Бейсенбі, 28 Мамыр 2026 12:43

Түркістан облысы: Арыстағы балалар үйі тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл-күй тарту етілді

Арыс қаласында 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында және қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Т.Тәжібаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік іс-шара өтті. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды шара барысында балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланып, мерекелік дастархан жайылды.

«Бақытты балалық шақ» тақырыбында ұйымдастырылған мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Департаменттің кадр жұмысы департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді. Қала басшысы мен мәртебелі құттықтау сөздерінде қонақтар балалардың сапалы білім алып, саналы тәрбие көруіне мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ олар мерекенің негізгі құндылықтары – мейірім, қамқорлық пен қайырымдылық екенін ерекше атап өтіп, балаларға жарқын болашақ тіледі.

Іс-шара барысында тәрбиеленушілер мен шығармашылық ұжымдар ән мен биден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Киелі Түркістан» би ансамблінің өнері, балалардың орындауындағы патриоттық әндер мен әсерлі музыкалық нөмірлер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кеш аясында балалар үйінде тәрбиеленіп, биыл мектеп бітіруді жоспарлап отырған түлектерге де ерекше құрмет көрсетіліп, оларға ақжарма тілектер айтылды. Қонақтар түлектерге үлкен өмір жолында сәттілік тілеп, ел дамуына үлес қосатын азамат болуларына сенім білдірді.Сондай-ақ қонақтар балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, тәрбиеленушілердің шығармашылық және тұрмыстық жағдайын көрді. Мерекелік бағдарламаның жалғасы балалар үйінің ауласында ұйымдастырылған сергіту сәттері мен би, ойын-сауық бағдарламасына ұласты. Балаларды қорғау күні мен қасиетті Құрбан айт қарсаңында өткен игі шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мейірім мен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 12 рет