Сейсенбі, 12 Мамыр 2026 20:52

Түркістан облысы: Жетісай ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Түркістан облысы Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлардың жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде соңғы жылдары аудан аумағындағы ішкі және ауданаралық автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерге тас төсеу мен асфальттау жұмыстары қарқын алып келеді. Осыған орай аудан әкімі Серік Мамытов жол жөндеу жұмыстарының барысына арнайы бақылау жүргізді.

Аудан басшысы ең алдымен ішкі жолдарға төселетін және төселіп жатқан асфальттардың сапасына баса назар аудару қажеттігін, қолданылатын асфальттың құрамы мен қалыңдығы, жолдың ені мен ұзындығы талапқа сай болуы керектігін ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстарға салғырт қарауға болмайтынын айтты. Себебі, сапалы жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің басты кепілі. Бақылау жұмыстары барысында аудан әкімі әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – Жетісай қаласындағы Шәкәрім көшесінің орта жөндеу жұмыстарына дайындық барысымен танысты. Жалпы ұзындығы 830 метрді құрайтын көше бойындағы қызыл сызыққа заңсыз салынған нысандардың иелерімен және автотұрақ кәсібімен айналысып отырған азаматтармен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мұнан соң аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 1 шақырымды құрайтын Көрікті көшесі мен ұзындығы 800 метр болатын Шойын көшесіне жүргізілген орта жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Көліктер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті жол белгілерін орнатуды тапсырды. Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халыққа қолайлы орта қалыптастыру, әсіресе, ішкі көшелерді жөндеу мәселелерінің кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы – өз кезегінде тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң серпін беріп келеді.

Жалпы, Түркістан облысында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылы «Шымкент – Қызылорда» бағытында да жұмыстар жоспарланған. Бұл жолда жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын орташа жөндеу жобалары жүзеге асып, қозғалысты автоматтандырылған бақылау жүйелері орнатылады. Бұл шаралар жол сапасын арттырып, көлік қозғалысын тиімдірек етеді.Жалпы алғанда, аталған жобалар өңірде заманауи әрі қауіпсіз жол жүйесін қалыптастыруға, көлік қызметінің сапасын көтеруге және Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған. 

Биыл Түркістан облысында 685 шақырым жол жаңартылады. Оған республикалық бюджеттен 35 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде әбден тозығы жеткен облыстық маңызы бар жолдар мен елді мекен арасындағы көшелердің үлесі басым.  Биыл өңірде облыстық маңызы бар 445 шақырым жол жөнделеді. Жауаптылардың айтуынша, оған 15 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде бес көпірдің құрылысы бар. Одан бөлек, елді мекен ішіндегі тозығы жеткен, ұзындығы 240 шақырым болатын 181 көшеге асфальт төселмек.

Сондай-ақ биыл ұзындығы 102 шақырымдық Сарыағаш айналма жолының да құрылысы басталады.  Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, мұнда тәулігіне 3 мың көлікке есептелген болса, бүгінгі күні 11 мыңнан астам көлік ағыны тіркеліп отыр. Жүктеме өте үлкен болғандықтан айналма жол салынбақ. Жол төрт жолақты болады. Жол-көлік оқиғалары азаяды. Бүгінгі таңда қолдау тауып, конкурстан өткізілуде. Осы жарты жылдықта құрылыс жұмыстары басталады деп күтіліп отыр. Құрылысы 2026 басталып, 2030-да аяқталмақ. Алайда мамандар 2028-2029-да аяқтауға болады деп отыр. 

Сонымен қатар биыл Түркістан мен Отырар ауданын жалғайтын «Түркістан – Шәуілдір» автомобиль жолының құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Ұзындығы 70 шақырым болатын 4 жолақты жолдың құрылысы 3 жыл бұрын басталған. Қазір 4 учаскенің жері дайындалып жатыр.  Учаске басшысы Еламан Рахматуллаев: «Қазіргі уақытта төсеуге материал жинап жатырмыз. Жер деңгейі келді. Негізгі жұмыстарды бастаймыз. 4-ші бөлікте бізде темір жол бар. Сол жерде көпір салынып жатыр. Оның жұмысы 80 пайызға аяқталып тұр. 70 шақырымның 60 шақырымы бітіп тұр. Биылға жоспар – 10 шақырым, сонымен толық бітеді» дейді. Сонымен қатар биыл облыстағы бірқатар аудандық маңызы бар жол да жөнделеді. 120 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Оған облыстық бюджеттен 4,2 млрд теңге қаралған. Жауаптылар жыл соңына қарай облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 96%-ға жеткізуді көздеп отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 53 рет