Сенбі, 20 Желтоқсан 2025 09:26

Түркістан облысы әкімінің халықпен кездесуіндегі айтылған мәселе шешімін тауып, Жетісай ауданындағы Тың елді мекені табиғи газға қосылды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Мақталы ауылдық округі Тың елді мекенінің табиғи газға қосылу шарасына қатысты. Тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Халықпен кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді.

– Бүгін Жетісай ауданында қуанышты сәтте жиналып тұрмыз. Аймақтардың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі сапарымда өздеріңізбен жүздесіп, Тың ауылын табиғи газға қосқалы отырмыз. Бұл мәселе биыл аудан тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген еді. Мәселе шешімін тауып отыр. Біз облысымыздың елді мекендерін газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. 2025 жылы 46 жобаның құрылысы аяқталады. Газдандыру деңгейін 75 пайызға ұлғайтып, 606 елді мекен көгілдір отынды пайдаланатын болады. Оның ішінде соңғы үш жылмен салыстырғанда бір ғана Жетісай ауданын табиғи газбен қамту көрсеткіші 22 пайызға артты. Бұл жұмыстар облысымыздың басқа аудандарында да жүргізілуде. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтай отырып, әр шаңыраққа жылу, береке, амандық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров. Өңір басшысы аудан ақсақалдары мен тұрғындарымен кездесуде облыста мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстарды да баяндады. Мақтаны өсіруден бастап, терең өңдеп, киім тігуге дейін жоспар жасалғанын, мақта егуде жаңа технологияларды енгізу маңызды екенін жеткізді.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аталмыш елді мекеннің газ құрылысы жұмысы биыл мамыр айында басталып, қазан айының соңында аяқталған. Облыстық бюджеттен бөлінген 164,2 млн теңгеге жүргізілген жалпы ұзындығы 7,9 шақырым құбырдың 0,9 шақырымы жоғары қысымды болса, 7 шақырымы төмен қысымды. 942 тұрғын тұратын шағын ауылда 133 абонент бар. Айта кетейік, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудандағы 105 елді мекеннің 93-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жеткен. Өткен жылы 4 елді мекенге газ берілсе, биыл 14-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Биыл Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жобаға тиісті қаржы қаралды. Осы жылы 34 елді мекендегі 38 жобаның құрылысы аяқталады. Ал 16 елді мекендегі 26 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жоспар толық орындалмақ. Қалған 42 елді мекен шалғай орналасқан, халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровгаздандыру жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан аудан, қала әкімдерін сынға алып, бірқатар міндет жүктеп келеді. Апталық аппарат жиындарының бірінде өңір басшысы – Ең басты мақсат – біздің жеткізген табиғи газды халықтың пайдалануы. Аудан, қала әкімдері тиісті мекемелермен бірлесіп, нақты жұмыстарды жүргізу қажет. Газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Атқарылған жұмыстар бойынша күнделікті мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, аудан, қалалардағы газ нысандарына қатысты анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде ретке келтіруді тапсырамын, – деп, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берген болатын.

Жиында өңір елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев есеп берді. Оның мәліметінше, облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен жабдықталу көрсеткіші 62,4% құрады. Оның ішінде, Түркістан облысында 85,5% халық немесе 563 елді мекен (69,7%) табиғи газбен қамтылып, өңірлер арасында 8 орында тұр.

Өткен жылы облыс аумағында 115 нысанның құрылысы іске асырылды. Соның ішінде, 70 нысанның құрылысы аяқталып, 45 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болды. Бүгінде Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында табиғи газбен қамту деңгейі төмен. Ал, Созақ ауданы мүлдем газдалмаған. Қазіргі уақытта Созақ аудандағы АГТС мен елді мекендегі нысан құрылысы толығымен аяқталып, қосылу нүктесі Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысаны болғандықтан, жоба құрылысының аяқталуы күтілуде.

Сонымен қатар Түркістан қаласында жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тауарлық газға сұраныс артуда. Қолданыстағы қуаттылығы 100,0 мың м3/сағ құрайтын №15 «Түркістан» АГТС-і жүктемелік режимде жұмыс істеуде. Осы орайда, қаланың табиғи газ қуаттылығын арттыру мақсатында қосымша АГТС орнатуымен айналма газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазіргі таңда жобаның газ құбыры трассасының топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп, мүдделі органдармен келісілуде. Жоспарлау, жоба әзірлеу бағытындағы кемшіліктер айтылып, тиімсіз жобалар әрдайым ортаға салынып келеді. Газдандыру нысандарын коммуналдық меншіктен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі талқыланып, шешу жолдары қарастырылуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 162 рет