Бейсенбі, 07 Мамыр 2026 20:46

Түркістан облысында шегірткеге қарсы 275 мың гектар алқап химиялық өңдеуден өткізілді

Түркістан облысы аумағында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. 9 ауданда 300 мың гектарға жуық алқап өңделді. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ордабасы ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап, дәріленген аумақтарды аралады.

Аудан әкімі 3 сектордағы жағдай туралы баяндап, қазіргі таңда Қараспан ауылдық округі, Қажымұқан ауылдық округі, Бөржар ауылдық округі және Бадам ауылдық округі аумақтарында жалпы 12 522 гектар жер өңделгенін жеткізді. Жұмысқа мердігер мекеменің 10 техникасынан бөлек, қосымша 17 техника тартылған. Шегіртке ошақтарын анықтау жұмыстарына 70-тен астам адам жұмылдырылған. Қажетті химиялық препараттар жеткілікті.Облыс әкімінің орынбасары мобильді топтарға химиялық өңдеу жүргізілген аумақтарды қайта тексеріп, ауданаралық шекаралардағы бақылауды күшейтуді тапсырды. 

Орталық штабтың мәліметінше, Түркістан облысы бойынша шегіртке зиянкесіне қарсы 796,88 мың гектар аумақ зерттелген. Оның ішінде 285,71 мың гектар жерде экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Қазіргі таңда 275,11 мың гектар аумақ химиялық өңдеуден өтті. Өңдеу жұмыстарына жалпы 250 арнайы техника мен 51 су тасымалдаушы көлік жұмылдырылған. Химиялық өңдеу көлемі Келес ауданында 140 мың гектардан, Сарыағаш ауданында 57 мың гектардан, ал Арыс қаласы аумағында 51 мың гектардан асты. Сонымен қатар Бәйдібек ауданы, Шардара ауданы, Түлкібас ауданы, Сауран ауданы және Қазығұрт ауданында зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Орайы келгенде айта кетсек, таяуда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде фитосанитариялық қауіпсіздік және шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес мәселелері қаралған болатын. Жиын барысында өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне шегірткеге қарсы күрес шараларын сапалы әрі уақтылы ұйымдастыруды тапсырды. Атап айтқанда, анықтау-зерттеу жұмыстарын күшейту, қажетті техникалар мен су жеткізуді қамтамасыз ету, қосымша бүріккіш құралдарды тарту және барлық күштерді үйлестіре отырып, науқанды жоғары деңгейде өткізу міндеттелді. – Шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары уақтылы әрі сапалы атқарылуға тиіс. Жұмыстарды күн сайын хабарлап, мәлімет беріп отырыңыздар. Екіншіден, өңдеуге қажетті химиялық преператтардың сапасына, мөлшеріне мән беріп, нақты зерделеу қажет. Болжау, жоспарлау жұмыстары сапалы болса ғана нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саяқ шегірткелерге қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, облыстық бюджеттен жыл сайын тиісті қаржы бөлініп, залалсыздандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы бұл мақсатқа 535 млн теңге бөлініп, 150 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2026 жылы 133 млн теңге қарастырылып, 36 мың гектар аумақты өңдеу жоспарланып отыр. Жұмыстар Арыс қаласы мен Келес, Сарыағаш, Шардара аудандарында жүргізіледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушысы Марат Орынбаев өңірдегі фитосанитариялық ахуал мен алдағы жоспарларды таныстырды. Оның мәліметінше, 2025 жылы облыста шегіртке зиянкестеріне қарсы 715,3 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 341 бірлік арнайы техника мен 900-ден астам аспалы бүріккіш қолданылған. Жалпы 2 700-ден астам адам жұмылдырылған.

Биыл шегірткеге қарсы күрес шараларына жалпы 2 030 адамды жұмылдыру жоспарланған. Оның ішінде 65 инспектор, 65 болжам орталығының маманы, 200 жергілікті атқарушы орган қызметкері, 200 ветеринария саласының маманы, 400 табиғат қорғау қызметкері және 1100 уақытша анықтаушы бар. Сондай-ақ агротехникалық шаралар аясында 2,2 мың гектар аумақта жер жырту жұмыстары жүргізіліп, оның жартысы игерілген. Бұл әдіс зиянкестердің көбеюін 35-50 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары құрғақшылықтың әсерінен шегірткелердің таралу қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты биыл күрес шаралары күшейтіліп, 400-ден астам бүріккіш техника, 4 АН-2 ұшағы мен дрондар жұмылдырылмақ. Өңір аумағы 65 секторға бөлініп, жұмыс топтары бекітілген.Сонымен қатар, қолданылатын химиялық препараттарды жаңарту қажеттігі атап өтілді. Биыл тиімділігі жоғары жаңа препараттарды пайдалану жоспарлануда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 42 рет