Дүйсенбі, 18 Мамыр 2026 19:05

Түркістан қаласында мектеп оқушыларына «Эко-Трак» жобасы таныстырылды

Түркістан қаласындағы №32 «Келешек» мектебі алаңында «Эко-Трак» жобасы таныстырылды. Бұл – «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Жоба – «Катко» компаниясының бастамасымен Созақ ауданының 5 мектебінде «Жасыл мектеп» бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Мобильді жобаның ресми таныстырылымы өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Жасыл мектеп» жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов және мектеп оқушылары қатысты. Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жобаның маңыздылығына тоқталды. – Бүгінде экологияны сақтап, қоқыс қалдықтарын іске жарату аса маңызды іс. Осыған орай аталған жоба қалдықтарды сұрыптау және қоқысты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде бағдарлама Қазақстанның бірнеше қаласында сәтті жұмыс істеп жатыр және мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан. Бұл жоба енді Созақ ауданына да іске асады. Аудан оқушылары қалдықтарды қайта өңдеу процесін өз көзімен көріп, экологиялық мәдениетті іс жүзінде үйрене алады, – деді ол.  Айта кетейік, іс-шарада Түркістан қаласынағы №32 «Келешек» мектебінің оқушыларының дайындаған өнімдерінің көрмесі өтті. Атап айтқанда, бейнелеу өнері және қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді жинау және қайта өңдеу. Түркістан облысының аумағында 158 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленіп, барлығы толық құжаттандырылған. Халық санының артуы мен урбанизация процестеріне байланысты қалдық көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді. Облыс бюджеті есебінен алты полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес жаңарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Сонымен қатар аудандық бюджеттерден 37 полигонның құрылысын жүргізуге ЖСҚ әзірлеуге қаржы қарастырылған. Бұл жұмыстар қоқысты тиімді басқару мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар облыста жаңа қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымы дамуда. Жақын арада бірнеше жаңа сұрыптау кешендері мен полигоны жаңғыртылған қалдықтарды өңдейтін нысандар іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл шаралар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға зиянды азайтуға және облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысында қоқыс өңдеудің жандануы тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырумен қатар жүруде. Мектептер мен қоғамдық орындарда экологиялық сабақтар, ақпараттық науқандар және тұрғындарға арналған семинарлар ұйымдастырылып, халыққа қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңыздылығы түсіндіріледі. Бұл өңірде жасыл экономика мен тұрақты дамуға көшу стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі болып отыр. Болашақта облыста электрондық мониторинг жүйесі

Қазіргі таңда өңірдегі 36 мекеме қоқыс жинау және тасымалдаумен айналысса, 15 кәсіпорын қоқысты сұрыптау, 5 кәсіпорын қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, Ордабасы ауданында «GREEN Technology Industries» ЖШС - жылына 50 мың тонна, Сауран ауданында «Green World» ЖШС - жылына 500 тонна, «ND Plast Turan» ЖШС - жылына 500 тонна, Сарыағаш ауданында «Sadyk Bereke» ЖШС - жылына 1000 тонна, Кентау қаласында «Статус Эверест» ЖШС - айына 170 тонна. 2025 жылы 87,5 мың тонна қоқыс жиналып, оның 31 пайызы қайта өңделді. Биыл бұл көрсеткішті 33 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Экологиялық реттеу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 101 экологиялық рұқсат беріліп, 622 мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы жасалған.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 4–5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық пайда болады. Оның тек шамамен 15–18 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі, қалған бөлігі қоқыс полигондарына жиналады. Уақыт өте келе бұл полигондар экологиялық апат аймағына айналып, топырақ пен жер асты суларына зиян тигізеді. Экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғау жайлы білім емес, ол әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс әдет. Өкінішке қарай, көпшілік тұрғындар қоқысты сұрыптап тастауға әлі де бейімделмеген. Қағаз, пластик, шыны сияқты қайта өңдеуге болатын материалдар жалпы қалдықпен бірге полигонға кетеді. Бұл жағдайдың негізгі себептері – қоқыс сұрыптайтын жәшіктердің жеткіліксіздігі, қоғамды ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі және тұрғындардың жеке жауапкершілігінің төмендігі.

Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу – экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Мысалы, пластик қайта өңделсе, ол жаңа тұрмыстық заттар мен құрылыс материалдарына айналады. Шыны шексіз қайта өңдеуге жарамды материал болып саналады. Ал қағаз қалдықтарын қайта пайдалану арқылы ормандарды кесу көлемін азайтуға болады. Егер қоқыс мәдениетін қалыптастырып, қайта өңдеу деңгейін арттырсақ, жаңа жұмыс орындары ашылып, табиғатқа түсетін зиян да азаяды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 65 рет