Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарынның қуанышын бөлісіп, құттықтады. – Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік, – деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды. Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар. Онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын. Бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.
Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында осы Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендерінде ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіндегі елді мекендерге арнайы барып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдастарымызбен бірге қуанышты жаңалыққа куә болып отырмыз. Ең алдымен, жылдар бойы күткен таза ауыз судың әрбір үйге жеткізілуімен баршаңызды құттықтаймын. Аудан тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
ҚР Президентінің тапсырмасы аясында мемлекеттік қайтарылған активтер есебінен Жібек жолы ауылдық округінің 5 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгін пайдалануға берілген ауыз су жүйесі шамамен 16 мың абонентке сапалы су жеткізуге қауқарлы. Ауыз су құрылысын «FS Development Group» ЖШС жүргізді.Айта кетейік, Сарыағаш ауданында жалпы 1 қала, 13 ауылдық округ бойынша 63 елді мекен бар. Оның ішінде, 50 елді мекен жалпы 79,3 пайызға орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қазіргі таңда 13 елді мекеннің 9-ында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, нәтижесінде аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетіп, көрсеткіш 85,7 пайызға орындалды.
Түркістан облысында 801 елді мекеннің 763 елді мекені (7 қала, 756 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыста ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 38 ауылдық елді мекен (халық саны – 31,4 мың адам) қалып отыр. Осы мақсатта, 2025 жылға 30 елді мекеннің (Сарыағаш-9, Келес-13, Қазығұрт-1, Ордабасы-3, Отырар-2, Бәйдібек-2) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 19,7 млрд теңге (ҰҚ-0,5 млрд теңге, РБ-1,5 млрд теңге, ОБ-4,6 млрд теңге, СГФ-13,1 млрд теңге) бөлінді. Бүгінгі күнге, 10 айдың қорытындысымен 21 елді мекенде (Сарыағаш-8, Келес-5, Ордабасы-3, Қазығұрт-1, Отырар-2, Бәйдібек-2) құрылыс жұмыстары аяқталды. 2025 жылдың қорытындысымен, облыстағы 801 елді мекенді (7 қала, 794 ауылдық елді мекен) 100% ауыз сумен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 14 903,0 шақырымды құрайды, оның ішінде 5 177,3 шақырым немесе 34,7% тозығы жеткен. Тозығы жеткен су құбырларының тозу деңгейін төмендету мақсатында, 2025 жылы бюджет есебінен 1 866,1 млн теңге бөлініп, қорытындысымен 9 елді мекендегі тозығы жеткен 247,1 шақырым су құбыры желілерін жаңарту жоспарлануда. Нәтижесінде, тозығы жеткен су құбырларының ұзындығы 4 930,2 шақырымды құрап, тозу деңгейі 33,1%-ға төмендету жоспарлануда.
Облыста ауыз сумен қамтылған бірнеше елді мекендерде жер асты суларының төмендеуінен, кермектілігі жоғары болуынан, су құбырларының тозуына байланысты, 192 елді мекенге (530,9 мың тұрғын) ауыз су кестемен берілуде. Соның ішінде, 121 елді мекендегі (354,8 мың тұрғын) оқшау су жүйелері аудан, қала әкімдіктерінің меншігінде болса, 71 елді мекендегі (176,1 мың тұрғын) топтық су жүйелері министрлікке қарасты «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде. Аталған елді мекендерді тәулік бойы 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін іс-шара жоспары бекітілді. 2025 жылы 30 елді мекеннің мәселесі шешіліп, тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, әрбір елді мекеннің шешу жолдары қарастырылып, қажетті қаржылары есептеліп, жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды.
Түркістан облысында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесі – өңір басшылығының күн тәртібіндегі басты басымдықтардың бірі. Өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы қатаң бақылауда. Республика көлемінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қалалар мен ауылдық елді мекендердің қамтылу пайызы бойынша екі негізгі көрсеткіш арқылы бағаланады. Түркістан облысы бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқан өңірлердің қатарында. Облыстағы қалалар не 542 мыңға жуық тұрғын 100% ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар 756 ауылдық елді мекеннің 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алайда, ауыз су сапасы, жеткізілу уақыты, инфрақұрылымның тозуы және кейбір елді мекендерде судың мүлдем болмауы секілді шешілуі тиіс өзекті мәселелер де бар. Өтпелі кезеңде альтернативті су жеткізу шараларын ұйымдастыру міндеттелді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Шардарада ескі су тазарту жүйесінің тозуы жаз мезгілінде халыққа тұрақты су беруге кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені шешу үшін жалпы құны 16,9 млрд. теңге болатын «Шардара топтық су құбыры» жобасы іске асырылуда. Сол сияқты, Сарыағаш қаласында да халық санының артуы, сондай-ақ жаз мезгілінде ауыз суды мөлшерден тыс тұтыну (кейде тіпті ағын судың орнына пайдалану) салдарынан, «Қапланбек» су тазарту станциясының қуаттылығы жеткіліксіз болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Р-1 каналынан магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, су тазарту станциясының жобасы жоспарланған.
Облыста биыл жалпы 66 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларға бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінген. Облыс әкімі бұл қаржыларды тиімді әрі дер кезінде игеруді тапсырды. Сондай-ақ биылғы басты көрсеткіш – 30 елді мекенде су жүйелерінің құрылысын толық аяқтап, ауыз суға қосу. Бұл үшін бюджеттен 19,7 млрд теңге бөлініп, мердігерлермен шарт жасалған.Ауыз суды кестемен алатын ауылдардың мәселесі – жіті назарда. Жалпы, облыста 756 ауылдық елді мекен су құбырына қосылған болса, соның ішінде 192 елді мекенге ауыз су кестемен беріледі. Оның негізгі себептері ретінде жер асты суларының төмендеуі, су тазарту қондырғыларының қуаты жеткіліксіздігі, инфрақұрылымның тозуы, судың үнемсіз пайдаланылуы.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат