Жексенбі, 30 Қараша 2025 19:56

Түркістанда «Сhocolatine Кazakhstan–2025» халықаралық байқауы өтті

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері арасында «Сhocolatine Кazakhstan–2025» халықаралық байқауы өтті. Орта Азия елдерінен, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан 22 қатысушы бақ сынады. Үміткерлер екі модуль бойынша кондитерлік өнімдердің күрделі технологияларын орындады. Олардың жұмыстарын халықаралық кондитерлік қауымдастық сарапшылары бағалады.

Байқаудың қорытындысы бойынша Кіші жас санатындағы қатысушылар арасынан Бас жүлдені және Әлем чемпионатына жолдаманы Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі, «Кәсіпқой» санаты бойынша Бас жүлде мен жолдаманы Астана қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Махмұт Еркебұлан иеленді. Байқауда үздік деп танылған жеңімпаздар 2026 жылы Францияда өтетін Сhocolatine және Pain au Chocolat Әлем чемпионатына қатысады.

Жалпы, Түркістан облысында соңғы жылдары тамақ өнеркәсібі қарқынды даму үстінде. Инвестициялық жобалардың басым көпшілігі құрылыс саласы мен тамақ өнеркәсібіне тиесілі. Аталған жобалардың барлығы демографиялық өсімі жоғары облыс халқын жұмыспен қамтып, тұрмыс сапасының артуына септігін тигізуде. Осы тұста айта өтсек, бұл бағытта Төлеби ауданы – өнеркәсібінің негізгі бағыты жеңіл және тамақ өнеркәсібі. Бұл бағыттағы аудан потенциалы өте мол. Өнеркәсіп саласында ауданымызда 20 кәсіпорын, оның ішінде 2 ірі және орта кәсіпорындар, 15 шағын кәсіпорындар, 3 қосалқы кәсіпорындар жұмыс атқаруда. Олар: «Газпромнефть-Битум Казахстан» ЖШС, «ФудМастер-Шымкент» ЖШС, «Ақмаржан LTD», «Аққұм Астық», «Атамекен Корпорациясы», «Балмұздақ » ЖШС. Ауданымызда кәсіпкерлік саласында 7096 субъекті жұмыс істейді.

Аудан аумағында республикаға және алыс, жақын шет елдерге танымал «Балмұздақ» ЖШС-і орналасқан. «Балмұздақ» ЖШС-і өз өнімдерімен бүкіл Қазақстанды қамтып отыр. Сондай-ақ, өнімдерін көршілес шет елдерге де эскпорттауда. Серіктестік ұдайы заман талабына сай озық технологияларды ендіріп, балмұздақ өндірісі үшін қажетті барлық шикізатпен қамтамасыз етілген, арнайы талапқа сай сертификаттары бар. Бүгінгі таңда 200-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорында 50-ге жуық балмұздақ түрі өндіріледі. Бұған қоса, «Балмұздақ» ЖШС-і шоколад өңдейтін цехін іске қосып, отандық өнім «Түркістан» және «Perfetto» сауда белгісімен шоколад өндіру жұмысын қолға алған.

Сүт өнімдерін дайындайтын «FoodMaster» ЖШС орналасқан. «FoodMaster» – бұл жоғары сапалы отандық йогуртты қазақстандық нарыққа шығарған алғашқы кәсіпорын. Компания 1995 жылы Есік қаласындағы зауытты сатып алып, алғашқы қазақстандық йогурт шығарды. 1998 жылы Компания құрамына «FoodMaster Шымкент» ірімшік жасау зауыты кірді. Алғашқы кезде Оңтүстік Қазақстан облысының Көксәйек елді мекеніндегі FoodMaster компаниясының бөлімшесі ретінде құрылып, кейіннен «FoodMaster – Шымкент» сүт зауытына айналды. Компания жұмысын аудан көлемінде бастаған кезден бастап, ауыл халқы сүттерін осы мекемеге өткізіп, компанияның айнымас серіктестігіне айналды. 1998 жылы әлемге әйгілі шведтік «Тетра Пак» компаниясының жоғары технологиялық желілерінде ультра пастерленген сүтті өндіру бойынша Қазақстандағы тұңғыш зауыт кәсіпорынның құрамына кірді. Компанияның өнімдері барлық халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Өнім шығару сұрыпталымы мен көлемі үнемі өсуде. Зауыт тұрақты түрде тәулігіне 100 тоннаға жуық табиғи сүт өнімдерін өндіреді. Зауытта 120-дан астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын Түркістан облысы тұрғындарының күнделікті сүт жинауымен айналысатын 16 фермерлік шаруашылықпен және 16 жеткізушілермен ынтымақтастық жасайды.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітіліп, құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар биыл 10 айда өңірдегі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,1 есеге ұлғайды. Ал тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция тартылып 1,3 есеге өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгегі құрады. Өңір республикада алғашқы орында. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 105 %-ға жеткізілмек. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында жылды жоғарғы деңгейде қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы жалпы өнім көлемінің 13 %-ы Түркістан облысына тиесілі. Осы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 млрд. теңгеге немесе 21 пайызға өскен.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 39 рет