Мерекелік шараның шымылдығы Мәдениет сарайының фойесінде ұйымдастырылған аудандық орталық кітапхананың кең көлемді кітап көрмесімен ашылды. «Алғыс – асыл қазына» атты көрмеде еліміздің қалыптасу тарихы, этностар арасындағы достық пен татулықты дәріптейтін құнды жәдігерлер мен әдебиеттер таныстырылды. Салтанатты жиынға келген қонақтар алдымен осы рухани қазынамен танысып, мерекенің тарихи маңызына қанықты. Шараның ресми бөлімінде аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов сахна төріне шығып, жұртшылыққа ақжарма тілектерін арнады.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Алғыс айту күні – бұл ең алдымен еліміздегі тыныштық пен келісімнің, өзара құрметтің мерекесі. Бұл күні біз қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін бауырына басқан ата-бабаларымыздың кеңпейілділігін еске аламыз. Бүгінгі таңда бұл мереке жалпыхалықтық сипат алып, бір-бірімізге деген ризашылығымызды білдіретін игі дәстүрге айналды», – десе, аудандық мәслихат төрағасы: ««Алғыс айту күні – бұл жай ғана күнтізбедегі мереке емес, бұл – біздің рухани болмысымыздың көрінісі. Біз бірлігімізді бекемдеп, өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Ортақ шаңырағымыздағы татулықтың арқасында ауданымыз дамып, өркендеп келеді. Бір-бірімізге "рахмет" айту арқылы біз мейірімділік пен ізгіліктің дәнегін егеміз. Баршаңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін!» - деп шуақты мерекенің тарихи тамырына тоқталып, қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі бүгінгі қоғамдық келісімнің іргетасы екенін атап өтті.
Мереке аясында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілді. Сала еңбеккерлері атқарған жемісті жұмыстары үшін аудан әкімідігі мен аудандық мәсихаттың арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – адал еңбектің өтеуі мен қоғамның сол жандарға деген шексіз алғысының көрінісі болды.
Жылы лебіздер мен салтанатты марапаттаулардан кейін жиын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты. Сахна төрінде қазақ халқының қонақжайлылығын бейнелейтін театрландырылған қойылымдар қойылып, елімізде тұратын түрлі ұлттардың билері мен әндері орындалды. Киелі қара шаңырақтың астында өткен бұл шара тек мерекелік кеш қана емес, аудан халқының бірлігін бекемдей түскен рухани кездесу болды. Шара соңында көрермендер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат