Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев сөз сөйлеп, аудан тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, өндіріс саласын дамытуға қосқан үлестері үшін еңбек адамдарына шынайы алғысын білдірді. Ол әрбір жұмысшының жауапкершілігі мен табандылығын ерекше атап өтіп, олардың кәсіби еңбегі еліміздің дамуына қосылған маңызды үлес екенін айтты. Салтанатты жиында бірқатар азаматтарға «Алғыс хаттар» табыс етті.
Сонымен қатар, марапаттау рәсімінде аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров сөз сөйлеп, еңбек адамының қоғамдағы орны қашанда ерекше екенін атап өтті. Ол кәсіби шеберліктің Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, үздік жұмысшыларды арнайы Грамоталармен марапаттады. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрермен назарына ұсынды. Әншілердің орындауындағы әсем әндер қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекелік шараның сәнін арттырды.
Мемлекет басшысы 2025 жылды«Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны туралы жоғарыда айтып өттік. Бұл шешім еңбек нарығындағы сұранысты ескеріп, техникалық және кәсіптік білім беруді күшейту мақсатында қабылданды. Түркістан облысы бұл бастаманы қолдап, жастарға кәсіптік бағдар беру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтарды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Облыста 50 колледжде 45 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 8 888 орын грант бөлінді. Агроөнеркәсіп, энергетика және техникалық бағыттар бойынша 5 мамандыққа тапшылық анықталды. Алдағы уақытта колледждерде өңірдің экономикалық қажеттілігіне сай жұмысшы кадрларын даярлауға бағытталады.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ел экономикасын дамыту үшін білікті жұмысшы кадрларын даярлау, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтардың мәртебесін көтеру. Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіру арқылы өндірістік сектор мен қызмет көрсету саласын маман кадрлармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл жыл аясында мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, колледждер мен өндіріс орындары арасындағы әріп естік байланыстар нығайтылады.
Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» жүзеге асыру үшін арнайы өңірлік жоспар әзірленген. Жоспар 7 негізгі бағыт пен 64 нақты қадамнан тұрады. Олардың ішінде төмендегідей маңызды бағыттар қамтылған: Кәсіптік бағдар беру: мектеп оқушылары арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, кәсіптік бағдар беру кабинеттері ашылады. Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру: дуалды оқыту жүйесін кеңейту, жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнату. Жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру: кәсіптік шеберлік конкурстарын, өндіріс орындарындағы тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру. Колледждердегі инфрақұрылымды жақсарту: заманауи құрал-жабдықтармен қамту, инновациялық зертханалар ашу. Еңбек нарығына бейімделген жаңа мамандықтар ашу: аймақтың индустриялық-экономикалық даму бағытына сәйкес жаңа оқу бағдарламаларын енгізу. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау: стартап жобаларға қаржылай қолдау көрсету, бизнес-инкубаторлар ашу.
Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде 50 колледж жұмыс істейді, олардың 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік. Бұл колледждерде түрлі бағыттағы жұмысшы мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярланып жатыр. Мемлекеттік колледждер тегін білім берумен қамтылған және студенттерге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Оның ішінде ауылшаруашылық саласы мамандарын – 10 (9 – мемлекеттік, 1 - жекеменшік), қызмет көрсету және туризм саласы мамандарын – 3 (3 – мемлекеттік), құрылыс саласы бойынша мамандарды – 11 (9 – мемлекеттік, 2 - жекеменшік) колледждер даярлауда. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 530 (оның ішінде 32 383 мемлекеттік тапсырыс) студент білім алуда (мемлекеттікте – 28 585, жекеменшікте – 16 945). 30 колледжде жұмысшы мамандар даярланады, студенттер саны – 16 100. Ағымдағы 2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс орналастырылған болатын, оның ішінде 8 678-і жұмысшы мамандықтары. 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған соның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9 500-ға ұлғайту жоспарланған.
2024-2025 оқу жылында облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 16 100 студент жұмысшы мамандықтары бойынша білім алды. Бұл жастардың жұмысшы саласына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Колледждерде білім беру үдерісі заманауи талаптарға сәйкес жаңартылып, студенттерге практикалық дағдыларды меңгеруге басымдық беріледі. Сонымен қатар, өндірістік тәжірибелер кәсіпорындармен бірлесіп ұйымдастырылады.2025-2026 оқу жылына Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант саны 9 500 орын болды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 822 орынға артық. Мемлекеттік тапсырысты ұлғайту – жұмысшы кадрларды даярлау сапасын арттыру мен нарықтың қажеттілігіне жауап беру мақсатында жасалып отырған қадам. Мемлекеттік грант иегерлері тегін білім алу мүмкіндігімен қатар, шәкіртақы, жатақханамен қамтамасыз ету секілді әлеуметтік қолдауға ие болады.
Мемлекет жұмысшы мамандықтарын таңдаған студенттерге айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетеді. 2025 жылы төмендегідей көмек түрлері қарастырылған: Мемлекеттік грант иегерлері үшін оқу ақысы толық төленеді (орташа грант құны – 480 331 теңге). Ай сайынғы шәкіртақы мөлшері – 43 575 теңге (үздік студенттерге – 50 110 теңге). Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге – 56 646 теңге. Көз және құлақ мүгедектігі бар студенттерге – 75% қосымша көмек. Киім-кешекке жылына 2 рет 200 000 теңге беріледі. Жол жүру ақысы ретінде жылына екі рет 8 000 теңге қарастырылған. Жатақхана немесе жалдамалы тұрғын үй шығындарын өтеуге қосымша көмек көрсетіледі.
Кәсіптік бағдар беру – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтерудің негізгі бағыттарының бірі. Облыста 9-11 сынып оқушыларына арналған мынадай кәсіптік бағдарлау шаралары жүзеге асырылады: Мектептерде кәсіптік бағдар беру бұрыштары ашылып, мамандықтар туралы толық ақпарат берілуде. Кәсіпорындармен бірлесіп «Ашық есік күндері» өткізіліп жатыр. Оқушыларға колледждер мен өндірістік орындарға экскурсиялар ұйымдастырылған. Мамандар мен табысты жұмысшылардың қатысуымен кәсіби бағдар беру семинарлары өткізілді. Оқушыларға арналған «Мамандықтар жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Ата-аналармен кездесулер өткізіліп, жұмысшы мамандықтары туралы толыққанды ақпарат беріліп келеді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында халық саны 2 150,2 мың адам, экономикалық белсенді халқы 858,8 мың адамды, оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 818,7 мың адам. Жұмыссыздар саны 40,0 мың адамды құрайды. 2025 жылы облыс әкімімен бекітілген «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орындарын (83 554 тұрақты, 47 215 уақытша жұмыс орындары) ашу жоспарланса, оның ішінде «Еңбек бағыты» бойынша 104 100 жұмыс орындары құрайды (59 014 тұрақты, 45 086 уақтыша жұмыс орын).
Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады.Сондықтан, әлеуметтік көмекке жүгінушілер саны өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Дегенмен, жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды. Кедейлік деңгейі 4,4%-ға төмендеді. Биылғы 10 айда 130 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш – өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді. 2025 жылдың 1 қарашасындағы жағдаймен 121 796 жұмыс орыны ашылып, 76 379 тұрақты, 45 417 уақытша жұмыс орындарын құрайды. Оның ішінде, бағыттары бойынша Қазақстан Республикасы Президентімен бекітілген Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар аясында 375 инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында 4 074 жұмыс орындарын ашу көзделіп, бүгінгі таңға 334 жоба аясында 3 782 адам жұмысқа жолданды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын құру» тапсырмасына сәйкес 32 429 жұмыс орындары ашылды (жоспар 22 595 орын). «Еңбек» бағыты аясында нақты 83 548 адам жұмыспен қамту шараларына жолданды. Оның ішінде:
- 39 675 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданып, жылдық жоспардың 69,3%-ы орындалды (жоспар 57 221 адам);
- 31 501 адам субсидияланатын жұмыс орындарына қатысып (2024 жылдан өтпелі 12 621 адам), жоспар 97,0%-ы орындалды (жоспар 32 465 адам).
Сонымен қатар жұмыссыздарға кәсіптік білім беру мақсатында Еnbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 5 343 адам онлайн оқытудан өтіп (жоспар 4 100 адам), 5 207-і немесе 97,5%-ы сертификат алды. Өз кәсібін бастау мақсатында жұмыссыздар қатарындағы 5 241 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды (жоспар 5 210 адам). Жаңа-бизнес идеяларын дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіште 1 788 адамға 2,8 млрд теңгеге грант берілді (жоспар 1 793 адам). Жалпы, жұмыспен қамту шараларына қаралған 30 469,4 млн теңге қаржының 23 690,5 млн теңгесі игерілді (77,7%). Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,6 (жоспар 4,9%), жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4%-ды құрады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат