Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде қаланың көркеюі, көшелердің таза әрі жайлы болуы, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру – тазалық қызметкерлерінің күнделікті маңдай терімен атқарылып жатқан қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді. Әсіресе, ауа райының қолайсыз жағдайларына қарамастан, таңның атысы, күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп жүрген жұмысшылардың еңбегі зор құрметке лайық екенін атап өтті.
Түркістан қаласы әкімдігі алдағы жылы да коммуналдық шаруашылықты дамыту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Кездесу соңында қала басшысы тазалық қызметкерлеріне ерен еңбектері үшін алғысын білдіріп, бірқатар азаматтарға Алғыс хат пен сый-сияпаттар табыстады.
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны туралы жоғарыда айтып өттік. Бұл шешім еңбек нарығындағы сұранысты ескеріп, техникалық және кәсіптік білім беруді күшейту мақсатында қабылданды. Түркістан облысы бұл бастаманы қолдап, жастарға кәсіптік бағдар беру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтарды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Облыста 50 колледжде 45 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 8 888 орын грант бөлінді. Агроөнеркәсіп, энергетика және техникалық бағыттар бойынша 5 мамандыққа тапшылық анықталды. Алдағы уақытта колледждерде өңірдің экономикалық қажеттілігіне сай жұмысшы кадрларын даярлауға бағытталады.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ел экономикасын дамыту үшін білікті жұмысшы кадрларын даярлау, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтардың мәртебесін көтеру. Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіру арқылы өндірістік сектор мен қызмет көрсету саласын маман кадрлармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл жыл аясында мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, колледждер мен өндіріс орындары арасындағы әріп естік байланыстар нығайтылады.
Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» жүзеге асыру үшін арнайы өңірлік жоспар әзірленген. Жоспар 7 негізгі бағыт пен 64 нақты қадамнан тұрады. Олардың ішінде төмендегідей маңызды бағыттар қамтылған: Кәсіптік бағдар беру: мектеп оқушылары арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, кәсіптік бағдар беру кабинеттері ашылады. Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру: дуалды оқыту жүйесін кеңейту, жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнату. Жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру: кәсіптік шеберлік конкурстарын, өндіріс орындарындағы тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру. Колледждердегі инфрақұрылымды жақсарту: заманауи құрал-жабдықтармен қамту, инновациялық зертханалар ашу. Еңбек нарығына бейімделген жаңа мамандықтар ашу: аймақтың индустриялық-экономикалық даму бағытына сәйкес жаңа оқу бағдарламаларын енгізу. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау: стартап жобаларға қаржылай қолдау көрсету, бизнес-инкубаторлар ашу.
Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде 50 колледж жұмыс істейді, олардың 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік. Бұл колледждерде түрлі бағыттағы жұмысшы мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярланып жатыр. Мемлекеттік колледждер тегін білім берумен қамтылған және студенттерге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Оның ішінде ауылшаруашылық саласы мамандарын – 10 (9 – мемлекеттік, 1 - жекеменшік), қызмет көрсету және туризм саласы мамандарын – 3 (3 – мемлекеттік), құрылыс саласы бойынша мамандарды – 11 (9 – мемлекеттік, 2 - жекеменшік) колледждер даярлауда. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 530 (оның ішінде 32 383 мемлекеттік тапсырыс) студент білім алуда (мемлекеттікте – 28 585, жекеменшікте – 16 945). 30 колледжде жұмысшы мамандар даярланады, студенттер саны – 16 100. Ағымдағы 2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс орналастырылған болатын, оның ішінде 8 678-і жұмысшы мамандықтары. 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған соның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9 500-ға ұлғайту жоспарланған.
2024-2025 оқу жылында облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 16 100 студент жұмысшы мамандықтары бойынша білім алды. Бұл жастардың жұмысшы саласына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Колледждерде білім беру үдерісі заманауи талаптарға сәйкес жаңартылып, студенттерге практикалық дағдыларды меңгеруге басымдық беріледі. Сонымен қатар, өндірістік тәжірибелер кәсіпорындармен бірлесіп ұйымдастырылады.2025-2026 оқу жылына Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант саны 9 500 орын болды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 822 орынға артық. Мемлекеттік тапсырысты ұлғайту – жұмысшы кадрларды даярлау сапасын арттыру мен нарықтың қажеттілігіне жауап беру мақсатында жасалып отырған қадам. Мемлекеттік грант иегерлері тегін білім алу мүмкіндігімен қатар, шәкіртақы, жатақханамен қамтамасыз ету секілді әлеуметтік қолдауға ие болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат