Дүйсенбі, 01 Желтоқсан 2025 14:08

Түркістанда «Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясында жылдың үздік меценаттары марапатталды

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде облыстық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Шығармашыл жастар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясында жылдың үздік меценаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Бұл шара қайырымдылық жұмыстарын жандандырып, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтарды қоғамға кеңінен таныту, олардың ізгілікке бағытталған еңбегіне қоғамдық бағасын беруге бағытталған. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл меценаттардың еңбегіне алғысын білдіріп, марапаттарды иелеріне табыс етті. Сондай-ақ жиын барысында облыстағы ауыл-аймақтың өркендеуіне үлес қосқан жомарт жандардың атқарған игі істері ерекше аталып өтті. Олар бірқатар елді мекенде жаңа үйлер тұрғызып, балабақша мен мектеп салуға бастамашы болды. Ауылдарда мешіттер бой көтеріп, халықтың рухани өміріне жаңа тыныс берді. Мұндай қамқорлық – меценаттардың туған жерге деген шынайы жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Бұл азаматтардың «Адамдықтың басты белгісі – қайырымдылық пен мейірім» деген ұстанымдары әрбір азамат үшін үлкен өнеге.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін іс.  

Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген.

Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз қазақ халқына тән  ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің  жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу адамның адамдық белгісінің қасиеті.  Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен  акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр.

Қазақстан секілді этносаралық және дінаралық келісімнің өзіндік моделі қалыптасқан көп ұлтты мемлекетте қайырымдылық жасауға барлық негіз бар. Бұған  бірлік, бейбітшілік пен қайырымдылықты ту еткен еліміздегі діндер мен конфессиялар да септігін тигізуде. Бұл аз десеңіз, Конституциямызың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – ел байлығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға арнайтын мемлекет.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 43 рет