Жексенбі, 21 Желтоқсан 2025 13:19

Түркістан облысы: Арыс қаласында теміржол саласының үздік мамандары марапатталды

Арыс қаласында темір жол мекемелері мен кәсіпорындарында еңбек ететін қызметкерлер арасында «Үздік маман–2025» мерекелік байқауы жоғары деңгейде өтті. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өткен тағылымды шара «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы АҚ филиалының – «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» еңбеккерлері аясында ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат - теміржол саласындағы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, еңбек адамын дәріптеу, қызметкерлердің теориялық және практикалық дайындығын жетілдіру.

Шарада қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, теміржолшы мамандығы қала тарихында үлкен құрметке ие екендігін атап өтті. Бұдан бөлек, «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» директорының бірінші орынбасары Жомарт Мырзабеков, Шымкент кәсіподақ филиалының төрайымы Нағима Салықбаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, сала ардагерлері мен еңбек адамдарының қажырлы еңбегіне құрмет көрсетілді. Сондай-ақ қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан теміржолшыларды еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Байқау барысында қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Алдымен теориялық білімдерін тестілеу арқылы дәлелдесе, кейін практикалық тапсырмалар орындап, кәсіби шеберліктерін көрсетті. Сарапшылар алқасы нәтижелерді әділ бағалап, үздіктерді анықтады. Байқау қорытындысы бойынша келесі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды: «Үздік жол жөндеуші» (жол шаруашылығы бойынша);

«Үздік байланысшы» (ШЧ шаруашылығы бойынша);

«Үздік энергетик» (электрмен жабдықтау шаруашылығы бойынша);

«Үздік машинист» (ССПС машинистері арасында);

«Қалпына келтіру пойызы бойынша үздік маман»;

«Үздік өрт сөндіруші» (өрт сөндіру пойыздары бойынша);

«Үздік вокзал қызметкері».

Аталған номинациялар бойынша үздік деп танылған теміржолшыларға арнайы сыйлықтар мен қаржылай сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосып, өз қызметінде жоғары жауапкершілік танытып жүрген бірқатар еңбеккерлерге Арыс қаласының әкімі атынан Алғыс хаттар табысталды. Қала басшысы еңбек адамына көрсетілетін құрмет – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай байқаулар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға серпін беретінін жеткізді. Мерекелік кеш патриоттық рухтағы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 180 рет