Жексенбі, 30 Қараша 2025 11:31

Түркістанда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық «Білімді жастар – ел ертеңі» атты құқықтық тәрбиелік көшбасшылар форумы ұйымдастырылды

Түркістанда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық «Білімді жастар – ел ертеңі» атты құқықтық тәрбиелік көшбасшылар форумы өтті. Достық үйінде өткен шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткен шара барысында заң саласы, тәртіп, азаматтық міндет пен мемлекет алдындағы жауапкершілік жөнінде маңызды бағыт-бағдар берілді. Форум аясында пленарлық сессия өтіп, еліміздің құқықтық жүйесі мен қоғамдық-саяси саласында еңбек етіп жүрген жетекші тұлғалар сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.

Пленарлық сессия барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жастардың қоғамдағы рөлі, ел болашағына қосар үлесі мен мемлекеттік саясаттағы жаңа басымдықтар жөнінде ой қозғап, облыста жастардың құқықтық мәселелерін шешуде, оларды қолдауда бірқатар шаралар жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын жеткізді. Ал Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев Экономикалық құқық бұзушылықтар, қаржылық қауіпсіздік, жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту және жастардың бұл бағыттағы жауапкершілігіне тоқталса, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов заңның үстемдігі, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тұшымды ақпарат берді. Сонымен қатар «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті Есентүгел Елеукен жастарға мотивациялық ой айтып, шығармашылық пен көшбасшылық қабілетті дамыту жөнінде кеңестерімен бөлісті. Ол табысқа жетудің басты тетігі – өзіңе сену, үнемі іздену және қоғамға пайда әкелетін іспен айналысу екенін атап өтті. Форум қатысушылары сұрақ-жауап алаңында спикерлермен ашық диалог жүргізіп, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Шара соңында белсенді қатысқан жастарға арнайы сертификаттар табысталды.

Қоғам адамзат өркениетінің біліміне, адамгершілік-этикалық нормаларына тікелей қатысты дамиды. Біздің бүгінгі тәуелсіз қоғамымыз бен егемен еліміздің негізгі үміті – жастар. Жастарға сенім арту – барлық қоғамға тән құбылыс. Жастардың білім алу, мамандық таңдау, рухани ұстанымдарын қалыптастыру, қоғамдағы өз орнын табу секілді әлеуметтік кезеңдерден өтуі – өмір заңдылығы. Бүгінде жастардың қоғамдық - саяси рөлі ауқымды реформалар кезінде күшеюі барлық халыққа тән. Себебі, жастардың жаңа жағдайға бейімделуі немесе жаңашылдыққа ұмтылысы жоғары деңгейде болғандықтан қоғамдағы өзгерістерден шет қала алмайды. Жалпы,  қоғамның дамуы, болашағына деген сенімді көзқарастың қалыптасуы сол қоғамдағы жастар және жастардың әлеуметтік - мәдени ұғымдық болмысымен тікелей байланысты. Бұл орайда, қоғамның басты қозғаушы күші саналатын оларды тиімді пайдаланып, дұрыс жол сілтеуде жастар саясатының маңызы зор.

Жастар белсенділігі қоғамдық жүйенің дәрежесіне, елдегі саяси-әлеуметтік реформаларға, демократиялық бетбұрыстарға, мәдени құндылықтарға, ұлттық дәстүрге тәуелді, яғни жастар белсенділігінің әр кезде мәдени құндылықтық негіздерін анықтап отырудың заңдылыққа айналуымен байланыстырылады. Сонымен бірге, жастар белсенділігі қоғам мен билік арасындағы ал-шақтыққа тосқауыл қоймақ ниеттен, құбылмалы әлеуметтік-мәдени ортада өз құқығын қорғамақ шешімнен, жаңа қауымдастықта өз орны мен рөлін қалыптастырмақ талпыныстан туындайды. Осындай сыртқы және ішкі әлеуметтік-мәдени бағдарға байланысты жастар туралы түсінікте, жастар белсенділігінің қалыптасуы мен ол туралы көзқарастардың әрқалай қабылдауы және таралуы табиғи құбылыс. Жастардың әлеуметтік-құндылықтық бағдарына ықпал ететін көптеген факторлар бар.
Атап айтар болсақ, олардың қызығушылықтары, қалыптасатын ортасы, діни түсініктері, халықтың салт-дәстүрі, мемлекеттің ұстанымы т.б. – жас ұрпақтың мәдени бағдарына әрқалай ықпал етуде.

Қазіргі нарықтық жағдайда құндылық туралы түсініктер мен бағыттар өзара үйлесе бермейді де, сол алшақтық белгілі бір деңгейде жастар арасында құлдырауға тап болғандығы да шындық. Мұның басты себебі ретінде, жастардың өркениеттілік, мәдениеттілік тұрғысынан өзіндік үлгісінің ауытқушылығы деуге болады. Сонымен бірге, төл мәдениетіміз бен құндылықтарымыздың негізін құрайтын салалардың әлсіреуі, ұлттығымызға жат әрекеттердің кеңінен таралуына түрткі болуда. Сонымен қатар, еліміздегі ұлтаралық, дінаралық, конфессияаралық тұрақ-тылық пен төзімділікті сақтап қалу да барынша маңызды мәселелердің қатарына жатады. Жастардың құқықтық және рухани құндылықтары жастарды өз халқының рухани мәдениетіне бағыттауы, мемлекетіміздің тарихи өткеніне баулуы, қоғамдағы келісім мен бейбітшілікті нығайту жас ұрпақтың отаны үшін мақтан сезімін қалыптастыруы тиіс. Патриотизм, адамгершілік, шеберлік, жауапкершілік сияқты жеке қасиеттерді иеленуге ұмтылуды ең бірінші міндетке айналдыру қажет.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 118 рет