Құрметті қонақтарды ақжарқын көңілмен қарсы алған ардагер майдан даласында бастан өткерген ауыр күндерден естелік айтып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ерліктері мен қарулас достары туралы сыр шертті. Әңгіме барысында ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің қадірін ерекше атап өтіп, жас ұрпаққа амандық пен бірлік тіледі. Сондай-ақ көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Эрмохан Ишхонов 1923 жылдың 1 қаңтарында Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың 5 мамырында әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанған. Майдандағы ерлігі мен Отан алдындағы адал қызметі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО Гвардиясы», «1941–1945 жылдардағы Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған. Бүгінде ардагер 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 53 немере, 79 шөбере және 19 шөпшек сүйіп отырған абыз ақсақал.
Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1 462, тыл ардагерлері – 2 082. Қазіргі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.
Сондай-ақ, бүгін Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы елдің бейбіт өмірі мен бүгінгі тыныштығы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген қарияларға құрмет көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді. Алдымен Жаңабазар ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Заузат Талипов ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Соғыс жылдарында жастайынан еңбекке араласқан Заузат ата саналы ғұмырын білім саласына арнап, 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған қадірлі жан. Сонымен қатар аудан әкімі Сабыр Рақымов ауылдық округінде тұратын тыл ардагерлері – ұзақ жылдар ұстаздық еткен Саттар Иманбеков ақсақал мен аяулы ана Шырбан Арыстанбекованың үйінде болып, құрмет көрсетті. Кездесу барысында аудан басшысы тыл ардагерлеріне ел игілігі жолындағы еселі еңбегі мен өскелең ұрпаққа өнеге болар ғибратты ғұмыры үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде қариялар ақ баталарын беріп, ел бірлігі мен тыныштығының баянды болуына тілектестік білдірді. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерліктері – кейінгі ұрпаққа үлгі, ел тарихындағы өшпес өнеге.
Осы тұста айта кетсек, Жеңіс күні мерекесіне орай, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен Арыстағы ардақты ардагерлерге де құрмет көрсетілді. Қала әкімі Қайсар Маңқараев пен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов және Арыс ауданының прокуроры Алмас Арыстанбеков еңбек майданында ерлік көрсеткен ардақты ана Анна Субботина, абыз ақсақалдарымыз Көлбай Сүгіров пен Оралбек Алдабергеновтың шаңырақтарында болып, мерекемен құттықтады.
– Еңбекке ерте араласып, «Отан үшін» ұранына үн қосып, балалық шақтың не екенін сезіне алмадық. Жастайымыздан ауылдағы егіс даласында мақта теріп, мал бағу ісінде араластық. Еңбекке жарамды ерлер майданға аттанып, елде қалған біз сияқты жас балалар ала таңнан көзді тырнап ашып, теміржолдың қатаң тәртібіне бағынып, қара жұмысқа ерте жегілдік. Қара жұмыс пен маңдай тер – адал еңбектің нанынан да дәм тарттырды, – деп ақсақалдар өткен шақты еске алды.
Қала әкімі тыл ардагерлерін 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушы және 9 мамыр – Жеңiс күні мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттар табыстады. Елдің бірлігі мен ынтымағының сақталуына мұрындық болып, дәстүрлер сабақтастығын өскелең ұрпаққа насихаттап келе жатқан еңбек ардагерлерінің иығына зерлі шапан жапса, асыл әжемізге камзол кигізіп, ақ орамал ұсынды. Сондай-ақ ақылдың кеніші болған ел ағаларына қонақтар жеміс-жидектер мен көкөністер себеттерін табыстады. Мерекелік көңілдері көтеріліп, ақжарқын әңгімелескен ардагерлер қала басшыларына ризашылық білдіріп, ақ баталарын берді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат