Дүйсенбі, 15 Желтоқсан 2025 21:16

Түркістанда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойы аталып өтті

Түркістан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, корпорация қызметкерлері мен сала ардагерлерін мерейтоймен құттықтады.

– Сіздерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – мемлекеттік басқару мәдениетін түбегейлі өзгерткен үлкен реформаның мерекесі. 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «бір терезе» қағидаты енгізіліп, мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматы іске қосылды. Бүгінде 20 жылдық тәжірибесі бар мекеме халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналды. Түркістан облысы – еліміздегі ең халқы көп өңір. Сіздер осы үлкен өңірге сапалы қызмет көрсетіп, азаматтардың сенімін ақтап келесіздер. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Мерейтойда барлық қызметкерлер мен сала ардагерлеріне алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, цифрлық процестерді жеделдету бағытындағы жұмыстарды бірге жалғастыра береміз. Түркістан облысының әкімдігі бұл саланы дамытуға әрдайым қолдау көрсетеді. Сенім бар жерде нәтиже бар. Баршаңызды мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Басымбек те сала үздіктерін марапаттады. Корпорацияның облыстық филиалының үздік қызметкерлері марапатталып, ұйымның 20 жылдағы даму кезеңі мен қазіргі жетістіктері атап өтілді. Сонымен бірге концерттік бағдарлама ұсынылып, сала мамандарына құрмет көрсетілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «бір терезе» қағидатын енгізу нәтижесінде құрылған болатын. Содан бері халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматын қалыптастырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы тиімді байланыстырушы институтқа айналды.

Түркістан облысы – халқы ең көп өңірлердің бірі. Бүгінде облыста арнайы қызмет көрсетуге арналған 59 ғимарат, 26 фронт-офис және 52 бэк-офис жұмыс істейді. Филиалдың қызметкерлер саны – 1195, оның ішінде халыққа қызмет көрсету бағытында 533 маман еңбек етеді. 2025 жылдың 11 айында Түркістан облысында жалпы 928 158 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде электрондық түрде 2536, дәстүрлі форматта 925 622 қызмет ұсынылды. «Сonnection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы азаматтар 1 037 939 қызметті өз бетінше рәсімдеді. Түркістан қаласының №1 бөлімінде есепті кезеңде 73 146 қызмет көрсетілді, №2 бөлімде 56 828 қызмет ұсынылды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 59 696 қызмет көрсетіліп, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және нөмірлік белгілерді рәсімдеу бағыттарында өсім байқалды.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтардың қажеттіліктеріне қарай мемлекеттік қызметтерді көрсету форматтарын үнемі жетілдіріп келеді. Солардың бірі – «Жеке менеджер» сервисі. Бұл қызмет арқылы сіз өзіңізге қолайлы уақытта және сізге ыңғайлы жерде мемлекеттік қызметке қол жеткізе аласыз. Ол үшін өтінім қалдыру жеткілікті – арнайы маман келіп, қажетті сұрақтарыңызды жұмыс немесе жеке істеріңізден қол үзбей-ақ шешуге көмектеседі. Аталған қызмет әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмыс кестесі тығыз азаматтарға, кәсіпкерлерге және денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандарға өте қолайлы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына келуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың барлығына арналған.

«Жеке менеджер» қызметі 2024 жылдан бастап іске қосылды және қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтерді үйде, кеңседе немесе сіз үшін ыңғайлы кез келген жерде алуға мүмкіндік береді. Тек жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу қызметтері бұл сервис арқылы көрсетілмейді. Қызмет көрсететін маман сіздің өтінішіңіздің негізінде, алдын ала келісілген уақытта келеді. Қызмет құны – 7190 теңге, оған ұйымдастыру мен жеткізу шығындары кіреді.Қызметті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөліміндегі «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті ақпаратты енгізу керек. Одан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары сізбен хабарласып, келу уақытын нақтылайды. Сондай-ақ, өтінімді 1414 байланыс орталығы арқылы да беруге болады. Операторлар кеңес беріп болған соң, сізге сілтеме жазылған жеке SMS-хабарлама жіберіледі. Сілтемеге өтіп, өтінімді онлайн беруге болады.

Айта кетейік, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзінде де «Жеке менеджер» сервисі қарастырылған. Бұл қызметті орталықта қолдансаңыз, сізге басымдығы бар талон беріледі. Одан кейін қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалады. Бұл қызметтің құны – 5500 теңге. Сервис төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеуден басқа барлық мемлекеттік қызмет түрлерін қамтиды. Мемлекеттік корпорация азаматтардың қажеттіліктерін ескеріп, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы ету үшін жаңа сервистерді енгізуді жалғастыруда.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап АХАТ қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Бұл ретте некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Олар аудандық және қалалық АХАТ бөлімдері орындайды. Бұдан басқа, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады. АХАТ функциясын ХҚО-ларға берудің басты себебі - цифрландыруға көшу процесін жүзеге асыру. АХАЖ функцияларының Мемлекеттік корпорацияға берілуінің басты себептерінің бірі – АХАТ электрондық базасында жүргізілген цифрландырудың сапасыздығы. Атап айтқанда, сапасыз сканерленген құжаттар, қате деректер енгізу, өзгерістер тіркелмеген. Айта кету керек, құжаттар 1937 жылдан бастап сканерленіп, базаға енгізіліп келеді. Цифрландырумен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Мемлекеттік корпорация қызметкерлері айналысатын болады. Бұл адамдарды артық құжаттармен әурелемей, мекемеден мекемеге жүгіртпей-ақ мемлекеттік органдар ақпарат ала алатын, таза, өзекті деректер базасын құруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, некеге тұрғысы келетіндер тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжаттармен бірге келуі керек. Бұл некені тіркеудің белгіленген күнінде жасалуы қажет. Өтініш берген кезде клиент неке қиюды салтанатты түрде немесе мүлдем жасамауды таңдай алады. Некені тіркеу (некені тіркеуге өтініштерді қабылдау, өңдеу, шешім қабылдау және нәтиже шығару) АХАТ бөлімдерінде қолданыстағы тәртіппен жүзеге асырылады. Тиісінше, ХҚКО-ларда салтанатты тіркеу жүргізілмейді. Некеге тұрған адамдар өз қалауы бойынша салтанатты жағдайда тіркеуші органдардың арнайы жабдықталған орындарында немесе арнайы тағайындалған мемлекеттік неке сарайларында тіркеле алады. Куәлік берудің нақты уақыты мен осы рәсімді салтанатты жағдайда өткізу шарты өтініш берген кезде алдын ала келісілетінін атап өткен жөн

Некені салтанатты жағдайда тіркеу міндетті рәсім болып табылмайды және тараптардың қалауы бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, АХАТ қызметтерін тек қана тіркеуші органның қызметкерлері көрсетеді. ХҚКО операторларын қоса алғанда, Мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алмайды. Жеке өмір, жеке отбасылық өмірі мен отбасылық құпиясы заңның қорғауында болады. Қызмет көрсету стандарттары, оларды қарау тәртібі мен мерзімдері өзгеріссіз қалады. Бұдан басқа, мемлекеттік корпорацияда АХАТ қызметкерлеріне жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін қосымша штаттық бірліктер қарастырылған. Тарифтерге келетін болсақ, АХАТ-та тегін әрі ақылай қызметтер бар. Тууды, қайтыс болуды тіркеу сияқты әлеуметтік маңызды қызметтер тегін қалады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 96 рет