Бұл нысан тасқын суды жинап, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалған. «Бәйдібек-ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су беру үшін «Сарқырама» каналы салынып жатыр. Ұзындығы 21,7 шақырым болатын бұл канал секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады және 2,5 мың гектар суармалы алқапты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде ұзындығы шамамен 21 шақырым болатын учаскеде жұмыстар толық аяқталды. Ал көлемі 1,2 млн текше метрді құрайтын «Қарақуыс» су қоймасы Түркістан облысының Төлеби ауданында салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Бұл нысан 500 гектар суармалы жерді сумен қамтуға мүмкіндік береді.
«Барлық жұмыс заманауи сапа стандарттарына сай жүргізіліп жатыр. Жаңа су қоймалары тасқын және еріген қар суын тиімді пайдалануға жол ашады, бұл су ресурстары азайып жатқан жағдайда аса маңызды. Қосымша суармалы алқаптарды игеруге, сондай-ақ Бөген су қоймасындағы су деңгейін қауіпсіз реттеуге мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы мен туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, Бөген өзені арқылы орташа жылдық су ағыны 165 млн текше метрге жетеді. Сондықтан бұл суды жинап, азаматтардың қажеттілігіне бағыттау маңызды», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиеселі. Мемлекет басшысының жаңа бөгеттер салу және су қоймалары құрылыстарын жүргізу тапсырмасы сәйкес, көктемгі тасқын суларды ұстап, суару маусымына тиімді пайдалану үшін, Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасы жобасының құрылысы жүргізілуде және Ордабасы ауданында «Боралдай», «Иқан су» су қоймаларын салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістан өңіріне 120 млн метр куб ағын су қосымша жеткізіліп, кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен 5,4 млрд теңге қаржы қаралып 13 су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар су нысандарын «Ислам даму банкі» қаржысын тарту есебінен қалпына келтіруде кешенді шаралар қабылдануда. Жалпы 25 су қойма, 1 су реттегіш, 269 каналдарды (4265,4 шақырым күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде, 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200,0 млрд теңгенің өнімі өндіріледі. Жергілікті отандық өндірісті дамыту бағытында «Тұран су» кәсіпорны жанынан «Суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығару өндірісі» іске қосылды. Нысанның қуаттылығы – тәулігіне 45 дана. Жаңадан 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл өз нәтижесінде, каналдарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетіп, су шығынын 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін болады.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, толықтай су үнемдеу технологияларына көшу, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі өндірісті жолға қою, қайта өңдеу саласын күшейту бағыттарында жүргізілуде. Осы мақсатта іске қосылған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – халықаралық стандарттарға сай, заманауи, су ресурсын үнемдейтін жаңа жобалардың бірі. Жоба шеңберінде Арыс пен Отырар аудандарында 32 мың гектарға элиталық мақта дақылы егілді. Мұндағы ең басты ерекшелік – тамшылатып суару әдісінің кеңінен қолданылуы.
Мысалы, дәстүрлі тәсілде мақта алқабын суару үшін әр гектарға 12 400 текше метрге жуық су қажет болса, бұл жоба аясында әр гектарға бар болғаны 4 мың текше метр су жұмсалды. Нәтижесінде – су тұтыну мөлшері 3 есеге азайып, 42 миллион текше метр су үнемделді, ал өнімділік 2-3 есеге артты. Бұл – нақты әрі тексерілген дерек.Сондықтан, бұл жобаның Сырдария өзенінің суының азаюына әсері болды деу – мүлде негізсіз. Керісінше, жаңа технологияның арқасында су ресурсы тиімді әрі үнемді пайдаланылып жатыр. Биылғы вегетациялық кезеңдегі су көлемінің азаюы – табиғи факторлардың әсерінен орын алғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, таулы өңірлердегі мұздықтардың аз еруі және трансшекаралық сулардағы тапшылық — бүкіл өңірге әсер етіп отыр. Бұл мәселе тек Түркістан облысына ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріне ортақ.
Облыс әкімдігі шаруашылықтардың ағын су тапшылығына ұшырамауы үшін нақты шаралар қабылдауда. Соның ішінде:
Су үнемдеу технологиясын жыл сайын 50 мың гектарға енгізу;
Альтернативті су көздерін пайдалану;
Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;
Шекаралас елдермен тиімді су саясатын жүргізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Бұл жобалар тек отандық заңнама аясында, мемлекеттік бақылаумен іске асуда. Жер шетелдіктерге берілмейді, ал инвестициялар – тек ел игілігі үшін жұмыс істейді. Өңір басшылығының басты мақсаты – халқтың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат