Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025 09:35

Түркістан облысы: Тәуелсіздік күні қарсаңында арыстық жастар асар арқылы мұқтаж отбасыға баспана сыйға тартты

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Түркістан облысы Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында игі іс жүзеге асты. Ауыл жастарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде асарлату дәстүрімен салынған жаңа баспана Досыбаевтар әулетіне табысталды. Баспана табыстау рәсіміне ауыл тұрғындары қатысып, жаңа қоныс иелеріне ақ тілектерін арнады. Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері жастардың басын қосып, қайырымды іске бастамашы болып жүрген белсенді азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Еңбегі еленген азаматтарға құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.

Барлық тұрмыстық жағдайы жасалған баспана 1981-2002 жылдары туған Ақдала ауылы жастарының ортақ күшімен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңге бөлініп, әрбірі өз міндетін жауапкершілікпен атқарды. Ал жер телімін ауыл азаматы өзіне тиесілі телімді қайырымдылық мақсатта тегін сыйға берген. Айта кетейік, Ақдала жастары бұған дейін де дәл осындай асар дәстүрімен бір мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз еткен болатын. Алдағы уақытта Ақдала ауылының жастары қайырымдылық пен өзара қолдауға негізделген бұл игі бастаманы жалғастырып, мұқтаж отбасылар үшін тағы бір жаңа баспана салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, осы күні Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Шардара ауданында ел мерейін асырған тағылымды іс-шара өтті. Биыл үшемдерді дүниеге әкелген Ешмуратовтар және Оңайовтар отбасыларына жаңа пәтер кілті тапсырылды. Бұған дейін аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолдауымен демеушілер есебінен әр отбасына 3 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілген болатын. Ал мереке қарсаңында аудан әкімінің бастамасымен Шардара қаласындағы Ж. Қолдасов көшесінде орналасқан, заман талабына сай салынған жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, көпбалалы отбасыларды қолдау – тәуелсіз мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев құттықтау лебізін білдіріп, үшемдердің аман-есен өсіп, ел игілігі жолында қызмет ететін азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді. Қуанышы қойнына сыймаған қос шаңырақ иелері аудан басшылығына және демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді. Айта кетейік, жаңа баспаналар демеушілер қаражаты есебінен салынған.

Түркістан облысында жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Аймақ басшысы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету механизмін жетілдіруді, баспана кезегіндегі заңсыздықтарға жол бермеуді қатаң ескертумен келеді.– Басты мақсат – қаржы мүмкіндігіне қарай халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жаңа механизм қарастыруды, өңірлік бағдарлама аясында ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Баспана шын мұқтаж отбасыларға берілу керек. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсау – басты міндет. Сондықтан мониторинг жұмыстарын күшейту қажет. Тиімсіз жобаларды қаржыландырмай, қаржыны тұрғындар үшін қажетті жобаларға бағыттаған жөн. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін реттеу, жөндеу жұмыстарын жүйелеңіздер, – дейді Нұралхан Көшеров.

Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 67 400-ден астам адам тұр. Одан бөлек, кезекте тұрған азаматтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 17 062 адам үй кезегінен шығарылған. Өңірде қарқынды жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде, 2018-2024 жылдар аралығында үй кезегінде тұрған 7766 азамат коммуналдық тұрғын үйлермен қамтылды. Одан бөлек, 11 500-ге жуық азамат ипотекалық тұрғын үй алған. Ал, өткен жылы 1 млн 153 800 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды.  Жергілікті әкімдіктер тарапынан тұрғын үй алуға басқа да мүмкіндіктер қарастырылған. Былтыр тұрғын үй сертификаттарына жергілікті бюджеттен 40,5 млн теңге қаржы қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 20 млн теңге, Отырар және Төлеби аудандарында 5 млн теңгеден, Сайрам ауданында 7,5 млн теңге, Сауранда 3 млн теңге жергілікті бюджеттен тұрғын үй алуға бөлінген. Бұл сертификат ипотекалық баспана алу үшін 10 % алғашқы жарнасын мемлекет тарапынан төлеуді көздейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үйді жалдау ақысының 50 %-ын субсидиялау тетіктері енгізілген. Белгіленген шарттарға сәйкес, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар мен көпбалалы отбасылар тұрғын үй субсидиясын ала алады. Бүгінгі таңда субсидия алушылардың саны 2 407 отбасыны құрайды. Қаржыны мақсатты пайдалану бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, субсидия алушылардың деңгейі 61 %-ға төмендеді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Айта кетейік, биыл жалпы көлемі 1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған бағдарламалар үлкен қолдауға ие болып келеді. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тұрғын үй сертификаттары да маңызды рөл атқарады. Осы ретте тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту және баспана қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде. Одан бөлек, мемлекеттік қолдау арқылы азаматтар ипотекалық баспана алу мүмкіндігін жеңілдетіп, алғашқы жарнаны төлеу мәселесін де тиімді шешуге мүмкіндік алады. Тұрғын үй сертификаттары — бұл мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек. Жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) осы сертификаттардың мөлшерін және оларды алу шарттарын анықтайды. Осылайша, әр өңірдің тұрғындары өз жергілікті бюджетіне сәйкес тұрғын үй сертификаттарын ала алады.

Тұрғын үй кезегі толық электронды форматта жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтар үй кезегін «кезекте.кз» порталы арқылы кез келген уақытта көре алады. Мониторинг жұмыстарының барысында көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алған. Атап айтқанда, субсидия алып жатқан 5 мыңнан астам отбасыдан кемшіліктер анықталып, келісімшарттары қайта қалпына келтіру мүмкіндігінсіз тоқтатылды. Айта кетейік, тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жүргізіледі. Азаматтар өз кезегінен тыс пәтер алмайды немесе өзге адамның орнына өтініш бере алмайды. Заң талаптарына сәйкес, әр азамат өз кезегін күтіп, әділ негізде пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шаралар тұрғындардың сенімін арттырып, кезектің әділ түрде өтуін қамтамасыз етеді.

Жалпы, Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтаған емес. 7 жылда құрылыс көлемі 3,8 есе өсіп, 536,2 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 140 млрд. теңгені құраған еді. Оның ішінде, жергілікті халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Осы уақыт аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1153 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы 388 мың шаршы метр пайдалануға берілген болатын.Түркістан облысы құрылғалы бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Ал, жалпы облыста тұрғын үй кезегінде 69 мың азамат тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2 000-нан астам отбасы қамтылды. Жыл соңына дейін өңірде жалпы алаңы 1 млн 60 мың шаршы метр 231 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер есебінен 631,2 шаршы метр салынады. Нәтижесінде, 6 891 отбасы баспаналы болады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 100 рет