға ие. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жастардың әлеуетін арттыру – ел дамуының басты кепілі» деп атап өткен болатын. Шынында да, жастар – қоғамның ең сергек, ең жаңашыл бөлігі. Олар заманауи технологияларды, жаңа басқару тәсілдерін игерген, білімге құштар және мемлекетке қызмет етуге дайын буын. Сондай ақ мемлекеттік қызметтегі жастар – елдің дамуына серпін беретін стратегиялық ресурс, – деді. Шара барысында 2025-2026 оқу жылында Департамент жанындағы «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебіне қабылданушы студенттерге арнайы белгішелер табысталды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысында 3457 мемлекеттік қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде жастардың үлесі тұрақты артып келеді.

Түркістан облысы – еліміздің ең жас және қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Бұл аймақта жастардың үлесі айтарлықтай жоғары, сондықтан олардың рөлі мен әлеуетін дамыту аймақтың болашағы үшін аса маңызды. Қазіргі таңда жастардың білімі, мәдениеті, шығармашылығы мен кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері өңірдің алға басуына үлкен ықпал етуде. Түркістанның жастары – өңірдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының басты қозғаушы күші. Олар білім алып, жаңа технологияларды меңгеріп, кәсіп ашып қана қоймай, қоғамдық-саяси өмірге де белсенді араласып келеді. Түркістанда жастар ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру және мәдениет салаларында айтарлықтай үлес қосып, өңірдің өркендеуіне қызмет етуде.

Мемлекет жастарды қолдауға ерекше назар аударып, олардың дамуына жағдай жасауда. Түркістанда жас буынды қолдауға арналған бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында университет немесе колледж түлектері тәжірибе жинақтап, өз саласында жұмыс істеуге мүмкіндік алуда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдық жерлерде білім беру, медицина және ауыл шаруашылығы салаларына жас мамандарды тартуға арналған. Бұл бағдарлама бойынша жастарға баспана және қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Түркістан облысында жас кәсіпкерлерге арналған гранттар мен қолдау қаржылары беріледі. Жастардың инновациялық жобаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олардың бизнесін дамытуға жағдай жасалуда.

Түркістан – еліміздің рухани астанасы және туристік орталығы болғандықтан, туризм саласында жастардың белсенділігі жоғары. Қалада гид, мейрамхана менеджері, туризм нұсқаушысы секілді жаңа мамандықтарды меңгерген жастар көбейіп келеді. Сонымен қатар, ұлттық мәдениетті дәріптеу мақсатында көптеген жастар кәдесыйлар өндіру және дәстүрлі қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждер заманауи технологияларға бағытталған білім беруге ерекше көңіл бөлуде. Түркістан халықаралық университетінде жастар IT-технология, инженерия, медицина және туризм сияқты салаларда білім алып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, жастар арасында стартап мәдениеті қалыптасып, инновациялық жобаларды жүзеге асыру белсенді дамып жатыр.

Түркістан жастарының бос уақытын тиімді өткізуі үшін көптеген мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Жыл сайынғы жастар фестивальдері, шығармашылық байқаулар, спорттық нысандарда жарыстар мен турнирлер, Ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптейтін үйірмелер жұмыс істеп тұр. Жастар арасында еріктілер қозғалысы үлкен танымалдылыққа ие. Еріктілер Түркістандағы экологиялық акцияларға, қайырымдылық шараларына және туризмді насихаттауға белсенді қатысады. Сонымен қатар, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған шараларда жастардың белсенділігі байқалады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 105 рет