Қазіргі таңда шегіртке дернәсілдерінің жаппай көбеюінің алдын алу және зиянкестерді ерте кезеңде жою мақсатында топырақты аудару және өңдеу жұмыстары басталды. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде дернәсілдердің шоғырланған аумақтарының нақты координаттары анықталды. Бүгінде 115 гектар жер жартылып, өңделген жердегі күбіршелерге зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Өңделетін барлық жер көлемі Облыстық болжам-әдістемелік орталығының моиторинг жұмыстарының нәтижесінде анықталып, нақты координаттармен жүзеге асырылуда.
Бұл жұмыстармен жалпы облыс бойынша 8 аудан, қала қамтылмақ. Нақтырақ айтқанда, Арыс қаласы, Сарыағаш, Бәйдібек, Келес, Шардара, Сауран, Ордабасы және Қазығұрт аудандарында жүргізу жоспарланған. Облыс көлемінде жер жырту жұмыстарына 90 техника тартылуда. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы алқаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, өнімділікке төнетін қатерді азайтады. Айта кетейік, биыл облыс аумағында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 715 мың гектарға жүргізілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары.