Дүйсенбі, 01 Желтоқсан 2025 23:57

Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында әр аптаның сенбі күні кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, тұрақты түрде жалғасып келеді.

Бүгінгі сенбілік барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар тас жолдардың бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерінде кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Таңертеңнен басталған шараға аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге 13 ауылдық округ пен қала әкімдіктері, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдер, жастар белсенді түрде қатысты.

– Мемлекет басшысының бастамасын қолдау және аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында тазалық жұмыстары қарқынды ұйымдастырылуда. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың борышы. Тазалықты сақтау – күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс. Туған жеріміздің тазалығы – өз қолымызда. Осы ретте баршаңызды «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді атсалысуға шақырамын, – деп аудан әкімі сенбіліктің маңыздылығын атап өтіп.

Сонымен қатар, аудан басшысы қала аумағын аралау барысында Сарыағаш қаласының әкіміне кәсіпкерлер арасында тазалық талаптарын сақтау бойынша ескерту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ салаға жауапты басшыларға сенбілікті ұйымдастыруды жүйелі түрде күшейту міндеттелді. Сенбілік барысында бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, жабайы шөптер шабылды, қураған ағаш бұтақтары кесілді, арық-атыздар қоқыстан тазартылды. Атқарылған барлық жұмыстар аудан аумағының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау, сондай-ақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті арттыру. Жыл басында Президенттің қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өткені белгілі. Сонда сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы: – Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын!Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деген болатын.

«Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды: Аумақты тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау. Көгалдандыру: ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру. Су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және теңіздердің ластануымен күресу. Экологиялық тәрбие: Барлық жас топтары үшін оқу іс-әрекетін жүргізу. Қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу. Биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғау.

Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Таза қалалар мен табиғи ландшафттар туристерді тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Экологиялық жауапкершілік Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.«Таза Қазақстан» акциясының болашағы өте оптимистік. Мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан экологиялық тұрақтылық саласында басқа елдерге үлгі бола алады. «Таза Қазақстан» бір реттік шара емес, мемлекеттің, бизнес пен азаматтық қоғамның тұрақты қатысуы мен қолдауын талап ететін ұзақ мерзімді бағдарлама екенін атап өткен жөн.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 38 рет