Сенбі, 20 Желтоқсан 2025 13:53

Түркістан облысында энергетика саласының еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

Түркістан қаласында Энергетиктер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, облыстың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан еңбеккерлер марапатталды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Құрметті энергетика саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Cіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Энергетика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, жаңа қуат көздерін дамыту – негізгі стратегиялық міндет екенін атап өтті. Энергетика – өңірдің тұрақты дамуын айқындайтын маңызды бағыт. Облыста бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Өңірлерге жарық пен жылудың үздіксіз берілуі, өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істеуі, әлеуметтік нысандардың толыққанды қызмет атқаруы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы деп білемін. Сіздердің халыққа жарық пен жылу жеткізу жолындағы қызметтеріңіз әрдайым құрметке лайықты. Біз бүгін саладағы үздік мамандарды арнайы марапаттайтын боламыз. Бұл – еңбектеріңізге деген шынайы алғыс пен құрметтің айқын белгісі. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз ең жоғары кәсіби қызыметтеріңіздің арқасында өңірімізде энергетиалық қауіпсіздік мен тұрақтылық қамтамасыз етіліп келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Мерекелік шарада Зұлпыхар Жолдасов өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек адамына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалін, «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілерін табыс етті. Сонымен қатар сала үздіктері Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» Құрмет граммотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және облыс әкімінің бірінші орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Түркістан облысы мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар азаматқа Облыс мәслихатының Грамотасын табыстады. Сонымен қатар Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сариева сала мамандарына алғысын жеткізіп, аяндай еңбек етіп жүрген азаматтарды Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Алғыс хатымен марапаттады. Марапатталған азаматтардың қатарында электргаз дәнекерлеушісі, инженер, тас қалаушы, менеджер, қосалқы станция қызметінің аға шебері, сылақшы-бояушы, электрослесарь, оператор сияқты еңбек адамдары бар.

Жалпы, Түркістан облысында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Биыл Төлеби, Жетісай аудандарында инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған 110 киловолттық «Алатау», «Жетісай» қосалқы станциялары іске қосылды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас аудандарында 220 киловолттық «Бадам», «Хим комплекс» қосалқы станцияларының құрылысы іске асырылуда. Жақында Сауран ауданында қуаты 300 мегаваттық күн электр станциясының құрылысы басталды. Одан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС осы жылы инвестициялық бағдарламаға сәйкес, 6 дана 110-35 кВ-тық қосалқы станция, 357 шақырым электр желісіне, 89 трансформатор қондырғыларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүр (жалпы 445 МВт, оның ішінде 338,8 МВт сыртқы көздер есебінен). Аталған мәселені шешу үшін 6 маңызды жобала қолға алынды. Атап айтқанда: «Самұрық Қазына» қорымен Сайрам ауданында қуаттылығы 1 000 МВт болатын бугаз стансасының құрылысы басталды. Жоба құны 800 млрд теңге. Келесі жылы құрылысын аяқтау жоспарлануда, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина стансасы салынады. Жалпы құны 155 млрд теңге. 

Бүгінгі таңда, конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда: Түлкібас ауданында 320 МВт-тық бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт-тық 2 күн электр стансасының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі 2025–2027 жылдар, Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр стансасының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі 2026–2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 трлн.теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде, жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Сауран ауданындағы күн электр стансасы туралы кеңірек айта кетсек. Таяуда ғана Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Аталған жоба – өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.

– Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 млрд. теңгені құрайды. Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде және жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, барлық министрліктер мен мекемелерге, сондай-ақ серіктес компания «Energy China» басшылығына алғыс айтқым келеді. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін. Бүгінгі салтанатты рәсім – үлкен жұмыстың бастамасы. Жобаның табысты жүзеге асуына тілектеспін, – деді Нұралхан Көшеров.

Бейнебайланыс арқылы сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды. Сонымен қатар бейнебайланыс «China Energy Group» президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.

Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті: «Самұрық - Энерго» үшін бұл станцияны салу – инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз», деді. «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді. Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді. Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін береді.

Облыс көлемінде орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету қызметімен айналысатын 7 коммуналдық кәсіпорын бар («Кентау Сервис» МКК, «Жылу» МКК, «Арыс жылу» МКК, «Сарыағаш Тұрмыс» МКК, «Ленгер-су» МКК, «Шолаққорған-су» МКК, «Отырар-жылу» МКК). Оның ішінде, Кентау қаласындағы №5 жылу энерго орталық (бұдан әрі – ЖЭО) бойынша: Жаңа газ турбиналы электр стансасын салу арқылы Кентау қаласындағы Кентау №5 ЖЭО-ны кеңейту. Бұл ұсынысты іске асыруды – «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС ұсынуда. 

Станса сағатына 240 МВт электр энергиясын өндіру арқылы өңірдің электр энергиясына деген дефицитті төмендетіп, тұрақты электр энергиясымен қамту көзделуде. Станса арқылы өндірілген 160 Гкал жылу энергиясы Кентау қаласын сапалы және үздіксіз жылу энергиясымен қамтамасыз ететін болады. Құны 166 млрд теңгені құрайтын станса құрылысы толықтай инвестордың жеке қаражаты есебінен іске асырылады. Бүгінгі таңда жобаны құқықтық рәсімдеу мақсатында дайындалған келісімшарттың жобасы әзірленіп, электронды порталға орналастырылды. Кентау қаласына мемлекеттік міндеттеме қабылдау үшін жоба жергілікті мәслихаттың кезекті отырысының қарауына енгізілді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2026–2028 жылдарға белгіленген.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы. Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша. Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.

Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек», — деген болатын. Осыған орай биыл қазан айының 28-сінде Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика саласындағы 2035 жылға дейінгі міндетті атады. Ол атағандай, бүгінде энергетика саласы әлемдік экономикада маңызды рөл атқарады. Электр энергетикасының дамуы ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарынан бастап шағын бизнеске дейін бүкіл өнеркәсіп саласының өсу қарқынына тікелей әсер етеді. «Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек», — деп атап өтті О.Бектенов. Ол үшін дәстүрлі генерациямен қатар, жаңартылатын қуат көздері және атом энергиясы сияқты баламалы энергетиканы дамыту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда электр энергиясының негізгі генерациясын көмір станциялары өндіреді. Сондықтан біз алдағы уақытта дәстүрлі энергетиканы дамытуға да баса мән беретін боламыз. Сонымен бірге қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту және кеңейту шаралары іске асырылып жатыр», — деді Премьер-министр отырыста. Оның айтуынша, республиканың батыс аймағын Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру, сондай-ақ оңтүстік аймақтың желілерін күшейту қолға алынды. «Осы міндеттерді жүзеге асыру еліміздің барлық өңірін энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір пайыз қосылған қуат көзі экономиканың өсуіне, жаңа инвестициялардың келуіне жол ашады», — дейді Үкімет басшысы.

Ал 17 желтоқсан күні Энергетиктер күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Президенті атынан кәсіби мерекесімен құттықтап, сала қызметкерлері мен ардагерлеріне мемлекеттік наградалар табыс ету барысында: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндет қойды. Осы орайда өндіріс орындарының тиімді жұмысы, шағын және орта бизнестің дамуы, коммуналдық сектордың тұрақтылығы және азаматтарымыздың тұрмыс сапасы бірінші кезекте энергетиктердің табанды еңбегімен тікелей байланысты екенін атап өткім келеді», — деді.Премьер-министр энергетика саласындағы негізгі жетістіктерді атап өтті. Онда бүгінгі таңда 53 мыңнан астам маман: монтерлер, электротехниктер, инженерлер, операторлар және басқа да кәсіп өкілдері еңбек етеді.

Еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесі ірі инфрақұрылымдық кешен ретінде тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Биыл электр энергиясын өндіру көлемін 122 млрд киловатт-сағатқа дейін ұлғайту жоспарланған (2024 жылы – 117,9 млрд киловатт-сағат). Президент тапсырмасы бойынша электр энергетикасы саласын жаңғырту және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде энергия өндіруші кәсіпорындардың жобалық қуаты мен сенімділігі артып, жылу электр стансаларының орташа тозу деңгейі 61%-ға дейін төмендеген. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы генерация секторына капиталдың нақты ағынын қамтамасыз етті. Мәселен, биылдың өзінде электр стансаларын жаңғыртуға шамамен 350 млрд теңге бағытталды. Оңтүстік аймақтың электр желісін күшейту және Батыс Қазақстанның энергия жүйелерін Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру басталды. Сондай-ақ Олжас Бектенов 2025 жыл энергетика саласы үшін сапалы өзгерістерге толы болғанын атап өтті. 

Ал таяуда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің, Павлодар облысының және Алматы қаласының әкімдері, ірі энергетикалық кәсіпорындардың басшылары мен сарапшылар қоғамының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша «ең үздік қолжетімді техникаларға» көшу және орнықты даму есептілігін (ESG) кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның энергетика саласына ластаушы заттардың жалпы көлемінің жыл сайынғы шамамен 39%-ы тиесілі екенін баяндады. Өңірлер арасында ластаушы заттар көлемінің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі, ондағы негізгі ластаушылар – Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2. Сонымен қатар, Алматы қаласында да ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр. 

Эмиссияларды қысқарту мәселелері бойынша «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ және «Алматы электр стансалары» АҚ басшылары тыңдалды. Орнықты даму қағидаттарын сақтау мақсатында үш нысанда эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі (МЖАЖ) енгізіледі. Деректер Экология министрлігіне нақты уақыт режимінде беріледі. Толық қосылу 2026 жылға жоспарланған.Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Президенттің «таза көмір» технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Мәселен, жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде жаңа кәсіпорындар неғұрлым қатаң экологиялық стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс істеуде.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша міндеттер қойды. Біз «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз, онда ауаның ластануын азайту және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша негізгі индикаторлар айқындалған. Оларға қол жеткізу – барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тікелей міндеті. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды және күл-қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қамтамасыз етуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Одан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына энергетика саласын түпкілікті жаңғырту міндетін қойды.

«Таза көмірдің» заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл көмір электр стансаларының тиімділігін арттырады және қоршаған ортаға зиянды заттар бөлуді азайтады. Әсіресе біз осындай қорға ие бола тұра, көмір генерациясынан бас тарта алмаймыз, бұл – объективті шындық. Сондықтан оны қолдана беретініміз анық. Бұл ретте көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Жаңа технологиялар көмірді жағу кезінде зиянды қалдықтар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Энергия көздерін жаңғыртудағы әрбір жұмыстың нәтижесі ластаушы заттарды ең аз бөлу талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бұған ұмтылу керек және осы басты межеден ауытқымау қажет. Біздің алдымызда үш ЖЭО салу бойынша және Екібастұздағы жаңа энергоблоктар бойынша үлкен жобалар тұр. Бұл жаңа жобалардың барлығы зиянды қалдықтарды мүлдем шығармайтындай жаңа талаптар бойынша жүзеге асырылады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Жиын қорытындысы бойынша Олжас Бектенов заманауи «таза көмір» технологияларына жедел көшуге қатысты шара қабылдауға тапсырма берді. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыру кезінде тек қана таза технологиялар қолданылуы керек. Энергетика министрлігіне энергетика секторын цифрландыру бөлігінде ЖИ-дің озық технологияларын, сондай-ақ салада қолдану үшін қолда бар отандық цифрлық шешімдерді зерделеу тапсырылды. Бұдан басқа, қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың заманауи технологияларын енгізу арқылы барлық қалдықтарды кейіннен қайталама айналымға тарта отырып, барлық өнеркәсіптік қалдықтарды түгендеуді жүргізу тапсырылды. Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін Қазақстандағы ең ірі ТОП-50 компания «ең үздік қолжетімді технологияларды» енгізу негізінде кешенді экологиялық рұқсаттар алу рәсімін бастады. Бүгінде тиісті жол карталары жүзеге асырылуда.Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке экологиялық талаптарды күшейту, таза технологияларды жедел енгізу және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 192 рет