–Тарихи шаһарда «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Білімді жастар – ел ертеңі» атты көшбасшылар форумы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға әрдайым зор сенім артып, жауапкершілік пен тәртіптің маңызын ерекше атап өтеді. Президентіміздің «Жастарымыз отаншыл, білімпаз әрі жанашыр болуы қажет» деген сөзі бар. Ал білімді жастарды қолдап, әділетті қоғам орнатуда «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы зор. Сондықтан біз жастармен біргеміз әрі бастамаларын қолдаймыз. Қазіргі таңда Түркістан облысында жастар саясатын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ел Президентінің бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы – бір күндік акция емес, жастарды туған жерге деген сүйіспеншілікке, экологиялық мәдениетке баулитын маңызды жоба, – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы «Таза Қазақстан» жобасына үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар Түркістан облысының «Jas Turkestan» еріктілер ассоциациясының төрағасы Нұрболат Жүрсін сөз сөйлеп, жастардың экологиялық бастамаларға қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол еріктілер қозғалысының қоғам үшін маңызын көрсетіп, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін жеткізді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы өңірдегі белсенді жастармен бірге күзгі көшет отырғызу рәсіміне қатысты. Іс-шараның мақсаты – аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту әрі жастарды табиғатты қорғау бастамаларын кеңінен тарту. Айта кетсек, «Таза Қазақстан» бағдарламасына өңірдегі белсенді жастар белсене атсалысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосып жүр. Олар сенбіліктерге қатысып, көшет отырғызып, түрлі экобастамаларды жүзеге асырып келеді.
Биыл сәуір айында Президенттің қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өткені белгілі. Сонда сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы: – Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын!Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деген болатын.
«Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды:
Аумақты тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау.
Көгалдандыру: ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру.
Су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және теңіздердің ластануымен күресу.
Экологиялық тәрбие: Барлық жас топтары үшін оқу іс-әрекетін жүргізу.
Қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу.
Биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғау.
Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Таза қалалар мен табиғи ландшафттар туристерді тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Экологиялық жауапкершілік Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.«Таза Қазақстан» акциясының болашағы өте оптимистік. Мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан экологиялық тұрақтылық саласында басқа елдерге үлгі бола алады. «Таза Қазақстан» бір реттік шара емес, мемлекеттің, бизнес пен азаматтық қоғамның тұрақты қатысуы мен қолдауын талап ететін ұзақ мерзімді бағдарлама екенін атап өткен жөн.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат