Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025 19:56

Түркістан қаласында ойын және спорт алаңшаларының инфрақұрылымы кеңейіп, жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Түркістан қаласында қазіргі таңда 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қала аумағында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз жағдайда ойнауына, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Биыл 40 ойын алаңшасына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың жабдықтары толықтай жаңартылды және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді. Сонымен қатар, тұрғындар сұранысы мен қала қажеттіліктеріне сәйкес жаңа нысандар салу жұмыстары да қарқын алған. Осы жылы Түркістан қаласында 9 жаңа ойын және спорт алаңшасы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары негізінде Қазыбек би, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов, Р.Дастанова көшелерінде жаңа балалар ойын алаңшалары бой көтерді. Ал Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелерінде заманауи футбол алаңшалары қолданысқа берілді.

Барлық нысандардың құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, бүгінде толық аяқталды. Әр алаңша сапа стандарттарына сай жабдықталып, аумағы абаттандырылды және көгалдандырылды. Қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым талапқа сай ұйымдастырылған. Алдағы даму жоспарына сәйкес, 2026 жылға дейін Түркістан қаласының 10 аумағында қосымша ойын және спорт алаңшалары салынып, пайдалануға берілмек. Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Егер ойын немесе спорт алаңшаларында бүліну, бұзақылық немесе ақаулар байқалған жағдайда, 109 байланыс нөміріне хабарласу ұсынылады.

Осы тұста айта кетсек, Түркістан қаласын тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз қала ету жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осы мақсатта, қалалық әкімдік көше жарықтандыру жүйесін тұрақты түрде жетілдіруге және жаңғыртуға ерекше көңіл бөлуде. Жарықтандыру жүйесінің сапалы жұмысы тұрғындардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қоғамдық тәртіпті сақтауда шешуші рөл атқарады. Қазіргі таңда Түркістан қаласының аумағында жалпы саны 37 302 жарықтандыру нүктесі тұрақты жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш қаланың негізгі магистральдық және ішкі көшелерін толықтай қамтуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, ішкі орам көшелеріне қосымша 450 дана жаңа шам орнатылды. Бұл шара тұрғын үйлердің маңындағы аумақтардың жарықтану деңгейін едәуір арттырып, қауіпсіздікті нығайтты. Барлық орнатылған шамдар заманауи, энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталған. Бұл тек электр энергиясын үнемдеуге ғана емес, сонымен бірге шамдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға да мүмкіндік береді. Қалалық инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес, жарықтандыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта 30 көшеде жаңа электр шамдарын орнату және жарықтандыру желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа аудандар мен бұрын жарықтандырылмаған аймақтарды қамтуға жасалынған жаңашылдық.

Түркістандағы жарықтандыру желісі автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Бұл жүйе адам факторын азайтып, шамдардың уақытылы қосылып-өшірілуін қатаң бақылауда ұстайды. Көшелердегі шамдар кешкі 17:00-да қосылып, таңғы 07:00-де өшіріледі. Бұл режим қала тұрғындарының түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуына, қоғамдық тәртіптің сақталуына және қала келбетінің жақсаруына оң әсер етеді. Алдағы уақытта да жарықтандыру жүйесін жақсарту жұмыстары тоқтамайды. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту аясында келесі шаралар қолға алынады, жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасын табады. Бұл тозығы жеткен желілерді ауыстыру арқылы апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Қаланың дамуына сәйкес, жаңадан салынған аудандар мен әлеуметтік нысандардың маңында қосымша жарықтандыру нүктелерін орнату жұмыстары жүргізіледі. Тозығы жеткен және қауіптілік тудыратын электр бағаналарын ауыстыру шаралары қолға алынған. Бұл жұмыстар жүйенің сенімділігін арттыруға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Түркістан қаласының коммуналдық қызметтерінің тұрақты жұмысы қаланы жылдың кез келген уақытында жайлы, қауіпсіз және тартымды етуге бағытталған. Көше жарықтандыру жүйесін жүйелі түрде жетілдіру – қаланың сапалы дамуының ажырамас бөлігі.  

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет