Сенбі, 06 Желтоқсан 2025 17:40

Отырар – ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі ұлғайтудан озат аудан атанды

Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні құрметіне «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Іс-шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңір диқандарының 300 тоннадан астам өнімі ұсынылды. Өз кезегінде Отырар ауданы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін ұлғайтудан облыстағы ең озат аудан номинациясын жеңіп алды.

Одан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі мен «Ауыл аманаты» арқылы жүзеге асқан жобалар мен өнімдер таныстырылды. Көрмеге өңірде өндірілетін табиғи өнімдер қойылды. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. – Бүгінгі дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» салтанатты мерекесі еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, оны дәріптеуге арналады. Күні кеше өткен ауыл әкімдерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылды дамыту мәселесіне кезекті рет тоқталды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының маңызы айрықша. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында облысымыз ауыл шаруашылығы саласында жылды жоғарғы деңгейде қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы жалпы өнім көлемінің 13 %-ы біздің облысқа тиесілі. Осы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 млрд. теңгеге немесе 21 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына инвестиция тартуда көш басында келеміз. Мақтаның нарықтық бағасы экспортқа тәуелді және жыл сайын өзекті мәселе болып отырғандығына байланысты, біз мақта-тоқыма кластерін құру жобасының алғашқы кезеңін бастадық. Алдағы 5 жылдықта дайын өнім шығаратын отандық толық циклді кәсіпорындарды құру есебінен, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоямыз. Бүгінгі таңда шаруаларымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне және өңіріміздің әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосуда. Облыстың аграрлық саласын жаңа бағытта дамытуға өздеріңізбен бірге қол жеткіземіз деп сенемін. Біз өңіріміздің экономикасын көтеру жолында бірлесіп, еңбек етуіміз қажет. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Мерекелік жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа ҚР Президентінің «Еңбек даңқы» орденін, «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, облыс әкімінің дипломын табыстады. Сонымен қатар бірқатар еңбек адамы ҚР Премьер-министрдің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат жұмысшы мамандарға құрмет көрсетілді. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары Нұрлан Әлімжанов, Әйгерім Қалаубаева, Маржан Арапбаева, Қуандық Рахым ән шырқап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мыңға гектарға ұлғайып отыр. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Одан бөлек, мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынып, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде мақта өнімділігін 3 есеге дейін арттырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Бұл бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетіп отыр.

Ал, мал шаруашылығының дамуы, ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада жетекші орында. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. 2025 жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ. Саланы әртараптандыру бағытында басымдық қайта өңдеу саласына берілді. Осы орайда, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды. (мақта, жүгері, ет). Осы арқылы 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 млрд.теңгеге ұлғайту күтілуде.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітіліп, құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар биыл 10 айда өңірдегі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,1 есеге ұлғайды. Ал тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция тартылып 1,3 есеге өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгегі құрады. Өңір республикада алғашқы орында. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 105 %-ға жеткізілмек.

Осы тұста айта кетсек, Түркістан облысында су тапшылығын жою мақсатында су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары кеңінен қолданылып келеді. Соның бірегейі Отырар ауданының Қарғалы ауылында жүзеге асырылып, тамшылатып суару әдісі арқылы күріш және мақта шаруашылығы қолға алынған. Естеріңізде болса, қыркүйек айының соңына таман облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, «Таймас-2024» ЖШС-нің мақта және күріш алқабының жұмысымен танысқан болатын. Инвесторлармен және алқап иесімен кездесіп, егістік жұмыстарын жандандыруды тапсырғаны да — есімізде. Және сол ретте тың жобаларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізген-ді.

«Таймас-2024» ЖШС-нің директоры Төлеген Серікбаев облыс әкімдігінің үйлестіруімен шетелге іссапарға шығып, инвесторлармен келіскенін жеткізді. Осы арқылы жаңа жобасын жүзеге асырды. Егін алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы күріш, мақта, пісте дақылдары жерсіндірілді. Жоба құны – 2 миллиард теңге. Аталған жұмыстар инвестор тарапынан қаржыландырылды. Кешен аумағы 5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2300 гектар жерге мақта, 500 гектарға күріш, қалған 200 гектар жерге пісте дақылдары егілген. Алқап жұмыстарына 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Жоба қуаттылығына келсек, әр гектардан 50 центнер күріш алу көзделген-ді. Мұнда 25 маусымдық жұмыс орны ашылды. Жаңа әдіс арқылы су бірнеше есе үнемделген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін ұлғайту бағытында бірқатар тапсырмалар берген-ді. Бұл бағытта Түркістан облысында мақсатты жобалар қолға алынып, бүгінде сапалы жұмыстар атқарылуда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, қазіргі уақытта 59 мың гектар жерге ендірілген. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектарға енгізу жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделіп отыр. Бұл әдіс ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы, индустрия, инвестиция және туризм – дамудың төрт тағаны екені анық. Тарихи тамыры терең Отырар ауданы бүгінде қарқынды даму мен өркендеудің жаңа белесіне қадам басуда. Ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеруге бағытталған жүйелі жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты нәтижелермен көрініс табуда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және туризм бағыттарындағы жұмыстар тұтас бір үйлесімді жүйе ретінде өрбігені байқалады. Отырар ауданындағы индустриалды аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шәуілдір мен Темір ауылдарының маңында орналасқан бұл аймақ тоғыз жолдың торабында орналасып, стратегиялық маңызға ие. Темір жол тұйығы, электр желісі, жол, су және кәріз жүйелері секілді инфрақұрылыммен толық қамтылған бұл аймақ кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы ортаға айналуда. 2025–2027 жылдар аралығында өнеркәсіп, өңдеу және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салалары бойынша жергілікті және шетелдік инвесторларды тарту жоспары жасалған. Қазірдің өзінде агроөнеркәсіп саласына бағытталған екі ауқымды жоба іске қосылуға дайын. Оның бірі – 780 млн теңге көлеміндегі инвестициямен салынатын тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін күріш өңдеу зауыты болса, екіншісі – мақтаны терең өңдейтін, құны 4,1 млрд теңге болатын жоба. Бұл кәсіпорындар іске қосылғанда 40-қа жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Мақта кластері – соның құрамдас бөлігі. Отырардағы мақта шаруашылығына ерекше назар аударылып отыр. Қытай инвесторлары 33 мың гектар жерге мақта егуді бастап кеткен. 2025–2026 жылдары жалпы құны 45,1 млрд теңге болатын 4 ірі жоба іске қосылады. Оның ішінде төрт мақта өңдеу зауыты, шағын мақта қабылдау бекеті, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен құрама жем шығару цехы бар. Бұл жобалар арқылы ауданға 2030 жылға дейін 68,6 млрд теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өнім көлемі 93,8 млрд теңгеге дейін артпақ. Инвестициялық жобалар, ауыл шаруашылығының даму қарқыны, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы оң өзгерістер, туризм әлеуетін арттыру – барлығы ауданның жарқын болашағына жол ашатын берік іргетас болмақ. Ауданның жүйелі даму жолы – ауылдық өркендеудің нақты үлгісі. Көзделген межелер орындалған жағдайда Отырар өңірі еліміздің экономикалық картасында айрықша орны бар қуатты агроөнеркәсіптік және туристік аймаққа айналуы сөзсіз.

Отырар ауданында биыл жалпы құны 37 млрд 400 млн теңгені құрайтын ірі және шағын жобалардың құрылысы басталды. Жоба аясында маусымдық жұмыспен – 102 адам қамтылса, оның 67-сі тұрақты қызметке орналасты. Сондай-ақ, өңірдегі индустриалды аймаққа 2025-2026 жылдары жергілікті және шет елдік инвесторларды тарта отырып, түрлі салаларды қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласы бойынша қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Отырар ауданындағы индустриалды аймақта тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы «Otyrar Cotton» ЖШС жұмысын бастады. Жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылды. Биылғы жылдың мамыр айында құрылысы басталған нысан қазан айында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, қуаттылығы күніне 10 тоннаға жететін күріш өңдеу зауыты мен тәулігіне 200 тонна мақта майын өндіретін зауыт құрылыстары да жүргізілмек.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 24 рет