Дүйсенбі, 15 Желтоқсан 2025 22:14

Түркістан облысы: Отырар ауданында ауыл тұрғындары 100 мың көшет егуді жоспарлап отыр

Отырар ауданында ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін айқындайтын игі бастама бастау алды. Көксарай ауылының жастары мен жасы 70-ке келген қарияларына дейін ауылды көркейтуге білек сыбана кіріскен. Елді мекенге кіретін күре жол бойына көшет егіп, қоршау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауылдағы ішкі көшелердің бойын көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, көріктендіру ісін ілгерілетуге бағытталған тың қадам болып отыр.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов көпке өнеге болған жұмыстардың барысымен арнайы танысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет екті. Аудан басшысы тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, олардың туған жерді абаттандыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарды көркейту мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталған болатын. Бүгінде аудан көлемінде тұрақты сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар тазалыққа ден қойып келеді. Көксарай ауылында бастау алған бұл бастама ауыл халқын ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа үндейтін ауқымды шара. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен жауапкершілігі басқа елді мекендерге үлгі болуға тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады, – деді аудан басшысы.

Шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде ауылдың келбетіне жаңа серпін беретінін жеткізді. Ауылдың ажарын арттыруға бағытталған қоғамдық шара аясында 15 шақырым аумақ қоршалып, ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен 8000-ға жуық түрлі көшет егілді. Игі бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып 2 жыл ішінде егілген көшеттердің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы айтқанда облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан, қалаларда жасыл желектерді күтіп ұстау және тазалау іс-шаралары тұрақты түрде атқарылуда. Биыл облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 263 тазалық іс-шара жоспары бекітіліп, бүгінгі таңға толық орындалды. Жыл басынан іс-шараға 1 млн-нан астам тұрғындар қатысып, 6 998 арнайы техника жұмылдырылып, көшелерде, қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 1 млн-нан астам көшет отырғызылып, 16 624 тонна қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ насихаттау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңға, бұқаралық ақпарат құралдарында 609 арнайы бейнероликтер, 175 телеканалдарда, 13 379 пабликтерде ақпараттар жарияланып, 101 дана билбордтар орнатылды. Бүгінгі күнге, «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 423 өтінім түсіп, оның 3 420 өтінімі орындалып, 3 орындалу барысында. Сондай-ақ қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі таңға, бұл бағытта санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 27 137 хаттама толтырылып, жалпы 554,1 млн теңгеге айыппұл салынды (Өндірілген қаржы 317,9 млн теңге). Сонымен қатар 505 бап бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан 4 745 хаттама толтырылып, 41,9 млн теңгеге айыппұл салынған. Бұндай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда облыстың орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі.  Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.

Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан 2019-2023 жылдары 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, қазіргі таңда бес жылға жоспарланған меже артығымен орындалды. Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын атап өткен жөн. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады. Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.

Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысыда тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Өңір басшысы тазалық пен абаттандыру мәселелерін шешудің жаңа жоспарын әзірлеуді тапсырған. «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтерді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.

– Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын, – дейді облыс басшысы.

Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғаттың көркем бейнесін жоғалтпау – адамзатқа ортақ іс. Сондай-ақ, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жазда сая, қыста қамсау болады. Табиғат ананың көркі кіреді. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, ауылым, деген бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір қасиеті тұла бойға тарайды. 

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 70 рет