Бейсенбі, 04 Желтоқсан 2025 10:48

Түркістан: облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қысқы маусымға толық дайын

Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3919,04 шақырымды құрайды. Оның ішінде, бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін жолдар 1943,3 шақырым болса, таулы аймақтарда орналасқан, қар қатты басып қалу қаупі жоғары учаскелер – 434 шақырым. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 2025-2026 жылдар аралығындағы қысқы дайындық жұмыстарын «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүргізуде.

Түркістан облысында 2025–2026 жылдар аралығындағы қыс мезгілінде үздіксіз жол қатынасын ұйымдастыру және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 127 жұмысшы жұмылдырылуда және 70 дана арнайы техника толық дайын. Жолдарды дер кезінде тазалау және көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 6100 м³ құм, 860 тонна тұз дайындалуда. Сонымен қатар желтоқсан айына жеткілікті 2010 м³ құм және 490 тонна тұз қоры бар. Арнайы техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай отынымен қамтамасыз ету мақсатында жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалып, жалпы 25 тонна дизель, 15 тонна бензин отыны әзірленді.

Қыс мезгілінде тайғақ қаупі жоғары аймақтар белгіленді. Сол учаскелерге 760 «тайғақ жол» белгісі орнатылып, инертті материалдардың үйіндісі жасалды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және қажет жағдайда шұғыл іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында құзырлы органдармен бірлесе шұғыл әрекет ету іс-шара жоспары әзірленді. Сонымен қатар қосалқы мердігерлермен төтенше жағдай туындаған жағдайда күш және техникамен қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасалды. Жолдарды тәулік бойына бақылауда ұстау мақсатында кезекшілік кестесі бекітілді.

Ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға көмек көрсету мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 4 жылыту бекеті ұйымдастырылған. Нақтырақ айтқанда, Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» жылыту бекеттері, Созақ ауданында «Ащысай», «Таскөмірсай» жылыту бекеттері бар. Бұл жылыту бекеттерін жылы күйде ұстау үшін 70 тонна көмір дайындалып, тәулік бойына кезекшілік қойылды. Төсек орынмен толық қамтамасыз етілген әр бекет бір мезгілде 40 адамды қабылдай алады. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы үздіксіз жол қатынасын ұйымдастыру және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында.

Түркістан облысында 2025 жылы автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында 1 235,6 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырымы пайдалануға беріледі деп көзделуде. Бұл жайында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев қазан айында БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеген болатын.

Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 225,2 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, аудандық маңызы бар 130,7 шақырым көшеге, елді мекендердегі 885,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 140 елді мекенде жалпы ұзындығы 395,5 шақырым көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Биыл жыл қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 94,7%-ға жеткізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының сапасы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауында.  

Сонымен қатар, басқарма тарапынан қаржыландыруды қажет ететін 4 көпір және жалпы ұзындығы 132,6 шақырымдық 7 жолды күрделі жөндеуден өткізу жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Одан бөлек, жаңадан 33,4 шақырым жолға жоба әзірленуде. Айта кетерлігі, Түркістан облысы аумағында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуға 7 жол аймағы белгіленген. 2024-2025 жылдары Арыс қаласындағы Арыс-Темірлан, Арыс-Қабылсай жолдарына орнатылды. Биыл Сайрам ауданында Қарамұрт-Ақсукент автомобиль жолының бойына 2 жерге аталған станцияны орнатуға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жұмыстар басталған.

Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 83 рет