Сейсенбі, 09 Желтоқсан 2025 17:13

Отырар ауданы: алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» табыс етілді

Отырар аудан әкімдігінің мәжіліс залында ерекше құрметке толы жиын өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы көпбалалы аналарды қабылдап, оларға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Аталған іс-шараның басты мақсаты – өмірін бала тәрбиесіне, ұлт болашағын қалыптастыруға арнаған аналар еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету.

Жиында Қыдырбай Құнанбайұлы аналардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Ана – өмірдің бастауы, отбасының тірегі, ұлттың ұйытқысы. Сіздер ел ертеңі – жас ұрпақтың бойына мейірім мен ізгілікті сіңіріп, еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сондықтан мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қолдау – аналар еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі. Баршаңызға амандық, отбасыларыңызға береке тілеймін», – деді.

Жыл сайын Мемлекет басшысының Жарлығымен жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған аналарға «Алтын алқа», ал алты баланы өмірге әкелген аналарға «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталады. Бұл марапат – аналардың көпжылдық еңбегі мен отбасындағы зор жауапкершілігін бағалаудың айғағы. ҚР Президентінің 2025 жылғы 14 қазандағы №1044 Жарлығының негізінде отырарлық 2 ана «Алтын алқа», ал 6 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталып отыр. Салтанатты рәсімде аналарға төсбелгілер мен куәліктер табысталып, аудан әкімдігі атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды. Бүгінде Отырар ауданында 66 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 677 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1333 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 134 ана бар.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қазақ мақалы бекер айтылмаса керек-ті. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, сол отбасының жылуын арттырып, шуақ таратып отыратын аналардың қалауы мен жағдайы мемлекет үшін әрқашан маңызды болуға тиісті. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев: «Көпбалалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни адам капиталын дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек», – деп атап өткен болатын. 

Осы тұста келе жатқан жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға, бала туғанда берілетін, бала күтіміне байланысты жәрдемақылардың мөлшері туралы мәлімет бере кетуді жөн санап отырмыз. Сонымен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға төленетін ай сайынғы төлемдер көбейеді. Жәрдемақылардың нақты мөлшері АЕК-тің жаңа мөлшеріне сәйкес қайта есептеледі. 2026 жылға айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 4 325 теңге болып бекітіліп отыр.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы

Бұл жәрдемақыға бала туған, оны асырап алған немесе қамқорлығына алған Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер өтініш бере алады.

Біржолғы мемлекеттік жәрдемақы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Жаңа жылдан бастап оның мөлшері:

бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 164 350 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 272 475 теңге.

Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы

Қазір бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған, яғни жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Мұндай төлем отбасының әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы үшін және ата-ананың алғашқы кезеңде бала күтіміне көңіл бөлуіне мүмкіндік беру мақсатында беріледі. 2026 жылы ай сайынғы жәрдемақының мөлшері:

бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 24 912 теңге;

екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 29 453 теңге;

үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 33 951 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 38 493 теңге.

Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Егер әйел ресми түрде жұмыс істеп, екі жыл бойы әлеуметтік аударымдар төлеп келсе, онда босанғаннан кейін оған бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Мысалы, орташа айлық табыс 200 мың теңге болса, бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын 80 мың теңге төленеді.

Егер егіз немесе үшем дүниеге келсе, төлем әр балаға бөлек тағайындалады.

Сондай-ақ, жұмыс істейтін аналарға жүктілікке, босануға немесе жаңа туған баланы асырап алуға байланысты декреттік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы 12 айда МӘСҚ-ға аударылған әлеуметтік аударымдар негізінде есептелген орташа айлық табысқа байланысты болады.

Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы

Мемлекеттік жәрдемақының бұл түрі кәмелетке толмаған 4 және одан көп, немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа толмаған студент балалары бар көпбалалы отбасыларға төленеді. Жәрдемақыны тағайындаған кезде көпбалалы отбасылардың ай сайынғы кірісі есепке алынбайды.

2026 жылы оның мөлшері:

4 балаға – 16,03 АЕК немесе 69 330 теңге;

5 балаға – 20,04 АЕК немесе 86 673 теңге;

6 балаға – 24,05 АЕК немесе 104 016 теңге;

7 балаға – 28,06 АЕК немесе 121 360 теңге;

8 және одан көп баласы бар отбасыларға – 32,06 АЕК немесе 138 660 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК немесе 17 300 теңгеден.

«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері

Келер жылы наградталған аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы да артады. 2026 жылы «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 7,4 АЕК немесе 32 005 теңге төленеді. Ал «Күміс алқа» иегерлеріне 6,4 АЕК немесе 27 680 теңге жәрдемақы беріледі. Марапатталған аналарға жәрдемақы ай сайын бюджет есебінен төленеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 91 рет