«Бүгінде 18 мыңға жуық халқы бар елді мекенде ауыз су беру жағдайы тұрақты. 3 мыңнан астам абонент орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қызмет көрсетуді «Сарыағаш Тұрмыс» коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырып отыр. Тұрғындарды ауыз сумен қамту - гидранттық жүйе арқылы штаттық режимде жүргізілуде. Сонымен қатар, «№2-ТП» ұңғымасы қосымша ресурс ретінде пайдаланылып, су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беруде. Егер ұңғыма мемлекет меншігіне қайтарылатын болса, тұрғындардың суға қолжетімділігі сақталып, «Рауан» ЖШС-на қажетті су көлемі белгіленген тәртіппен тұрақты түрде берілетін болады. Облыс әкімдігі барлық шешімдер тек заң аясында қабылданатынын және ешқандай тараптың құқығы бұзылмайтынын атап өтті. Су ресурстарын пайдалану тәртібі тек сот шешімімен және уәкілетті органдардың қорытындысына сәйкес реттеледі», - деді аудан әкімі.
Түркістан облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмас Досжановтың сөзінше, департамент сотқа талап-арыз жолдаған. Осы орайда, «Рауан» ЖШС-на берілген 0,15 гектар жер телімін жалға беру туралы шешімді жарамсыз деп тану мәселесін көтерген. Қазіргі таңда бұл іс сот қарауында. Сонымен қатар, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақовтың сөзінше, «Рауан» ЖШС-на қарасты су ұңғымасының санитариялық қорғау аймағының жобалық құжаттамасының санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ екендігі анықталған. Нәтижесінде, сот шешімімен 98 300 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметінше, жергілікті тұрғындар «Рауан» ЖШС-на қарасты су ұңғымасын мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтеруде. Мекеме тарапынан аталған серіктестіктің ұңғымадан рұқсат етілген су алу көлемінен лимиттің асқандығы және ұңғымадан тарайтын 2 су беру құбырында есепке алу құрылғылары орнатылмағандығы анықталған. Осы ретте әкімшілік іс қозғалып, 973 мың теңге айыппұл салынды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат