Азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй, жер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларына қатысты болды. Атап айтқанда, 6 тұрғын үй мәселесі, 4 жер теліміне қатысты сұрақ, 2 білім саласына байланысты өтініш, 1 денсаулық мәселесі және әлеуметтік қамту мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұсыныстар айтылды. Қала әкімі әрбір өтінішті жеке зерделеп, мәселелердің шешілуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындар көтерген сұрақтардың толық зерттеліп, заң аясында қажетті шаралар қабылданатынын да атап өтті. Айта кетейік, Түркістан қаласы әкімінің жеке қабылдауы бекітілген кесте бойынша әр айдың үшінші сәрсенбісінде өткізіледі. Қабылдауға жазылу Е-отініш ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығы - Фронт-офисте жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласын тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз қала ету жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осы мақсатта, қалалық әкімдік көше жарықтандыру жүйесін тұрақты түрде жетілдіруге және жаңғыртуға ерекше көңіл бөлуде. Жарықтандыру жүйесінің сапалы жұмысы тұрғындардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қоғамдық тәртіпті сақтауда шешуші рөл атқарады. Қазіргі таңда Түркістан қаласының аумағында жалпы саны 37 302 жарықтандыру нүктесі тұрақты жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш қаланың негізгі магистральдық және ішкі көшелерін толықтай қамтуға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, ішкі орам көшелеріне қосымша 450 дана жаңа шам орнатылды. Бұл шара тұрғын үйлердің маңындағы аумақтардың жарықтану деңгейін едәуір арттырып, қауіпсіздікті нығайтты. Барлық орнатылған шамдар заманауи, энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталған. Бұл тек электр энергиясын үнемдеуге ғана емес, сонымен бірге шамдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға да мүмкіндік береді. Қалалық инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес, жарықтандыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта 30 көшеде жаңа электр шамдарын орнату және жарықтандыру желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа аудандар мен бұрын жарықтандырылмаған аймақтарды қамтуға жасалынған жаңашылдық.
Түркістан қаласында 18 медициналық ұйым қызмет атқарады. Қала бойынша 269 285 тұрғын медициналық ұйымдарға тіркелсе, оның 219 135-і сақтандырылған, ал 48 792 тұрғын сақтандырылмағаны анықталды. Сонымен қатар, қала тұрғындарының 87%-ы мобильдік қосымшаны белсенді қолданып, жыл басынан бері электронды қабылдауға жазылу саны 863 421-ге жеткен. Электрондық медициналық жазбалар көлемі 1,3 миллионнан асып, электрондық денсаулық паспорттарының қамтылуы 98,9%-ды құрайды.
Бүгінде Түркістан қаласында әлеуметтік 512 пәтерлі - 6 тұрғын үй және 1232 пәтерлі 24 кредиттік үй салынып жатыр. Таяуда ғана қала басшысы әкімдік тапысырымен салынып жатқан 5,2 гектарды құрайтын арендалық және кредиттік «Жібек жолы» тұрғын үй кешені мен Отырар мөлтек ауданындағы 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысқаны белгілі. Қазіргі таңда Отырар мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылысы толық аяқталып, Отбасы банкі арқылы - 600 пәтердің конкурсы өтуде. Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс сапасын басты назарға алып, мердігер мекеме басшыларымен кездесу барысында кемшіліктерді ретке келтіріп, талапқа сай, уақытылы аяқтау қажеттігін атап өткен болатын. Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асып, халықты баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Осы ретте айта кетейік, Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, бүгінде заманауи даму жолына түскен шаһар ретінде де танылып келеді. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада тұрғын үй көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165 400 болса, 2025 жылы 270 мыңнан асты. Тұрғындар саны өскен сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген сұрақтың туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу – облыс, қала әкімдерінің басты міндеті. Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп бар.
Былтыр Түркістанда тұрғын үй кезегі бойынша 190 пәтер кілті тапсырылды. Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров халықты тұрғын үймен қамтамсыз ету, тұрғын үй қоры мәселелері, көппәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйін, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету механизмін жетілдіруді, баспана кезегіндегі заңсыздықтарға жол бермеуді үнемі назарда ұстайды. – Басты мақсат – қаржы мүмкіндігіне қарай халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жаңа механизм қарастыруды, өңірлік бағдарлама аясында ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Баспана шын мұқтаж отбасыларға берілу керек. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсау – басты міндет. Сондықтан мониторинг жұмыстарын күшейту қажет. Тиімсіз жобаларды қаржыландырмай, қаржыны тұрғындар үшін қажетті жобаларға бағыттаған жөн. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін реттеу, жөндеу жұмыстарын жүйелеңіздер, – дейді Нұралхан Көшеров.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат