Бейсенбі, 18 Желтоқсан 2025 18:12

Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғалуы және өзекті мәселелері талқыланды.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда басқармаға қарасты 12 коммуналдық мемлекеттік мекеме мүгедектігі бар азаматтарға түрлі қызметтер көрсетуде. Қазіргі таңда республика бойынша 737,4 мың мүгедектігі бар адам тіркелсе, оның 102 401-і Түркістан облысында есепте тұр. Бұл көрсеткіш облыс халқының 4,6%-ын, ал республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14% құрайды.

Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында биыл жалпы көлемі 19,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Соныман қатар ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту бағдарламасы аясында көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру үшін 2026-2028 жылдарға жалпы 44,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Енді бұл қаржы келесі жылдан бастап аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің балансына беріледі. Осыған байланысты бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жүргізу жоспарланған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы жұмыстарды ширатып, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау бағытында жанашырлықпен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына әлеуметтік қолдауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырып, оларды қоғамға әлеуметтік тұрғыдан кіріктіру мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі және бірізді шаралар қабылдануда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан және ол үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл жүйе Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды: мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі көмек; әлеуметтік оңалту шеңберінде қажет деп танылған ағза функцияларын қалпына келтіру; арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету; жұмыспен қамту шаралары; кедергісіз орта құру. Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында ЕХӘҚМ жанында мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің негізгі мақсаты – мемлекет пен азаматтық қоғам арасында диалогтық алаң құрып, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады. Қазақстанда орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс, қала, аудан әкімдерінің жанында мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшілер институты жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 140-тан астам кеңесші жергілікті деңгейде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін шешуге көмектесіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған ұсыныстар әзірлеуге атсалысуда.

Өткен жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны жүзеге асыру бойынша алғашқы ұлттық баяндамасын қорғады. БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалап, бірқатар маңызды ұсынымдар берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, БҰҰ ұсынымдарын, халықаралық тәжірибені және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, ЕХӘҚМ 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Бұл құжат медициналық-әлеуметтік үлгіден әлеуметтік-құқықтық үлгіге көшуді көздейді. Тұжырымдаманың басты мақсаты – Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту. Тұжырымдаманы іске асыру – әрбір азамат өзінің даму ерекшеліктеріне қарамастан, лайықты өмір сүріп, өз әлеуетін толық іске асыра алатын қоғам қалыптастыруға жол ашады.

Мемлекет мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауда. Жыл сайын республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылардың және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүргізілетін төлемдердің мөлшері индекстеліп отырады. 2025 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны елімізде 544 мың адамды құрады. Жыл басынан бері аталған жәрдемақыны төлеуге республикалық бюджеттен 382 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін күнкөріс минимумының көлеміне байланысты белгіленеді. 1 қазанға қарай мүгедектік бойынша МӘЖ-нің орташа мөлшері 78 267 теңгені құрады.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері: 110,3 мың адам – мүгедектігі бар баланы күтуге арналған жәрдемақы алды (жалпы сомасы 59,9 млрд теңге) және 51,6 мың адам – бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтуге арналған жәрдемақы алды (жалпы сомасы 29,8 млрд теңге).

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақылардан бөлек, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады. Бұл төлемдердің мөлшері әрбір адам үшін жеке есептеледі және әлеуметтік аударым жасалған орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициентіне, сондай-ақ жүйеге қатысу өтіліне байланысты есептелінеді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 98 мыңнан астам адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды, төлемдердің жалпы сомасы 38,9 млрд теңгені құрады. 1 қазанға қарай бұл әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 72 087 теңге болды.

30 нозология бойынша мүгедектікті сырттай проактивті форматта белгілеу белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұл формат аясында азаматқа тек медициналық ұйымға жүгіну жеткілікті – қалған барлық процесс ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы оның қатысуынсыз жүзеге асырылады. 2025 жылдың 9 айында еліміздің барлық өңірінен осы форматта 79 мыңға жуық өтінім қаралды, оның ішінде 40 мың іс – денсаулық сақтау ұйымдарынан тартылған тәуелсіз сарапшылар арқылы бағаланды. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап, ағзада қайтымсыз өзгерістер туындайтын жекелеген нозологиялар бойынша мүгедектікті белгілеудің арнайы механизмі енгізілген пилоттық жоба іске асырылуда. Бұл тізімге аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, балалардағы мукополисахаридоз сияқты аурулар кіреді. Аталған жағдайда рәсімдер барынша оңтайландырылып, шешім қабылдау мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Мүгедектігі бар адамдар медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерге сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, арбалармен, санаторлық-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің, сондай-ақ ым-ишара тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталдың негізгі мақсаты – процестердің ашықтығын қамтамасыз ету, бәсекелестік арқылы сапаны арттыру және азаматқа еркін таңдау құқығын беру. Бүгінгі таңда Порталда 629 арнайы әлеуметтік қызметтер жеткізуші, 1045 оңалтудың техникалық құралдарымен жеткізуші, 32 мыңнан астам жеке көмекші қызметін ұсынушы, 751 ым-ишара тілі маманы, 134 санаторлық-курорттық ұйым тіркелген. Жыл басынан бері Портал арқылы мүгедектігі бар адамдар тарапынан 467 мыңнан астам тапсырыс орындалды. Қазіргі уақытта инватакси қызметін де Портал арқылы ұсынуға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне араласу мүмкіндігін қалыптастыру және туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру мақсатында арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық жағдайда және үйде күтім көрсету форматында көрсетіледі. АӘҚ азаматтардың жеке қажеттіліктеріне байланысты келесі 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау аясында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтардың қызметі лицензиялау арқылы реттеліп, жан басына қаржыландыру жүйесіне көшу жүзеге асырылуда, бизнес-процестер цифрландырылуда. Лицензиялаудың басты мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 93 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін ұйымдарға 578 лицензия берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2027 жылдың соңына дейін еліміздің 12 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл өңірлер: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент және Астана қалалары. Бүгінде Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 оңалту орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Атырау облысында тағы 1 орталық пайдалануға беріледі. Қалған 7 орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. «Қамқорлық» бастамасының үшінші кезеңін іске асыру шеңберінде аутизм спектрінің бұзылуы және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі ауысымдық орталықтарын ашу жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар келесі 7 қалада жұмыс істейді: Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Шымкент. Сонымен қатар, ЕХӘҚМ «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға арналған инновациялық оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба іске асыруда. Жоба төрт өңірде жүзеге асырылып жатыр, оған 230 бала қатысуда. Бірнеше ай ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: 83 бала өздігінен басын ұстай алады, 51 бала сүйенішсіз өздігінен отыра алады, 20 бала сүйенбей тұра алады, 16 бала өздігінен жүре бастады.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. 2025 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша, мүгедектігі бар 111,9 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбекке қабілетті жастағы Мүгедектігі бар адамдардың 30%-ын құрайды.Әлеуметтік кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына 2-ден 4%-ға дейінгі квота белгілейді. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында квота шеңберінде 6,3 мың адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Жыл басынан бері: 3,7 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 463 адам – жастар практикасы аясында, 524 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 5,6 мың адам – қоғамдық жұмыстарға, 715 адам – «Күміс жас» жобасы бойынша, 112 адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында, 9 адам – «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 1,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттен 400 АЕК-ке дейін (1,6 млн теңгеге дейін) грант алды.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2023–2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта республика бойынша 24 мыңнан астам нысан толық бейімделген.2023 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар институты жұмыс істейді. Олар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау арқылы қадағалайды. 2025 жылдың басынан бері инспекторлар елдің барлық өңірінде 1083 тексеріс жүргізді, оның ішінде: 433-і – профилактикалық бақылау шеңберінде, 420-сы – жоспардан тыс тексерулер, 230-ы – прокуратураның тапсырмасы бойынша өткізілді. Қазақстанның әр өңірінен мүгедектігі бар азаматтар оң өзгерістерді және өмір сапасының артқанын атап өтуде.

Мүгедектігі бар адамдар – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам. Қазастан Республикасындағы мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

Мүгедектігі бар адамдардың мынадай құқықтары бар:  

әлеуметтік қорғалуға, оның ішінде абилитациялауға, оңалтуға, қоғамға интеграциялануға;

мектепке дейінгі тәрбие алу мен оқу, білім алу үшін жағдайлармен қамтамасыз етілуге;

Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке;

арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлеміне;

кәсіптік даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабілетін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға;

инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне;

өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға;

Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;

мемлекеттік және өзге ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқығына ие болады.

Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің түрлері:

Мемлекеттік жәрдемақы, өтемақы және басқа да төлемдер

Жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін қосымша әлеуметтік төлемдер

Жұмыс берушілердің көрсететін қосымша әлеуметтік көмек түрлері және өзге де ұйымдармен.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту

1. Жұмыс орындарын квоталау.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар (ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде) мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2-ден 4% - ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді.

2. Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құру.

Механизм шеңберінде мүгедектектігі бар адамдарға арналған жұмыс орнын жабдықтаған және арнайы жұмыс орнын құрған жұмыс берушінің шығындары өтеледі.

2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің шығыстары 300 АЕК (1 млн.теңге) мөлшерінде бекітілді және өтеледі.

Бұдан басқа, жабдықталған арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады:

бірінші жылы жалақының 70% - мемлекет субсидиялайды (бұл ретте субсидияланатын бөлік 30 АЕК-тен (103,5 мың теңге) аспауға тиіс), 30% - жұмыс беруші субсидиялайды;

екінші жылы 65% - мемлекет, ал 35% - жұмыс беруші;

үшінші жыл 60% - мемлекет, ал 40% - жұмыс беруші.

3. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылады.

Ұлттық жоба шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтуге, «Электрондық еңбек биржасы» (enbek.kz) базасында онлайн оқытудан өтуге, бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз гранттар алуға, «Ұрпақтар келісімшарты», «Бірінші жұмыс орны», «Күміс жас» жобаларына қатысуға, сондай-ақ, «Жастар практикасы» жобасына жастар қатарындағы адамдар алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін ала алады.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектерге аптасына ұзақтығы отыз алты сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді, жыл сайын қосымша ақы төленетін еңбек демалысы ұзақтағы кемінде алты күнтізбелік күнге беріледі. Түнгі уақыттағы жұмысқа мүгедектің келісімімен және денсаулығына байланысты мұндай жұмысқа тыйым салынбаған жағдайда жол беріледі. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мүгедектік кезеңі бар зейнетақы аударымдардан мерзімсіз босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын төлеу мүгедектігі бар адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 68 рет