Сәрсенбі, 03 Желтоқсан 2025 16:48

Түркістан облысында қоқыс полигондарын реттеу, қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары күшейтілді

Түркістан облысының аумағында 128 қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон бар. Оның ішінде 35-і аудандық болса, 40-ы ауыл округінде орналасқан. Ал 50-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылып, алдағы жоспарлар мен өзекті мәселелер сараланды. Облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселені шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын талапқа сәйкестендіріп, оңтайландыру керек. Аудан, қала әкімдіктері сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Бей-берекет қоқыс орындарын алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Жауапты басқарма полигондарды тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлесін. Ал аудан, қала әкімдіктері жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы қажет, – деген облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы осы бағыттағы жұмысты дұрыс атқармай жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, уәждерін тыңдады. Нақты міндеттер жүктеді.

Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 10 айдың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру үшін арнайы 2024-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы 3 полигонның құрылысына облыстық бюджеттен 598 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоспарға сәйкес биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33-і жабылуы тиіс еді. Алайда аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмаған. Сондай-ақ 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру көзделген. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен Арыс қаласында – 3, Шардара ауданында – 3, Созақ ауданында 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 537,7 млн. теңге.

Бұдан бөлек, қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі, қайта өңдейтін 3 қондырғы қою көзделген. Осы бағытта Сарыағаш ауданындағы «Sadyk bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ механизмі арқылы қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруымен қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа лотогын дайындайтын қондырғысын алуда. «Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша, қалдықтардың қайта өңдеу үлесі 2025 жылға 31 пайызға жеткізу бекітілген. Биылғы жылдың 10 айымен 30%-ға орындалды. Келесі жылы қалдықтардың қайта өңдеу үлесін 33%- ға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапарының» түсірілімі нәтижесінде облыс аумағында 249 нүкте (16 ауданда) анықталып, бүгінде толық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 4–5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық пайда болады. Оның тек шамамен 15–18 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі, қалған бөлігі қоқыс полигондарына жиналады. Уақыт өте келе бұл полигондар экологиялық апат аймағына айналып, топырақ пен жер асты суларына зиян тигізеді. Экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғау жайлы білім емес, ол әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс әдет. Өкінішке қарай, көпшілік тұрғындар қоқысты сұрыптап тастауға әлі де бейімделмеген.

Қағаз, пластик, шыны сияқты қайта өңдеуге болатын материалдар жалпы қалдықпен бірге полигонға кетеді. Бұл жағдайдың негізгі себептері – қоқыс сұрыптайтын жәшіктердің жеткіліксіздігі, қоғамды ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі және тұрғындардың жеке жауапкершілігінің төмендігі. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу – экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Мысалы, пластик қайта өңделсе, ол жаңа тұрмыстық заттар мен құрылыс материалдарына айналады. Шыны шексіз қайта өңдеуге жарамды материал болып саналады. Ал қағаз қалдықтарын қайта пайдалану арқылы ормандарды кесу көлемін азайтуға болады. Егер қоқыс мәдениетін қалыптастырып, қайта өңдеу деңгейін арттырсақ, жаңа жұмыс орындары ашылып, табиғатқа түсетін зиян да азаяды.

Қорытындылай келе, қоқыс пен қалдықтарды басқару – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы біз табиғатты қорғап қана қоймай, келер ұрпаққа таза орта қалдырамыз. Әрбіріміз өз тұрмысымызда қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу мәдениетін ұстансақ, еліміздің экологиялық жағдайы әлдеқайда жақсарады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 107 рет