Сейсенбі, 03 Наурыз 2026 17:19

Созақта «Еңбеккер ана – ауыл ажары» атты аудандық әйелдер форумы өтті

Созақ аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Еңбеккер Ана – ауыл ажары» атты аудандық әйелдер форумы жоғары деңгейде өтті. Көктем мерекелері қарсаңында өткен тағылымды шара еңбек адамының мәртебесін арттыруға, қарапайым еңбекпен ел құрметіне бөленген аналарды ұлықтауға арналды.

Форумда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтары кеңінен насихатталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қарапайым еңбек адамы – қоғамның тірегі. Осы бағытта ауданымызда түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген аналарға құрмет көрсетілді. Форум шымылдығы хор ұжымының орындауындағы «Ана туралы жыр» әнімен ашылды. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова сөз сөйлеп, еңбеккер аналарды құттықтады. Аудан әкімінің алғыс хаттары мен марапаттарын табыс етті. Ауданның әр ауылдық округінен келген көп балалы аналар, кіші қызметкерлер, кәсіпкерлер мен түрлі сала мамандары марапат төрінен көрінді.

Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев те сөз алып, бірқатар сала өкілдерін марапаттады. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов пен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлдана Биғондиева жүрекжарды лебіздерін білдірді. Аналардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.Форум аясында «Айшуақ» балабақшасының бүлдіршіндері «Туған жер» әнін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, М.Мақатаевтың «Ана, сен бақыттысың» өлеңі оқылып, аналарға деген құрмет пен ізет көрініс тапты. Тағылымы мол жиында қарапайым еңбекпен ауылдың ажарына айналған аналардың өнегелі жолы үлгі етіліп, еңбектері көпшілік алдында лайықты бағаланды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 165 рет