Бейсенбі, 11 Желтоқсан 2025 18:31

Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Белсені өмір – баянды ғұмыр» атты бильярдтан жарыс өтті

Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойына орай салауатты өмір салтын насихаттап, қарттарымыздың белсенділігін арттыру мақсатында «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен орталықта «Белсенді өмір – Баянды ғұмыр» атты спорттың бильярд түрінен жарыс ұйымдастырылды.

Аталған шара барысында қариялар арасында жеребе тартылып, ойын өте қызықты да тартысты өтті. Жарыс барысында қатысушылар бір-бірімен шеберлік байқасып, жақсы көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, шара аясында қарияларымызға арнайы ас беріліп, емен-жарқын әңгіме өрбіді. Қатысушылар жарысты ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға және демеушілерге өздерінің жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Жарыс қорытындысы бойынша бас төреші Д.Абильдаевтің хаттамасына сәйкес І орын – Ж. Махамбет — жүлде қоры: 20 000 тг, ІІ орын – Қ. Қылышбеков — жүлде қоры: 15 000 тг, ІІІ орын – П. Алтынбеков — жүлде қоры: 10 000 теңгеге иелік етті. Қариялардың шат көңілі – біздің ортақ қуанышымыз екені анық. Жарысқа қатысушылар осындай игі іс-шараға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған жеке кәсіпкер азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Елдің еңсесін көтеріп, қарттарды құрметтеуге үлес қосатын азаматтарымыз көп болғай деп тарқасты.

Бұқаралық спортың дамуы – Қазақстандықтардың салауатты өмір салтының даму негізі екені сөзсіз. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Халықтың жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеруде спорттың алатын орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. 

Бүгінгі таңда спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба жемқорлардың жемсауында кетпес үшін барынша пысықталуда. Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 95 рет