Анықталған бағаны негізсіз көтеру деректері өңірлік комиссияда қаралып, тиісті шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері өңірлік комиссияның 44 отырысы өткен. Нәтижесінде 62 дүкенге әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұл салынған. Түркістан-Шымкент-Сарыағаш бағытындағы күре жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін реттеу мәселесі де қаралды. Басқарма басшысының мәліметіне сәйкес, жол бойында 149 кәсіпкерлік нысан бар. Оның 85-і жөндеуді қажет етеді.
Нұрбол Тұрашбеков ұсынылған мәліметпен келіспейтінін айтты. Аудан-қала кесіндісі бойынша нысандардың санын қайта зерделеп, нақтылауды тапсырды. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесін жүйелі түрде ұйымдастыру маңыздылығын атап өтті. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповке аудан-қалалардағы күзгі ағаш отырғызу маусымының нәтижесін саралап, мәліметтерді сәйкестендіруді ескертті.
Ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков облыс аумағында мал қозғалысын тіркеу, кіріс-шығыс есебін жүргізу барысында кездесіп жатқан өзекті мәселелерді жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары хаттамалық тапсырмалардың орындалуын да тексеріп, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.
Жалпы, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы шаралар күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрғындарды қолжетімді өніммен қамтамасыз ету мақсатында мониторинг пен бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында әкімдіктің тұрақтандыру қорында жеткілікті көлемде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптастырылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 39 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары нарықтық бағадан 15-20% төмен саудалануда.
Сонымен қатар әр апта сайын облыс аумағында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен өнімдер нарыққа делдалсыз жеткізілуде. Нәтижесінде, тұтынушылар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан 20-30% төмен бағада сатып алуда. Әкімдік тарапынан ет өндіретін шаруаларға арнайы қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр етінің бағасы базарларда 2 600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр.
Жалпы, статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа және көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздегі ең төмен бағалар қатарында. Одан бөлек, «Береке Fest» акциясы өткізіліп, сауда желілерінде бағаның өсуін тежеу және төментеду мақсатында сауда үстемесі 10%-дан аспауға тиіс деген шартпен міндетті меморандумдар жасалды. Аталған акция барысында қала аумағындағы 14 супермаркетпен арнайы меморандумдар түзілді. Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар одан әрі жалғасатын болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат