Бейсенбі, 04 Желтоқсан 2025 11:58

Түркістан облысы: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жылдың 4 мезгілінде де жалғаспақ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте осы бағыттағы жұмыстар талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі мәлімет ұсынды.

Оның айтуынша, өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 32 945 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған. Бағдарлама аясында бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты бақылауда. Өңір басшысы жұмыс қарқынын түсірмеу керектігін айтты. – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар көктем мен жазда ғана емес, жылдың 4 мезгілінде де жалғасады. Әлі де тазалық бойынша мәселелер бар. Оны аудандарға іссапар барысында көріп жүрміз. Жұмысты жүйелей түсу керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Өткен ай соңындағы тазалық іс-шараларына тоқталсақ, Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Шара барысында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен бірге 18 тонна қоқыс жиналды. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінгі күнге дейін 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген.

Аймақта экологиялық мәселелерге қатысты хабарламаларды қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен. Оның 3 420-сы орындалған. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау тапсырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жыл басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның 317,9 млн теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында шара қабылдап, 2025 жылдың басынан бері 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 млн теңгені құрады.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау, сондай-ақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті арттыру. Жыл басында Президенттің қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өткені белгілі. Сонда сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы: – Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын!Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деген болатын.

«Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды: Аумақты тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау. Көгалдандыру: ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру. Су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және теңіздердің ластануымен күресу. Экологиялық тәрбие: Барлық жас топтары үшін оқу іс-әрекетін жүргізу. Қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу. Биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғау.

Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Таза қалалар мен табиғи ландшафттар туристерді тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Экологиялық жауапкершілік Қазақстанның халықаралық беделін арттырады. «Таза Қазақстан» акциясының болашағы өте оптимистік. Мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан экологиялық тұрақтылық саласында басқа елдерге үлгі бола алады. «Таза Қазақстан» бір реттік шара емес, мемлекеттің, бизнес пен азаматтық қоғамның тұрақты қатысуы мен қолдауын талап ететін ұзақ мерзімді бағдарлама екенін атап өткен жөн.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 38 рет