Алдымен аудан әкімі Шымкент бағытынан Темірланға кіре берістегі арнайы қоршалған 4,5 гектар аумақты аралап көрді. Бұл аймақта ауданның көрігін келтіретін жасыл белдеу қалыптастыру үшін ағаштар отырғызылып, тамшылатып суару жүйесі тартылуда. Жоспарға сәйкес сәндік талдар, жапырақты және қылқан жапырақты ағаш түрлері, бұталар егіліп, көпжылдық өсімдіктермен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда бүгінгі күннің өзінде 500 ге жуық жас көшет егілмек. Азат Оралбаев мұндағы жұмыс барысын көріп, тал егу ісіне өзі де атсалысып, егілген көшеттердің жерсінуі мен олардың ұзақ мерзімді өсуіне қажетті күтім шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар аудан әкімі аумақты кеңейту мүмкіндігін қарастырып, лайықты көрнекі қақпа орнатуды, нысанға атау беруді және қосымша жеміс ағаштарын отырғызуды ұсынды. Ол талдардың уақытылы күтімін, қорғалуын тұрақты бақылауда ұстау керектігін атап өтті.
Бұдан кейін аудан басшысы Шәмші аллеясына қарама-қарсы орналасқан шатқал аумағындағы абаттандыру жұмыстарын тексерді. Қазіргі таңда шатқалдағы қыраттар тегістеліп, 3 гектардан астам жер гүлзарлар мен сәндік ағаштар отырғызуға дайындалған. Болашақта бұл аумақ тұрғындар мен қонақтар серуендеп, тынығатын ерекше демалыс орнына айналмақ. Жоспарға сәйкес мұнда шағын архитектуралық үлгілер, демалыс орындықтары, жарықтандыру жүйелері және ландшафтық дизайн элементтері орнатылмақ. Әкім нысанның жобалық жоспарымен визуалды әрі техникалық тұрғыда танысып, жобаны жетілдіру үшін бірқатар толықтырулар мен түзетулер енгізді.
Келесі кезекте Азат Оралбаев Темірланнан Ынталы ауылына бұрылыстағы үлкен аллея құрылысының барысын қадағалады. Бұл жерде жол жиегін абаттандыру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар жасау, спорт және ойын алаңшаларын орналастыру, гүлзарлар мен тал-теректерді отырғызу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар аллея маңында орналасқан жеке меншік нысандардың келбетін реттеу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жол бойындағы жарықтандыру бағаналары жаңартылып, жалпы аумақтың көркемдік талабына сәйкестендірілуде. Әрбір нысанда аудан әкімі мердігерлермен және жауапты бөлім басшыларымен нақты мәселелерді талқылап, орындалуы тиіс міндеттерді айқындап, жұмыстың нәтижелі әрі жүйелі атқарылуын талап етті. Азат Оралбаев Темірланның кіреберісі мен орталық бөлігінің заманауи келбетке ие болуы ауданның келбетіне тікелей әсер ететінін атап өтіп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеу қажет екенін жеткізді.
Осы тұста ордабасылықтар үшін тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісе кетсек. Таяуда ғана Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өткен ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне арналған дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» фестивалінде ордабасылық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрен бір топ азаматтар жоғары марапаттарға ие болды. Аталмыш шара өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін кеңінен танытуды, ауыл шаруашылығы саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттауды және аймақ өндірушілерін қолдауды мақсат етті. Іс-шара аясында өңдеу өнеркәсібінің көрмесі ұйымдастырылып, саладағы қазіргі жетістіктер, жаңа технологиялар және өңделген өнімдердің түр-түрі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының табысты нәтижелері көрсетіліп, өңірдегі бірнеше бастама үлгі ретінде таныстырылды.
Фестиваль жұмысына белсенді қатысқан Ордабасы ауданы өз өндіріс орындарының өнімдерін ұсынып, аграрлық саладағы даму келбетін көрсетті. Аудан өндірушілері жәрмеңкеге: 1 тонна асқабақ, 1 тонна пияз, құс етінен дайындалған өнімдер, табиғи сүт өнімдері сияқты жоғары сапалы тауарларын жеткізді. Бұл ауданның ауыл шаруашылығы бағытында тұрақты дамып, өнім көлемін және сапасын арттырып келе жатқанын дәлелдейді. Фестиваль барысында аграрлық саладағы елеулі еңбегі үшін Ордабасы ауданынан бірнеше азамат:
ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хаты – «Ақ қайың» АШӨК төрағасы Пралиев Асқар Есмаханбетович;
«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі – «Мадина» ШҚ төрағасы Тоқпанбетов Ержан Тансикович;
Жылдың үздік гидротехнигі – «Тұран су» ШЖҚ МКК ТМК Төрткүл учаскесінің инженер-гидротехнигі Сәмбет Сапарбай Рахымұлы;
Жылдың үздік агрономы – «Бадам» ӨК агрономы Тасболат Қайрат Жақсылықұлы;
Асыл тұқымды мал өсіруші – «Ортай» ШҚ төрағасы Аташев Мұқағали Омарбекұлы;
Өсімдік шаруашылығында инновациялық технология енгізген үздік маман – «Таймас-2024» ЖШС басшысы Серікбаев Төлеген Бахытович марапатталды.
«AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» фестивалі өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдерді насихаттауға және аграрлық мамандарды қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Шара ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат