Сейсенбі, 16 Желтоқсан 2025 08:19

Түркістан қаласында әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды

Түркістанда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Әйелдер мен қыз-келіншектерді бастамашылдығын қолдауға арналған маңызды қоғамдық-саяси алаңның ашылуына «AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, ізгі тілектерін арнады.

Түркістан облысындағы әйелдерге арналған «Бөрте» саяси көшбасшылық мектебінің ашылуын қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды әрі тағылымды бастама екенін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәлімдеді. – Бүгін ашылуы өтіп жатқан «Бөрте» саяси мектебінің қабырғасында білім алған әйел көшбасшылар елдік мүддені алға қоятын, қоғамның дамуына нақты үлес қосатын тұлғалар боларына күмән жоқ. Бұл мектептен дәріс алған қыз-келіншектер болашақта мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси салада, кәсіпкерлік пен әлеуметтік бастамаларда елге үлгі көрсетеді деген сенімдеміз, –деді Ертай Кенжебекұлы. Мектептің ашылу салтанатына және алғашқы лекцияларға аудан, қалалардағы партия филиалдары Әйелдер қанатының жетекшілері, белсенді құрамы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаларда қызмет атқаратын, белсенді қоғамдық ұстанымымен танылған қыз-келіншектер, халықтың сенім мандатын иеленген нәзік жанды депутаттар, облыстық Әйелдер қанатының 10 бағыт бойынша бекітілген жетекшілері, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.

«AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы гендерлік саясатты жетілдіру бойынша Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының негізгі ұсыныстарын, әлемдік аналитикалық орталықтардың ұлттық гендерлік саясатты бағалауларын, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы мен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының кешенді әлеуметтік зерттеуін, оқу құралдарындағы гендерлік құрылымдарды зерттеу нәтижелерін таныстырып өтті. Әйелдер үшін кәсіби саладағы кедергілер, Гендерлік алшақтықтың жаһандық индексі, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдердің көрсеткіштері, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатытының миссиясы мен мақсаттары, 10 басымдық аясындағы негізгі бастамалары, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуда «Tomiris» жобасының міндеттері, «Әйел аманаты» жобасының бастамалары таныстырылды.

Алғашқы дәрістер барысында қатысушылар саяси көшбасшылықтың негіздері, қоғамдық коммуникация, стратегиялық ойлау, шешім қабылдау мәдениеті, партиялық және ақпараттық жұмыс пен мемлекеттік басқарудың заманауи талаптары жөнінде жан-жақты білім алды. Айта кетсек, Түркістан облысында жалпы халық санының 49 пайызын әйелдер құрайды. Биылғы жылдың 10 он айында 38 мың бала дүниеге келді. Қазіргі таңда, облыста 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 18 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері болса, 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері атанған. Түркістан облысында шамамен 212 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 89 мыңға жуығын немесе 42 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Сонымен қатар өңіріміздегі 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі нәзік жандылар болса, оның 233-і – басшылық лауазымдарды атқарады

Әйелдің қоғамдағы алар орны қашан да маңызды. Сонау отбасынан басталатын құндылықтан бері қарай жалғасатын мемлекет мүддесінде де орны алабөтен. Біздің ел бұл орайда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Гендерлік саясат аясында қыз-келіншектер қоғамға орасан зор үлес қосуда. Сол арқылы елдің ұйытқысына айналды.«Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымыз­ға айрықша серпін беріп отыр. Еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын мейлінше ширақ пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көп. Соның айқын көрінісі – қазіргі індеттен кейінгі дағдарысқа қарамастан, елімізде әйелдер қауымының экономикадағы рөлі артуда. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр», – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоғамды қалыптастырудағы әйелдің рөлі анық та айқын. Бұл бағытта заңнамалық негіздер де арнайы қарастырылған. Мәселен, заңнама шығарушы ұйымдарда әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл дегеніміз, зор серпін. Оның үстіне гендерлік саясат, әйелдердің қоғамдағы орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұдайы назарында. Сондықтан да, жалпы, қоғамдағы әйелдің белсенділігі осы күні аса жоғары деуге әбден негіз бар. Соның жарқын дәлеліндей олар әр салада еңбек етуде. Соның ішінде, кәсіпкерлікте де үлес салмағы басым. Түркістан өңірінде де кәсіпкерлікті ұршықша иірген қыз-келіншектер жетерлік. Егер ден қоя қарасақ, әйел адамдар осы күні өздеріне тән ғана бағдарларды меңгерді деуге әсте келмейді. Олар өнеркәсіпте де, құрылыста да, сәулетте де ермен бірдей тер төгіп жүр. Кәсіпкерлікте шағын және орта бизнесте қолтаңбаларын қалдыруда. Атап айтқанда, ойын-сауықтық бұқаралық шараларда, сұлулық индустриясында, қоғамдық тамақтандыру, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында әйел адамдардың бизнесі қанат жайды.

Бұдан бөлек, қоғамдық өмірдегі барлығы дерлік үкіметтік емес ұйымдар осы жолы жіңішке қауымның мұрындық болуымен дүниеге келген ұйымдар екенін атап өткен ләзім. Яғни, қоғамдық институттарды қалыптастыруда әйел затының үлесі айтарлықтай. Тіпті, құқық қорғау, төтенше жағдай қызметінде қыз-келіншектер Отанға қызмет жасауда. Қаншама қоғам қайраткерлері бар. Еліміздің ертеңіне қатысты тарихи сындарлы сәттерде де олар бұғып қалмағанын көреміз. Атап айтсақ, кейінгі уақытта реформаға ұшырап, халықтың көңілінен шыққан сайлау науқанына әйелдер белсенді қатысуда. Соның нәтижесінде бүгінде олар үміткерлер қатарынан табылып отыр. Осындай мысалдарға қарап-ақ әйелдің қоғамдағы салмағы туралы ой түюге болатындай.

Негізі, бүгінде саясатта 30 жастан асқан әйелдердің үлесі де артқан. Мемлекеттік қызметте де олардың қарасы көп. Квазимемлекеттік секторларда да ел экономикасын дамытуда. Бұл – қуанарлық жағдай. Қазақстандағы отбасы құндылықтарын сақтау және оны өрбітуде әйел адамның орнын ешкім алмастыра алмақ емес. Сол себепті, олардың бала тәрбиесінде, отбасын дамытудағы мәні жөнінде ежіктеп жатудың өзі артық. Сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі өлшеусіз екенін барша жұрт мойындайды. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшеленіп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде. Мұның баршасына елдегі реформалар ықпал еткенін атауға тиіспіз.

Әйелдердің қоғамдағы рөлі – бұл тек отбасы мен үй шаруасымен шектелмейтін, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени өмірде белсенді қатысатын маңызды әлеуметтік феномен. Әйелдер ғасырлар бойы қоғамның дамуына үлкен әсер етіп, өзінің жауапкершілігі мен қабілеттері арқылы түрлі тарихи дәуірлерде маңызды өзгерістердің куәсі болды. Әлеуметтік құрылымдардың, еңбек нарығының және отбасылық қатынастардың өзгеруіне байланысты әйелдердің қоғамдағы орны дамып, өзгеріп отыр. Қазіргі қоғамда әйелдер құқықтарының кеңеюі мен теңдікке жету жолындағы күрес үлкен маңызға ие.

Өткен ғасырлардан бүгінгі күнге дейін әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, мәдениет, дәстүр, экономика мен әлеуметтік құрылымдардың негізін қалаушылардың бірі болды. Осы мақалада қазақ қоғамындағы әйелдердің тарихи рөлі, олардың қазіргі жағдайы және болашақтағы орны қарастырылады. Қазақтарда әйелді «киелі жан» деп санап, оған үлкен құрмет көрсеткен. Әйелдер тек үй шаруашылығымен айналысып қана қоймай, қоғамдағы маңызды шешімдерге ықпал еткен. Қазақ дәстүрінде әйелдерге әсіресе ана болу мен отбасы сақшысы ретінде үлкен мән берілген. Бірақ сол уақытта да әйелдер билікке, мәдениетке, қолөнер мен саудаға да араласқан.

Қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі туралы айта отырып, тарихи тұлғалар мен батырлардың атын еске түсіру керек. Мысалы, қазақ тарихында Тұмар ханшайым, Әлия, Мәншүк, Хиуаз Доспанова, Шара Жиенқұлова, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Сәбира, Ләззат сияқты ұлы әйелдер болған. Олар тек өз заманының мәдениетіне ғана емес, ұлттық мақтанышқа да айналды.Қазақ әйелдері – отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың тірегі болды. Олар ерлермен бірге мал бағу, егін шаруашылығына қатысу, қолөнер, тоқымашылық, сүйектен, ағаштан және темірден түрлі заттар жасау ісімен айналысқан. Олар, сондай-ақ, сауда-саттықпен де шұғылданып, қоғамның экономикалық өмірінде маңызды орын алды.

Кеңестік дәуірде әйелдер еңбекке белсене араласып, өндіріс саласында жұмыс істеді, көптеген қазақ әйелдері жоғары білім алып, медицина, білім беру, мәдениет салаларында қызмет атқарды. Әйелдердің саяси өмірге араласуы да осы кезеңде ерекше байқалды.Қазіргі таңда қазақ әйелдері тек отбасында ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылым мен мәдениетте белсенді. Олар парламентте депутат болып, жоғары лауазымдарға ие, көптеген ұйымдар мен корпорацияларда жұмыс істейді. Әйелдердің білім алу деңгейі артты, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі күннен-күнге өсуде.

Бүгінгі таңда қазақ әйелдері өзінің кәсіби саласында ғана емес, отбасылық өмірде де тең құқыққа ие болуға ұмтылуда. Әрине, бұл процесс әлі толық аяқталған жоқ. Әлеуметтік мәселелер, әйелдердің еңбек нарығындағы теңсіздігі, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық және ата-аналық жауапкершілікті бөлу секілді мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Бірақ соңғы жылдарда бұл мәселелердің шешілуі үшін қазақстандық қоғамда белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазақ қоғамындағы әйелдер әлі де көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, жұмыс орындарында теңсіздік, ана болу мен кәсіби өмірді теңдей алып жүру мәселелері әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Әйелдерге қатысты стереотиптер мен әлеуметтік қысымдар да бар, бұл олардың толыққанды қоғам мүшесі болуына кедергі келтіруі мүмкін.

Қазіргі кезеңде қазақ әйелдерінің мүмкіндіктері одан әрі кеңейіп, олар қоғамның барлық салаларында тең дәрежеде қатысуға қол жеткізе алады. Әйелдердің білім алу деңгейінің арттыруы, кәсіпкерлікке қызығушылықтың өсуі және гендерлік теңдікке ұмтылу қазақ қоғамында жаңа әлеуметтің қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі өткен ғасырларда да, қазіргі кезеңде де үлкен маңызға ие. Қазақ әйелдері отбасын, қоғамды, экономиканы дамытуда үлкен үлес қосып келеді. Олардың тарихтағы рөлі зор, ал қазіргі қоғамда әйелдер түрлі салаларда өздерінің ықпалын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге ие болуда. Әйелдердің тең құқықты болуы, әлеуметтік мәселелердің шешілуі және жаңа мүмкіндіктерді ашу болашақта қазақ қоғамының дамуына оң әсер ететін факторлар болып табылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 57 рет