Бейсенбі, 30 Наурыз 2023 22:18

Шымкент: Бозарықта 183 көпқабатты тұрғын үй салынады

«Бозарық» шағынауданында биыл 183 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Олардың 65-і мемлекеттік бюджет есебінен салынады.

Бұл жайлы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың "Бозарық" шағынауданына жасаған жұмыс барысында белгілі болды. Шаһар басшысы елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Қаланың егжей-тегжейлі жобалау жоспарында шағынауданнан 183 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қаралған. Олардың 65-і мемлекеттік бюджет есебінен салынады. Қазір шағынауданда 16 тұрғын үй бой көтерген, бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 49 үйдің құрылысы келесі жылы басталады.

Сонымен қатар шағынауданда алдағы уақытта мектеп, емхана салынады. Мұрат Дүйсенбекұлы Бозарық-3 шағын ауданында бой көтеріп келе жатқан спорт кешенінің ғимаратын қарап шықты. Спорт мектебі ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалармен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің теңгеріміндегі бос жерде салынуда. 100 оқушыға лайықталған ғимаратта ауыр атлетикаға арналған платформалар қарастырылған. Нысан келесі жылы мамыр айында қолданысқа беріледі.

Қала басшысы жауаптыларға шағынауданда салынып жатқан барлық құрылыс нысандарының сапасын қатаң бақылап, жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын қадағалауды тапсырды. Бұл ретте техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін арттырып, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Оқылды 317 рет