Жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын ірі жоба германиялық мердігер компанияның жеке қаржысына салынды. Он гектардай жерді алып жатқан бұрынғы қоқыс полигонының орнынан салынған стансаның қуаттылығы күніне 4,8 МВт-ті құрайды. Жаңа жобаның ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кәсіпорынның жұмысымен танысып, шетелдік инвесторлармен кездесті. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, өңірдегі басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
Жетісай қаласын дамыту мақсатында түрлі кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Тұрғын үй салу үшін 80 гектар жер бөлініп, бүгінде оның инженерлік инфрақұрылымы жүргізілуде. Нысандарды аралап көрген облыс басшысы құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуге тапсырма берді. Шаһардағы шағынаудандарды тораптандырылған Абай су жүйесіне қосу мәселесін талқылады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай өңіріне жасаған сапары барысында бес баласымен кішкентай лашықты паналап отырған әлеуметтік жағдайы төмен отбасының жай-күйімен де танысты. Отағасының тапқаны күнделікті ас-ауқаттарынан артылмайды. Көпбалалы ана жұмысқа зәру. Баспанаға мұқтаж отбасыға «Қамқорлық» жобасы аясында жергілікті кәсіпкер үй алып беретін болды.
Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп - гимназиясының ұжымымен кездесті. ҰБТ сынағында еліміздегі ең үлкен көрсеткіштермен көзге түскен білім ұясынан соңғы 15 жылда 320 «Алтын белгі» иегері шыққан. Былтыр мектептің 64 түлегі 100% мемлекеттік грант иегері атанды. Мектептің екі оқушысы ҰБТ сынағында 139 балл жинады. Үлгілі мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі бұл мәселенің оңтайлы шешілетінін айтты.
