Аудан тазалығын сақтауға бағытталған игі шараға аудандағы мекемелер мен кәсіпорын өкілдері, белсенді жастар мен еріктілер, сондай-ақ жергілікті тұрғындар жиналды. Жалпы 500-ден астам адам бір мезетте тазалық жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытты. Серпінді сенбілікте «Ардагерлер» саябағы мен оған іргелес жатқан аумақтарда барлық ағаштар мен декоративті талдардың түптері әктеліп, ретке келтірілді. Тұрмыстық қатты қалдықтардан, қураған шөптер мен бұталардан толық тазартылды. Саябақ ішіндегі гүлзарлар мен демалыс орындары ретке келтіріліп, суару жүйелері тексерілді. Шара барысында аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы тазалық мәселесі тек бір күндік науқанмен шектелмеуі тиіс екенін қадап айтты.
«Тазалық — табалдырықтан басталады. Біздің басты мақсатымыз — тек қоқыс жинау емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Мұндай шаралар әрбір ауылда, әрбір көшеде тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Туған жерімізді гүлдендіру — бәрімізге ортақ іс», — деді аудан әкімі.«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар ауданның барлық ауылдық округтерінде жоспарлы түрде жүргізілуде. Алдағы уақытта да елді мекендерді көркейту, жасыл желек санын арттыру және су нысандарының жағалауларын тазарту жұмыстары жалғасын таппақ.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат