Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Ауданда ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген мемлекеттік қызметшілер аз емес. Олар өз еңбектеріне қарай әртүрлі марапаттарға ие болып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет ету, өзгелерге үлгі болу. Мен өз әріптестерімнің осы талап деңгейінен көрінетіндеріне сенемін»,- деді.Шара барысында қызметте жақсы жетістіктерге жетіп, жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып келе жатқан бірқатар мемлекеттік қызметшілерге Түркістан облысы әкімінің Грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, аудан әкімінің Алғыс хатына да бірқатар мемлекеттік қызметшілер ие болды.
Айта кетейік, ҚР Президент Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіле бастады. Мемлекеттік басқару саласында адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру бағытында елеулі өзгерістер орын алуда. Былтыр 2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Мемлекеттік қызметші — мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Оның ар — ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерін заң шеңберінде шешуі талап етіледі.
Мемлекеттік қызмет үшін имидждің функционалдық және мәртебелік мәні бар. Ол халықтың оған деген сенімінің көрсеткіші және мемлекет жүргізіп отырған басқару қызметтерін қайта құрудың тиімділігін қоғаммен бағалануының өлшемі болып табылады. Ол мемлекеттік органдар әрекеттерінің нақты әлеуметтік топтар мен жалпы қоғамның талаптарына және күтімдеріне сәйкестігінің дәрежесін бекітеді. Осының салдарынан, имидж азаматтардың мемлекеттік билік органдарына қатынасы бойынша мінезінің болашағын айтарлықтай шамада төмендетеді, мемлекеттік қызметті және оны қалыптастыру бағдарламасын қоғамдық қолдау дәрежесін анықтайды.
Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру осы әлеуметтік институттың тиіді қызмет етуіне және дамуына қажетті жағдай, сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметтерінің және мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға арналған жағдай болып табылады. Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекеттің тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігі мен моралдықэтикалық келбетіне үлкен талаптар қойылады.
Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі, мамандардың жан-жақтылығы аса маңызды екендігін көрсетіп келеді. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, оларға артылатын жүк те, сенім де қазір күшейіп келеді.
Мемлекеттік қызметте, негізінен, азаматтардың білімі мен біліктілігі өте маңызды рөлге ие. Себебі жан-жақты, білімді, жауапкершілігі мол қызметші өз жұмысын тиянақты жасап қана қоймай, тұрғындар тарапынан болған сыни көзқарастарға, ұсыныс-талаптарға сауатты әрі нақты жауап бере алады. Алдымен қызметшілер заңды жақсы білуі керек.
Мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы, қызметкердің ел алдындағы жауапкершілігі мұның барлығы билік дәлізіне аяқ басқан адамға қажет — ақ. Бұл ретте мемлекеттік қызметтің Б корпусына енген әрбір маман алдымен мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезіне білуі қажет. Жалпы мемлекеттік қызметтің барған сайын мәртебесі өсіп, жауапкершілігі арта беретін болады. Өйткені, кез келген мемлекеттік қызметшінің алдына барған адам мәселесінің тезірек шешілуін талап етеді. Сондай-ақ үлкен үмітпен келеді.
Бірақ қабылдаудағы адам мұны түсіне бермейді. Жедел шешімін табатын да, ұзақ уақыттан кейін шешілетін де мәселе бар. Осындай сәтте мемлекеттік қызметшілер келушіні сыпайы қабылдап, жағдайды барынша түсіндіруі керек. Сонда ғана келген адам оның парасаты мен өзін-өзі ұстау мәдениетіне ризашылықпен қарайтын болады. Мұндай қабылдау дәл қазіргідей жағдайда әркімге де өте қажет. Өйткені өзі шеше алмаған қордаланған проблемаларды алға тартып, шеше алмай жүрген мәселесін тез арада шешу оңайға соқпайды. Сондықтан бұл жерде кәсіби біліктілік пен жауапкершілікке, сыпайы қабылдауға байланысты. Оның үстіне кез келген мамандық иесінен мемлекеттік қызметкердің дәрежесі мен мәртебесі жоғары тұрады.
Мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндет — халықтың сенімін ақтап, Отанға қалтқысыз қызмет ету. Сонда ғана еліміз дамыған елдердің қатарына енеді, жастарымыз бәсекеге қабілетті болады. Қазіргі мемлекеттік қызметшілер оны түсініп, өз ісіне барынша жауапкершілікпен қараулары керек. Егер мақсатқа жетуді бүгіннен бастасақ, ел ертеңі жарқын болмақ!
Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кірген кезде өзінің мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға дайын екендігі туралы ант қабылдайды. Мемлекеттік қызмет қоғам мүддесіне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды нығайтуға ықпал етуге міндеттейді.Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Рухани мәдениет пен білім, алған тәрбие адамның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде оның іс-әрекетіне ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметші азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы керек және жүктелген міндеттемелерді адал орындауды өз міндеті деп санауы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға және басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде: меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге тиіс.
Сондықтан, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі - қызметкердің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың алдын-алу жұмыстан тыс кезде заң бұзушылықтарға жол бермеу болып саналады. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану деген алты қағидатқа негізделеді.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметишілерге олардың қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмауға міндетті. Оның парасаттылық және адалдық сияқты тәртіптік әдеп стандарттарын сақтай отырып өз ұйымының беделін түсірмеуі қажет екендігін көрсететін әрекеттері, қылықтары және жүрісі мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмеуі, үлгілі мінез-құлқы-ізеттілік пен адалдықтың маңызды көрінісі болып саналады. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын сақтап, оны мүлтіксіз орындау әрбір қызметкердің қоғамдағы жауапкершілігі мен міндеті болып табылады.
Қызметтік әдеп стандарттарының бірі - қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну. Құмар ойындарға шамадан тыс әуестік мемлекеттік қызметшілерді басқа заңсыз табыс көздерін (сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беру және басқа да оңай ақша табуға бағытталған әрекеттерге бару) іздеуге итермелеуі мүмкін. Мемлекет басшысының 2023 жылғы 2 қарашадағы №396 Жарлығымен Әдеп кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес мемлекетік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне баруға тыйым салынды.
Ата-бабаларымыз ар-абыройды баға жетпес құндылыққа балаған. «Пайда ойлама, ар ойла», «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық...» деп ұлы Абай атамыз айтып кеткендей, адам үшін ар-ұждан бәрінен қымбат, бәрінен биік. Хакім Абайдың ақыл сөздерін әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдыруға тиіс.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат