Облыс әкімі ғасыр жасаған ардагерге елге сіңірген ерен еңбегі мен майдандағы ерлігі үшін ризашылық білдірді. Ақсақалмен әңгімелесіп, оның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.– Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында бүгінгі бейбіт күнге жетіп отырмыз. Ұрпаққа үлгі болған ғибратты ғұмырыңыз үшін алғысымыз шексіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. Мереке қарсаңында ардагерге Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен 5 млн теңгенің сертификаты тапсырылған болатын. Қария көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, елдің тыныштығы мен бірлігі үшін ақ батасын берді.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде қызмет атқарды. Майдангер Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германия аумағындағы ұрыстарға қатысқан. 1949 жылғы 10 сәуірде елге аман-есен оралып, зейнеткерлікке шыққанға дейін А. Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып еңбек етті. Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық 8 медальмен марапатталған. Бүгінде 100 жасқа таяған қария 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған ардақты ақсақал.
Шара барысында әскери оркестр мерекелік көңіл күй сыйлап, майдангерге ерекше құрмет көрсетілді. Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1 462, тыл ардагерлері – 2 082. Қазіргі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.
Сонымен қатар бүгін Сарыағаш ауданында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Аудан орталығындағы Жеңіс саябағында өткен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге» атты мерекелік жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты. Тағылымы мол шара барысында жиналған қауым мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Сондай-ақ Құран бағышталып, ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір жолында жанын құрбан еткен қаһармандардың ерлігі ұлықталды.
Салтанатты жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы көпшілікті Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі мен жанқияр ерлігі әрдайым ұрпақ жадында сақталатынын атап өтті. Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарды арнайы марапаттап, алғыс білдірді. Іс-шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, тағылымдық мәні зор театрландырылған қойылымдар көрерменге көңіл- күй сыйлады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат