Жұма, 19 Желтоқсан 2025 10:50

Түркістан қаласында саясат пен кәсіпкерлік саласындағы әйелдерге арналған «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру семинар-тренингі ұйымдастырылды

Түркістанда әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту арқылы олардың саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуын арттыру мақсатында «Отбасы істері және гендерлік саясатты жүзеге асыру» жобасының аясында «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру семинар-тренингі өтті.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Лаззат Сүлеймен, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Жандосова, «AMANAT» париясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Облыстық әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрайымы Инара Намазбаева арнайы қатысты.

– «TOMIRIS» ақпараттық-білім беру семинар-тренингі – отбасылық құндылықтарды нығайту және әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі деп білемін. Бүгінгі жиында өзекті мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылады. Мамандар мен сарапшылардың тәжірибесі – өңіріміздегі атқарылып жатқан жұмыстарға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық өсімі ең жоғары өңір. Бүгінгі таңда облыста 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Әйелдердің өңір экономикасы мен мемлекеттік басқарудағы үлесі де айтарлықтай. Қазіргі таңда, 212 мыңнан астам кәсіпкердің 42 пайызы – әйелдер. Мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген 5 611 маманның 1 572-сі нәзікжандылар, оның ішінде 233-і басшылық қызметтерді атқаруда. Бұл – өңірдің экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуына әйелдер қауымының қосып отырған елеулі үлесінің дәлелі, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Семинар-тренингке қатысушылар қатарында бизнес-құрылымдардың өкілдері, отбасы істері және гендерлік саясатты жүзеге асыруда белсенділік танытып, өңірдің 17 аудан, қаласынан арнайы саяси менеджмент мектебіне іріктелген 85 іскер әйел, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Семинар-тренингтің күн тәртібі бойынша панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда «Саясаттағы әйелдер: өзгерістерістердің көшбасшылары» тақырыбында мәселелер талқыланды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тренинг соңында арнайы сертификаттармен марапатталды.

«Tomiris»-тің мақсаты әйелдерге елдің саяси өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік беріп, көшбасшылық дағдыларды үйрету арқылы арулардың басқарушылық әлеуетін жетілдіру болып табылады. Жалпы, республика бойынша көшбасшы әйелдердің мектебі жақсы қалыптасып келеді. Әр ауылдың өзінде кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер баршылық. Олардың арасында тек бизнеспен шектеліп қалмай, өзін жергілікті басқару ісінде де сынап көргісі келіп, «шешім қабылдау деңгейінде болғым келеді» деген ниетпен келген қыз-келіншектер көп. «Әйел бір қолымен – әлемді, екінші қолымен – бесікті тербетеді» дейміз. Расында, түрлі салада ерлермен иық тіресе қызмет етіп жүрген әйелдер қауымы кез-келген проблемада сыни көзқарас пен мейірімділікті тең ұстап, дұрыс шешім қабылдай алады. 

Мемлекеттік деңгейде қабылданған гендерлік теңдікке бағытталған бағдарламалар мен гранттар әйелдерге өзіндік ісін ашуға немесе біліктілігін арттыруға көмектесуде. Ал корпоративтік секторда әйелдерге арналған арнайы тренингтер, қаржы және психологиялық қолдау көрсету бастамалары қабылдануда. Мысалы, жұмыс орындарында икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі, қосымша кәсіби курстардан өту — осындай қолдаудың бір мысалы. Әйелдер көшбасшы ретінде жұмыс істегенде, олар тек өз ұжымына ғана емес, жалпы қоғамға да оң әсерін тигізеді. Әйелдер басқарған ұйымдар әдетте әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән береді. Сонымен қатар, олар жас ұрпаққа, әсіресе қыз балаларға үлгі болып, оларға жаңа белестерді бағындыруға деген сенімді арттырады.

Әйелдерге көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру — қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Болашақта әйелдерге арналған қолдау бағдарламалары мен мүмкіндіктер көбейсе, біз жаңа көшбасшылардың қалыптасуына куә боламыз. Көшбасшылық — тек мансап жолы ғана емес, бұл қоғамға оң өзгерістер әкелетін күш. Сондықтан, әйелдерге арналған көшбасшылық дағдыларды дамыту қазіргі қоғамның басты басымдықтарының біріне айналуы тиіс.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 37 рет