Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026 13:48

«Таза Қазақстан»: Түркістанда өткен ауқымды экоакцияда 2 мыңнан астам ағаш егілді

Түркістан қаласында таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. Игі бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылығы мен ұжымы, мемлекеттік қызметшілер, қала тұрғындары, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары және Түркістан қаласы әкімдігі мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров табиғат жанашырларымен кездесіп, бірге көшет екті.

– «Таза Қазақстан» – бір жылдық бағдарлама емес. Ол өмір салтымызға айналуға тиіс. Тек акцияларда ғана емес, күнделікті өмірде ағаш егіп, тазалықты сақтай білсек, оны насихаттап, жастарды да игі іске жұмылдырсақ, бастама өз жемісін береді. Барша облыс тұрғындарын аймақты көгалдандыруға үлес қосуға шақырамыз, – деген Нұралхан Көшеров ел ағаларымен, жастармен пікір алмасты. Іс-шара аясында қаланы көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жаппай ағаш егу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бір күнде 1200 түп Қырым қарағайы мен 1000 түп жапырақты ағаш егілді. Осылайша, жалпы саны 2200 ағаш көшеті егіліп, Түркістанға кіреберістегі жасыл белдеу айтарлықтай толықты. Болашақта бұл аумақ саялы баққа айналмақ.

Бұл бастама Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл желектер көлемін арттыруға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Таңғы 7:30-дан бастап ағаш еккен көпшілік қауым көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.Айта кетейік, Түркістан облысында 2021-2025 жылдар аралығында 800-ден астам елді мекенде 3,6 милионнан астам ағаш көшетін егу көзделген. Ал биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы 1 миллион түп ағаш егу жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар жалғасып жатыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Осы орайда таяуда ғана Бәйдібек ауданында табиғатты қорғауға бағытталған «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен Боралдай филиалының өкілдері қатысып, «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясына белсенді атсалысты. Жалпы шараға 50-ге жуық қызметкер қатысты.

Акция барысында Бәйдібек ата кесенесі маңындағы бұлақ көзі тазартылып, айналасы ретке келтіріліп, жиналған қоқыстар шығарылды. Нәтижесінде табиғи су көзінің маңы айтарлықтай жаңарып, таза кейіпке енді. Іс-шараға қатысушылар табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызына ерекше тоқталды. Халқымыз «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бекер айтпаған. Табиғатты аялау, оның ішінде су көздерін қорғау – болашақ ұрпаққа аманат. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 11 рет