Жексенбі, 16 Қазан 2022 14:44

Сауран ауданында «Бауырсақ» атты қоғамдық тамақтану орны ашылды

Түркістан облысында жаңадан құрылған Сауран ауданында тағы да бір жағымды жаңалықтың куәсі болдық. Осы ауданның үстімен өтетін «Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа» жол бойында орналасқан «Бауырсақ» қоғамдық тамақтану орнының ашылу рәсімі өтті.

Шарада Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ахметов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Жарылқасынов, аудандық мәслихат депутаты Т.Садуов дәмхананың ашылуымен құттықтап, үлес қосқан азаматтарға алғыстарын білдіріп, өздерінің игі тілектерін жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, Түркістан облысында жаңа Сауран ауданы құрылды. Әкімшілік орталығы - Шорнақ ауылы болады. Оған Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кірді. Әкімдіктің мәліметінше, Шорнақ ауылы Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде бұл ауылда 12 мың халық тұрады. Жаңадан құрылған аудан халқының саны 100 мыңнан асады. Ауданның жалпы көлемі 12 ауылдық округ пен әкімшілік орталығын қоса алғанда 650 мың гектар жерді құрайды. Ведомство ұлт руханиятында киелі ұғымға айналған "Сауран" атауының Түркістан облысында құрылған жаңа ауданға берілуі негізді екенін атап өтті. Себебі бұл атау ежелгі Түркістан ұғымымен тығыз байланысты. Жалпы Сауран – XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған қала. Шаһар Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. XIII ғасырдың орта шегінде Ақ Орданың астанасы болған.

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылды. Кейіннен мәслихат келісімімен, аудан әкімі тағайындалған-ды. Ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітілді. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін жүргізіп отырғанын айта кеткен жөн. Түркістан облысы құрылғалы бұл ауыл әкімдіктері Кентау қаласының қарамағына өткен болатын.

Ауданның құрылуына байланысты өткен іс-шарада сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев: «Кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға деп білемін», – деген болатын. Ал, жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысты. Жаңа ауданды құру арқылы аудан құрамына енген елді мекендердегі мемлекеттік қызметтерді алу сапасын көтеруге жол ашылды. Бүгінде әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдылық берілуде. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынуда. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін жоғары деңгейде жүргізіп отыр.

Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал әзірге бұл мемлекеттік органдар мен аудан әкімдігін қоса алғанда уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмысын жүргізіп жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 691 рет