Бейсенбі, 04 Желтоқсан 2025 14:08

Түркістан облысында жылыту маусымы талапқа сай өтіп жатыр

Түркістан облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының қалыпты өтуі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында. Апта басында өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тағы бір рет саралап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде көмір қоры жеткілікті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер толығымен жылумен қамтылған.

Қазіргі таңда облыстағы барлық қазандықтар температуралық кестеге сай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу беру процесі тұрақты түрде қамтамасыз етілген. Облыс бойынша көмір отынына қажеттілік 580,4 мың тоннаны құрайды, оның 515,6 мың тоннасы немесе 88 пайызы жеткізілген. Бюджеттік мекемелер 100 пайыз, жеке тұрғындар 95 пайыз қамтамасыз етілген. Жылыжайлардың қамтылуы 80 пайыз деңгейінде. Аудан және қалалардағы теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры жинақталған. Жылыжайлардың нақты қамтылуы 213,4 мың тонна болып отыр.

Облыста газбен жабдықталған елді мекендердегі 333 753 абоненттің 323 634-і газға қосылған. Ал 1 886 абонент түрлі себептермен қосылмаған, 8 233 абонент – бос учаскелер немесе құжаттары жоқ тұтынушылар. Бұл мәселе бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, жұмыстар Арыс және Кентау қалаларында күшейтілген. Аудан, қала әкімдіктері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалымен бірлесе отырып, газға қосылмаған тұтынушыларды толық қамту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Газ инспекциясы» мекемелері улы газдан уланудың алдын алу жұмыстарын күшейтті. Облыс бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 300 мыңнан аса нысан араланып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Оның ішінде 1 005 білім беру ұйымы, 594 денсаулық сақтау нысаны, 76 спорт нысаны, 265 мәдениет мекемесі, 23 жұмыспен қамту орталығы, 29 589 кәсіпкерлік нысан, 99 қонақ үй мен жатақхана, 205 монша, 271 886 жеке тұрғын үй және 1640 көпқабатты үй тексерілген.

Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес өңірде жылыту маусымы 148 тәулікті құрайды. Облыс аумағында жылыту маусымы ауа райына байланысты 15 қазаннан бастап 1 қарашаға дейін кезең-кезеңімен іске қосылғаны белгілі. Нақтырақ айтқанда, Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек, Созақ, Сайрам аудандарында жылу жүйелерін қазан айының 15-нен бастап қосылған болса, Кентау қаласында жылу 25 қазанда берілді. Сонымен қатар Түркістан және Арыс қалалары мен Мақтаарал, Жетісай, Отырар, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Келес, Шардара аудандары 1 қарашаға дейін жылу жүйелеріне қосылды.

Облыс орталығы Түркістан қаласында 18 қазандық пен ұзындығы 56,3 шақырым болатын орталықтандырылған жылу желісі жұмыс істейді. Бүгінде жылу қазандықтары 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына толық дайын. Оның ішінде 12 қазандық әкімшілік-іскерлік орталық пен Отырар шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, спорт, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және жұмыспен қамтуды үйлестіру салаларындағы барлық бюджеттік мекемелердің қазандықтары табиғи газға қосылған. Сонымен қатар қажетті отын қорлары жасақталып, жеткізілді. Жылу беру маусымы кезінде ақаулардың алдын алу үшін жедел әрекет ету топтары құрылған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 49 рет