– Ең алдымен шежірелі Созақ өлкесінің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары екенін айтқым келеді. Себебі Қаратау баурайы пайдалы қазбаға бай. Ел көлемінде уран өндірісі бойынша көш керуенін созақтық тұрғындар, өздеріңіз бастап тұрсыздар. Ауданның дамуы жолында бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек. Бүгінде Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, аудан, қала тұрғындарымен жүздесулер ұдайы өткізіліп, мәселелерді шешу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сондықтан көкейтесті мәселелерді ашық айтып белсенді болуға шақырамын. Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен ауданға қарасты 5 елді мекенде жалпы саны 12 жоба іске асқан. Оның ішінде 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шолаққорған ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, биыл ел игілігіне беру жоспарда бар. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында биыл 25 маманға 9,8 млн.теңгеге бірреттік көтерме жәрдемақы берілсе, 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 76,6 млн.теңге беру жоспарлануда. Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім байқалады. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 15,3 пайызға өскен. Өнеркәсіп саласы бойынша өнім 15,8 пайызға артқан. Созақта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, салаларында оң нәтиже бар. Ауданға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 240,4 млрд. теңгені құрады. Ауданның кезекті даму көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары атқарылған. Алайда жоспарды толық орындамаған ауылдар да жоқ емес. Бұл бойынша жергілікті ауыл әкімдері жүйелі жұмыс жүргізу тиіс. Кемшіліктер де аз емес, аталған түйткілдер шешілмесе өлкенің дамуына кері әсерін тигізеді. Сол себепті мен жауаптыларға айтылған мәселелер төңірегінде тиянақты жұмыс жүргізуді міндеттеймін. Шолаққорған ауылында 900 орынға шақталған «Жайлы мектеп» салынуда. Білім ошағын биыл мамыр айында пайдалануға беру көзделуде. Жоба құны 6,7 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы биыл маусым айында аяқталып, ел игілігіне беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 жоба іске асып, жалпы 12 көше орташа жөндеуден өтуі үшін тиісті қаржы қаралды. Бүгінгі күннің ауқымды мәселесі «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы атқарылуда. Бұл – уақытша науқан емес. Аталған маңызды жоба жыл бойы өз жалғасын табады. Сондықтан тұрғылықты мекенімізді таза ұстау негізі міндет деп білемін. Жергілікті тұрғындарды тазалық шаралары мен көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын. Бүгін тұрғындар көтерген мәселелер бюджетке сәйкес кезең-кезеңімен орындалады, – деген Нұралхан Көшеров мамандарға ауданның әлеуетін көтеру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Мәжілісте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар легімен бөлісті. Өткен жылы аудан аумағын абаттандыру мақсатында «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы ұйымдастырылып, Жартытөбе ауылдық округі жүлделі 3-орынға жайғасты. Нәтижесінде мұнда streetworkout балалар алаңының құрылысы басталып, биыл мамыр айында пайдалануға берілмек.
Кездесуден соң Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Айтылған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Жалпы, бүгінгі таңда Созақ ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлік нысандардың саны күн сайын арта түсуде. Аудан көлемінде былтыр жыл басынан бері 75 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 593-ке жетті. 6853 адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті кәсіпкелермен жиі кездесіп, пікір алмасып тұрады.
Ендігі жерде ауданда жаңадан кәсіп бастаған кәсіпкерлер туралы айта кетсек. Созақ ауылында өз жұмысын жаңадан бастаған «ИП Әлібеков» жиһаз шығаратын цехтың жұмыс істеп тұр. Еске сала кетсек, бұл жобаны жеке кәсіпкер Әлібеков Жәдігер аудан басшысымен бірге Қытай Халық Республикасына жасаған сапарында қолға алып, жаңа технологияларды игеруде тәжірибе жинақтаған. Бүгінде Қытай Халық Республикасынан жұмысқа қажетті станоктардың бірнеше түрін алдырып, өз кәсібін бастады. Жергілікті 5 азамат жұмыспен қамтылып, алдағы уақытта сұранысқа сай жұмысшылар санын артыру көзделуде.
Сонымен қатар, Созақ ауданында"Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған «Елжан» тігін цехы бар. Созақ ауылының тұрғыны Джамила Айдарбекқызы жеке кәсіпкерлігі атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыруға 5 200 000 теңге 2,5% несиеге қол жеткізген. Кәсіпкер қол жеткізген несиеге заманауиүлгідегі тігін құралдарын алып, нәсібін ұлғайтуда. Тігін цехында 2 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта сұраныстың артқанын айтып, жұмысшылар санын 10-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
- Ең алғаш бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға тарта басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс жасадым. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманау үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын,-дейді кәсіп иесі.
«Ауыл аманаты» жобасы демекші, жобаның 1-ші бағыты – өсімдік шаруашылығы, 2-ші бағыты – мал шаруашылығы, 3-ші бағыты – құс шаруашылығы, 4-ші бағыты – балық шаруашылығы, 5-ші бағыты – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау, 6-шы бағыты – өз кәсібін ашу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Пилоттық жобаға алдыңғы жылы 221 азамат құжат өткізген болатын. Оның ішінде 173 азаматтың құжаты 924 миллион 310 мың теңгеге мақұлданып, 125 азаматқа 647 миллион 510 мың теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Ерекше атап өтерлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 миллион 650 мың теңгеге несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік алды.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығыныңбасшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.
Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр. Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.
Тағы бір айта кетерлігі, аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазу жұмыстарын жүргізуде.
20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805,160 миллион теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.
Естеріңізде болса, «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» — деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Созақ ауылының іргесіндегі «Болыс ата» шаруа қожалығы бар. Қожалық төрағасы Шәріпжан Рысметов көкөніс, бақша және жоңышқа дақылдарын егеді. Өнімінің көлемі мен онда орнатылған жаңбырлатып суғару қондырғысының тиімділігіне айрықша тоқталып өтуді қажет етеді. Былтыр «Болыс ата» шаруа қожалығы 15 гектар аумаққа жүгері, қауын-қарбыз, картошка, асқабақ, жоңышқа сынды дақылдарды өсірді. Өнімінің алғашқы бөлігін сатылымға шығарып, халыққа қол жетімді бағада ұсынды. Айта кетейік, былтыр Созақ ауылдық округінің өзінде жалпы егілген егіс көлемі 2459 гектарды, бау-бақша өнімдері 69,88 гектар аумақты құрады.
Созақ ауданында сонымен қатар тауарлы балық өндірісі де қарқынды түрде дамып келе жатыр. Бүгінде Созақ ауданында тауарлы балық өндірумен 8 шаруашылық айналысады. «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Нұрахмет Қазақбаевтың айтуынша, 2015 жылдан бері өз жұмысын бастаған «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 180 тонна өнім алып, күзде тағы 500 мың дана шабақ жіберіп 200 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.
«Бүгінде «Бабата» су қоймасында тауарлы балық өсірумен айналысып, жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Оның ішінде дөң маңдай, ақ амур және сазан балықтары бар. 2018 жылдан бері мемлекеттен қажетті қолдаулар болып жатыр. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті басқарма осы тауарлы балық өсірушілерді қолдап, қазір мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Тауарлы балықпен айналысу оңай шаруа емес, бір жылда өнім ала алмайсың. Салған шабақ үш жылдан кейін ғана өнім береді. Сол уақытқа дейін қаражат салып, шабақтарды бағып үлкейту керек. Өткен жылы облыс әкімі біздің балық жемін шығаратын зауытымыздың жобасымен танысты. Жемі болмай бұл саланы дамыту қиын. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеңілдетілген несие беруге ұсыныс берілді. Несие берілсе енді біз балықтың жемін шығаратын зауыт салмақпыз. Жемді өзіміз шығаратын болсақ, балықтан пайда мол болар еді. Біздің балықтар экспортталатын балық емес. Қазір тек өзіміздің ішкі базарларға сатылады. Келешекте көк серке балығын да өсіруді қолға алып, балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын іске қосуды көздеп отырмыз», - деді Нұрахмет Қазақбаев.
Қазіргі таңда ауданда жеті мекеме бірігіп, Созақ балық өнімдері ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып, балықтың жемін шығаратын зауыт салуға жұмыстар жүріп жатыр. Әзірге жемді сырттан сатып алып отыр. Еске сала кетсек, Созақ ауданындағы «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2015 жылы 100 мың шабақ, 2016 жылы 120 шабақ, 2017 жылы 80 мың шабақ, 2018 жылы 120 мың шабақ, 2019 жылы 100 мың шабақ, 2020 жылы 400 мың шабақ, 2021 жылы 900 мың шабақ, 2022 жылы 750 мың дана шабақ салған. Ол шабақтар инкубациялары бар қожалықтардан сатып алынған. Келешекте шарушылықтың өзі инкубацияларды орнатып шабақ шығаруды да қолға алмақшы.
«Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.
Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.
Балықшылар соңғы уақытта су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлуді сұрап жүр.
Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады деп межеленген.
Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілді.
Созақ ауданының ауыл шаруашылығы саласы сөз етілген кезде түйе шаруашылығы туралы айтпай кетуге болмайды. Себебі Түркістан облысында түйе шаруашылығымен айналысатын бірнеше ауданның көш басында дәл осы Созақ ауданы тұрады. Айта кетейік, 2020 жылдан бастап түйе шаруашылығын дамыту мақсатында аудан бойынша 1980 бас түйе аналығы сатып алынды. Оның ішінде 1000 бас түйе несие алу арқылы жүзеге асса, 980 бас түйе азаматтардың өз қаражаты есебінен алынған.
Шолаққорған ауылдық округінің агроқұрылымдары 30 тонна «Golden Camel Group» ЖШС-не, 60 тоннасын «Казфут» ЖШС-не, Қарақұр ауылдық округінің агроқұрылымдары 53 тонна, Созақ ауыл округінің агроқұрылымдары 113 тонна «Казфут» ЖШС-не, барлығы 256 тонна түйе сүті қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген. Кейінгі жылдары «Golden Camel Group» ЖШС-і өз жұмысын тоқтатуына байланысты аудан агроқұрылымдары сауылған сүттерді ішкі нарыққа өткізуде.
Жалпы ауданда 15 979 бас түйе өсірілсе, 3 жылдың ішінде 117 пайызға өскен. Сондай-ақ, ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Олар: Созақ ауыл округінен «Жаңа Қазақ Елі» АӨК-і (төрағасы Әлібеков Еркебұлан Амангелдіұлы) мүшелікке 91 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 26 млн.теңге несие қаржы алып, 2 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.
Жартытөбе ауыл округінен «Сембек ата» АӨК-і (төрағасы Бахбергенов Жарқынбек Сембекұлы) мүшелікке 70 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 20,3 млн.теңге несие қаржы алып, 3 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Шолаққорған ауыл округінен «Созақ Агро Өнімдері» АӨК-і (төрағасы Қасымбек Арман Нұрболұлы) мүшелікке 181 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 27,6 млн.теңге несие қаржы алып, 4 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.
Құмкент ауыл округінен «Рауан» АӨК-і (төрағасы Досбаев Мұрат Мақсұтұлы) мүшелікке 70 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 15 млн.теңге несие қаржы алып, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алуға келісім-шартқа отыру жұмыстарын жүргізуде.
Жайылым жағдайына байланысты үнемі көшіп жүруді дағды еткен Азия халықтары оның ішінде біздің ата бабаларымыз түйені өсіруге, оны қолға үйретіп мініс көлігі ретінде пайдалануға, сүтін сауып, шұбатын ішуге ықылым заманнан бері ерекше мән берген. Сол себептен де түйе шаруашылығы — еліміздің шөл және шөлейт аймақтарындағы жұтаң жайылымдарда мал өнімін өндіру мақсатында халқымыздың ғасырлар бойы айналысып келе жатқан негізгі саласының бірі болып қалыптасқан. Ата- бабаларымыз еліміздің шығысы Алтайдан, батысы Атырауға дейінгі ұлан байтақ жерімізде мал жайылымын ауыстырып жаз жайлауға шыққанда, күз күземде болып, қыс қыстауға көшкенде ең басты көлігі ретінде түйені пайдаланғандықтан оны «дала кемесі» деп атауы да тегін болмаса керек.
Түйе шаруашылығы мал шаруашылығы ішінде ең көне, ежелгі шаруашылықтың бірі. Түйе шаруашылығы саласы жөнінде кенжелеп қалған шаруашылық деген түсінік пен көзқарас қалыптасқан жағдайы бар. Бұл түйе өсірудің көп назар аударыла бермейтін, түйе өсіруге көп шығын жұмсауды талап ете бермейтін өзіндік ерекшелігіне байланысты болса керек. Түйе шаруашылығын кенжелеп қалған шаруашылық деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Түйе малы санының тұрақты өсіп отыруы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алған.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы 233,6 мың бас түйе өсіре отырып түйенің етін, сүтін және жүнін мол өндіретін бірден-бір мемлекет болып саналады. Түркістан облысында 35,0 мың басқа тарта түйе өсіріліп отыр. Созақ ауданыреспубликадағы түйе түлігін өсіру үшін ең қолайлы аймақтың бірі саналатындықтан түйе саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 1989 жылдары Кеңестік шаруашылықтар дәуір-леп тұрған шақта Созақ ауданында 7745 бас түйе болса, бүгінгі таңда ауданда өсіріліп отырған түйе саны 13452 басқа жетіп отыр.
Созақ ауданында өсіріліп отырған түйелермен селекциялық асылдандыру жұмыстарын ғылыми негізде жүргізуге қай кезде болмасын үнемі ерекше маңыз беріліп келген. Созақ ауданында түйе түлігімен асылдандыру жұмыстары «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС ғалымдары ұсынған мына бағыттар бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт — Қазақтың қос өркешті түйесін өсіру. Түйенің бұл тұқымы жоғары өнімді малдарды іріктеу, сұрыптау жолдарымен халықтық селекция нәтижесінде шығарылған. Қазақстанда түйенің бұл тұқымының 5 типі: Орал-Бөкей, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс типтері өсіріледі. Осы малдардан Созақ ауданы жағдайына Оңтүстік Қазақстан типі сәйкес келеді. Бұл малдарды одан әрмен еттілігін жетілдіру үшін Қызылорда типімен шағылыстыру арқылы таза қанды өсіру немесе Орал-Бөкей қос өркешті түйесімен шағылыстырып, аралас ұрпақ түрінде өсіру ұсынылған. Оңтүстік Қазақстан типінің інгенін Қызылорда типінің бурасымен шағылыстырғанда алынған ұрпақтың тірі салмағы 12%-ға, ал Орал-Бөкей типімен шағылыстырғанда 20%-ға артады және ет шығымдылығы 5-7-%-ға өседі. Қазақтың қос өркешті түйесін өсіргенде оның тұқымын асылдандырудың негізгі бағыты — салмағын көбейту, жүн өнімділігін арттыру және малдың дене тұрқының қажетті ерекшеліктерін жетілдіруге бағытталған.
Екінші бағыт — Қазақы нар түйелерінің бір өркешті тұқымының популяциясын өсіру. Дара өркешті түйелердің қазақы популяциясы – қазақы нар — қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруанасы тұқымдарын шағылыстырып, алынған төлді түрікмен аруанасы тұқымының қанын 87,5%, 93,75% және 96,875% дейін жеткізу жолымен алынған. Қазақы нардың ұрғашыларының тірі салмағы 650 кг, сауын мерзімінде 2200 кг тауарлы сүт береді. Сүттің майлылығы 4,2%, ақуызы 3,8% болады. Созақтың қатал табиғатына бейімделген тұқым болып есептеледі, сыртқы тұрқы түрікмен аруанасына ұқсас болып келеді, қысқалау «галифесі» болады, қазақтың қос өркешті түйесіне тән кекіл болмайды. Қазақы нармен жүргізілуге тиісті селекциялық жұмыстар негізінен сүт өнімділігін көтеру, малдың тез жетілгіштігін арттыру мен сойыс салмағын көтеру, сонымен қатар ет-сүт өнімділігі бағытындағы малдардың санын көбейтуге бағытталған.
Үшінші бағыт — Түрікмен аруанасы түйелерінің дара өркешті тұқымын өсіру. Таза қанды түрікмен аруанасының ірілеу келген бір өркеші болады. Түйенің бұл тұқымы негізінен сүт өндіру үшін, кейде ет-сүт бағытында да өсіріледі. Түрікмен аруанасының негізгі белгісі – жауырын тұсында «эполет» деп аталатын шудасы болады, бұндай шуда қос өркешті түйелерде болмайды. Сол сияқты бір өркешті түйелерде кездесетін «кекіл» мен «галифе» де болмайды. Мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізгі бағыты сүттілігін, майлылығын және ақуыз құрамын молайту болып табылады.
Уран өндірумен айналысатын өңірде түйе сүті жоғарғы сұранымға ие. Сондықтан осы өңірде сапалы түйе сүтін өндіру үшін қазақтың бір өркешті түйелерін түрікмен аруанасымен шағылыстыру арқылы алынған будандардың санын көбейтуге бағытталған. Себебі будан түйелер ауданның қатал ауа райына өте төзімді және қатал климатқа бейімделгіш болып келеді.
Соңғы жылдары республикадағы түйе басының 12,5%-ға, асыл тұқымды малдың 2,4%-ға көбейгені байқалады. Қазіргі кезде ғалымдар қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруаналарының жаңа асыл тұқымды типтері мен желілерін шығарумен айналысуда. Ғалымдардың алдында тұрған кезекті мәселелердің бірі – асыл тұқымды малдың гендік қорын сақтау және соларды пайдалана отырып түйе шаруашылығын одан әрі дамыта беру болып табылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат