Мониторингтік топ құрамында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы, орталық базар басшылығы және БАҚ өкілдері болды.
Бүгінде коронавирус дертінің таралуына байланысты Қазақстан Республикасында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Мониторинг барысында азық-түлік бағасы тексеріліп, базар басшылығы мен кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу керектігі айтылды.
Түркістан «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев бағаны бақылау бағытында мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүретінін айтты.
Ал «Қуаныш» базарының басшысы Инара Намазбаева бағаны өсірмеу бағытында жұмыс жүріп жатқанын, тауарға 10-15 пайыздан артық үстемақы қоймау жағы қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Сонымен бірге базарды дезинфекциялау жұмыстары тұрақты жүріп жатқанын жеткізді.
Түркістан облысында 72 базар бар. Оның ішінде 14-і мал базары, болса, 4 автокөлік және 54 әмбебап базар халыққа қызмет етеді. Ал Түркістан қаласында 8 базар бар. Оның үшеуі – әмбебап базарлар.
Түркiстан облысында төтенше жағдайға байланысты сауда нысандары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, жұмыс істеу уақытын сағат 10-нан 18-ге дейін шектеді. Азық-түлік дүкендері, азық-түлік супермаркеттері мен азық-түлік базарлары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істейді, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді тек оралған күйінде сатылуы тиіс.
Облыс орталығындағы «Əзиз», «Қуаныш» базарлары мен əлеуметтiк дүкендер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Сатып алушылардың саны қалыпты, жасанды азық-түлiк тапшылығы жоқ.
Бүгінгі күнге облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 19 атаулы тауардан 30 878 тонна өнім сақтаулы тұр. Бұл көрсеткіш күнделікті өзгеріп тұратыны белгілі. Жалпы азық-түлік қоры жеткілікті. Азық-түлік бағасының өспеуі «Nur Otan» партиясы мен облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болады
